Тауар таңбаларын құқықтық қорғау және оны тіркеу шарттары

Қазақстан Республикасының 1999 ж. 16 шілдедегі «Патент туралы» Заңына сәйкес:
2-тарау. Тауар таңбасын құқықтық қорғау және оны тіркеу шарттары
4-бап. Тауар таңбаларын құқықтық қорғау
1. Қазақстан Республикасында тауар таңбаларын құқықтық қорғау осы Заңда белгiленген тәртiпте оларды тiркеу негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай тiркеусiз берiледi.
2. Тауар таңбаларын құқықтық қорғау кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын кез келген заңды тұлғаларға немесе жеке тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
3. Тауар таңбасына құқық куәлiкпен куәландырылады.
4. Тауар таңбасының иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзiне тиесiлi тауар таңбасын пайдалану мен оған иелiк етудің айрықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар таңбасын оның иесiнiң келiсiмiнсiз ешкiм де пайдалана алмайды.
5-бап. Тауар таңбасы ретiнде тiркелетiн белгiлер
1. Тауар таңбасы ретiнде бейнелеу, сөз, әрiп, цифр, көлем белгiлерi және өзге де белгiлер немесе бiр тұлғалардың тауарлары мен қызметтерiн басқа тұлғалардың бiртектес тауарларынан немесе қызметтерiнен ажыратуға мүмкiндiк беретiн олардың аралас үлгiлерi тiркелуi мүмкiн.
2. Тауар таңбасы кез келген бояулы түсте немесе бояулы түстер үйлесiмiнде тiркелуi мүмкiн.
6-бап. Тауар таңбасын тiркеуге жол бермейтiн абсолюттiк негiздер
1. Ажыратылатын реңкi жоқ белгiлерден ғана тұратын:
1) тауарлардың белгiлi бiр түрiн белгiлеу үшiн жалпыға ортақ қолданысқа енген;
2) жалпыға ортақ қабылданған рәмiздер мен терминдер болып табылатын;
3) тауарлардың түрiн, сапасын, санын, қасиетiн, мақсатын, құндылығын, сондай-ақ олардың шығарылған немесе өткiзілген жерi мен уақытын көрсететiн;
4) тiркеу талап етiліп отырған тауарлардың табиғи немесе нобайлық кескiнделуiн көрсететiн;
5) бояулы түстi ғана бейнелейтiн;
6) тауарларды немесе көрсетiлген қызметтердi белгiлеу үшiн пайдаланылатын олармен тiкелей сипаттық және (немесе) ұқсастық байланысы бар;
7) сызықтарды, нүктелердi, қарапайым геометриялық фигураларды, сондай-ақ олардың бiртұтас кескiндемелiк қисындасуын құрмайтын және әрбiр жеке құрамдық элементке қарағанда қабылдаудың сапалық жаңа деңгейiн бермейтiн үйлесiмiн бiлдiретiн;
8) сөздiк сипаты жоқ, кәдiмгi қарiппен орындалған және тiлдiң (әрiптердiң және (немесе) цифрлардың, белгiлердiң) үш жеке бiрлiгiнен кем қисындасуынан тұратын жеке цифрларды, белгiлердi немесе әрiптер үйлесiмiн бiлдiретiн;
9) нысаны оның тек қана функционалдық мiндетiне байланысты үш өлшемдi объектi болып саналатын;
10) жарнамалық сипатта болатын;
11) егер сөздердiң әрбiр жеке құрамдас бөлiгiнiң айырмашылық қабiлетi болмаса, ал олар бiрiгiп қабылдаудың сапалық өзге деңгейiн бермесе, күрделi жасанды құрылған сөздердi бiлдiретiн;
12) ұйымдардың, экономика салаларының жалпы жұрт қабылдаған қысқартылған атаулары мен олардың аббревиатураларын бiлдiретiн;
13) патенттелмейтiн дәрiлiк заттар болып саналатын тауар таңбаларын тiркеуге жол берiлмейдi.
Көрсетiлген белгiлер тауар таңбасында басымдық жағдайда болмаса, оның қорғалмайтын элементтерi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
2. Мемлекеттiк елтаңбаларды, тулар мен эмблемаларды, халықаралық ұйымдардың қысқартылған немесе толық атауларын және олардың елтаңбаларын, тулары мен эмблемаларын, ресми бақылаулық, кепiлдiк және сынамалық таңбаларды, мөрлердi, олимпиадалық рәмiздердi, наградаларды және басқа да айырым белгiлерiн, сондай-ақ араласып кеткен дәрежеге дейiн оларға ұқсас белгiлердi бейнелейтiн белгiлер тауар таңбалары ретiнде тiркелмейдi.
Егер белгi солардан ғана тұратын болмаса және егер оларды пайдалануға тиiстi құзыреттi органның немесе олардың иесiнiң келiсiмi бар болса, мұндай белгiлер қорғалмайтын элементтер ретiнде пайдаланылуы мүмкін.
3. Тауар таңбалары немесе олардың элементтерi ретiнде:
1) тауарға немесе оның жасаушысына қатысты жалған болып табылатын немесе жаңылыстыруы мүмкiн белгiлердi, оның iшiнде тауар шығарылған жерге қатысты жаңылыстыруы мүмкiн географиялық көрсеткiштердi;
2) тауар шығарылған нақты жердi үстiрт түрде көрсететiн, бiрақ тауар басқа аумақтан шығарылғаны туралы қате түсiнiк беретiн;
3) минералды суларды, шараптарды немесе күштi спирт ішімдiктерiн бiрыңғайландыратын географиялық көрсеткіштер болып табылатын немесе оларды қамтитын белгiлердi, осы жерден шығарылмаған сондай тауарларды белгiлеу үшiн, сондай-ақ егер аударма пайдаланылса немесе белгiде "түрiнде", "үлгiсiнде", "стилiнде" деген немесе басқа да осындай сөздер қоса жазылса, сол белгiлердi;
4) өзiнiң мазмұны жөнiнен қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен iзгiлiк принциптерiне қайшы келетiн белгiлердi тiркеуге жол берiлмейдi.