Сыздық сұлтан Кенесарыұлының Ташкенді қорғауы
1865 жылы генерал Черняев Ташкенді қоршады. Он күннен кейін Шортөбеде ұрыс болып, сонда Әлімқұл молдаға оқ тиіп, дін жолында шаһид болды (Әлімқұл Шайхан тәуір зияратына жерленген еді, екі жылдан кейін туыстары сүйегін Ферғанаға алып кетті). Әскері жеңіліп, Ташкенге бекініп алды.
Әлімқұл молда қазаға ұшырағаннан кейін Қоқан әскері қожырап, бір бөлігі Қоқанға қайтып кетті, қалғандарының аттары мен киімдерін ташкендіктер тонап алды. Бұл кезде ташкендіктер мен қоқандықтар тек бірін бірі тонап, әрқайсысы қолына түскенін олжалаумен болды. Бұл жағдай көргеннен кейін Сыздық сұлтан өз жігіттерін, жақын көрген дос-жар адамдарын – Кішіктің баласы Арысланбек сұлтан мен жалайыр Бекбау датқаны жинап алып, қала дарбазаларына барды. Дарбазалардың бәрі де ашық, күзетшілер қашып кеткен. Оны білмеген Черняев қаланы алыстан атқылып жатқан. Сыздық сұлтан Ташкенді он екі қақпасының бәрін де (Ташкеннің қақпаларының аттары: Бесағаш, Қоймас, Юлдарыс, Қоқан, Қашғар, Лабзақ, Қарасарай, Сағдат, Жеғатай, Кукчи, Самарқан, Камелан оны Қашанан де те атайды) топырақпен көмдіріп, әрқайсысына өз адамдарынан күзет қойды. Кешке қарай ол Әлімқұл молданың ордасына қайтып оралды. Черняев та түнейтін жеріне қайтқан еді.
Бұдан кейін Ташкен халқының жиналысы болып, онда бас қазы мода Сәлибек ахунд, Хаким қожа және басқа да басшы, беделді адамдар Сыздық сұлтанды Әлімқұл молданың орнына әмир ләшкар етіп сайлап, Қоқан хандығы мен қазынасын оның қарамағына берді (Әлімқұлдың қатты бақылауында болған Қоқан ханы сұлтан Сейіт бұл күндері Ташкенде еді, енді Әлімқұлдың орнына Сыздық хан қамқоршысы болған). Содан кейін Сыздық сұлтан үш күннің ішінде қызмет орнындағы адамдардың барлығын да ауыстырып, әр жерге де қолынан іс келер деген адамдарды қойды. Қоқан жігіттерін қайта жинап, олардың тоналған аттары мен киімдерін қайтартты, сөйтіп барлық әскерді соғыса алатын халге келтірді.
Төртінші күні генерал Черняев Әлімқұл молданың қаза болғанын, Қоқан әскерінің қашып кеткенін естігеннен кейін Ташкеннің дарбазаларына жақындап келіп, зеңбірекпен де, мылтықпен де атқыза бастады. Үш күн бойы ол қаланы алуға бар күшін салып, күнде ертеден кешке дейін дамылсыз мылтық, зеңбірек атумен қатар барлық дарбазаларға өршелене шабуыл жасады. Тақи болмаған соң Черняев генерал қасындағылардан: «Әлімқұл молда өлді ғой, енді кім осынша ерлікпен соғысып жатыр?» деп сұрағанда, олар: «Әлімқұл молданың орнына бас әскербасы болып сұлтан Сыздық тағайындалған, қазір сол соғысып жатыр» дейді. Сонда генерал: «Бұл адам да сірә Әлімқұл молдадан кем түспейтін болғаны ғой» депті.
Бір жеті өткеннен кейін ұрыс қайта басталып, бұрынғы қалпымен жүріп жатты, күн құрғатпай жүрген соғыс қырық күнге созылды. Сыздық сұлтан ертеден кешке дейін жауды зеңбірекпен де, мылтықпен де атқылап, түнде, таң атқаннан кейін де дарбазалардың бәрін де өзі аралап сақтық етті. Сыздықтың бұл ісін көрген Қоқаннан келген әскердің басшылары өзара ақылдасып: «Орыстар қаланы ала алмайтын шығар, ал олар кетсе, мына қазақ төресі Ташкен мен Қоқанды өзі билеп, біз далада қаламыз ғой» деп, ақыры Сыздықты өлтіруге сөз байласады. Мұны біліп қалған ташкендіктер өздерінің барлық басшы адамдарымен Сыздыққа келіп: «Бұл қоқандықтар опасыз халық! Өздерінің хандарын өлтіріп жаман үйренген бұлар сол істі бізге де істегісі келеді. Бізге сол қоқандықтарды ұстап алып өлтіруге рұқсат ет» дейді, бірақ Сыздық сұлтан олардың бұл айтқандарын мақұл көрмейді. «Жау жағадан алып тұрғанда, басталастық етіп өзара қырылысуымызға болмайды. Оның бер жағында қоқандықтар ашықтан-ашық жау болып шыққан жоқ қой» деді.
Бірақ Сыздық сұлтанның көңіліне күдік кіріп қалған еді. Содан кейін ол басқа бір амал ойлап тапты. Ташкендіктердің басшы адамдарының бәрін жинап оларға: «Қоқандықтардың іштей жау екенін білдік. Бізді мықты жау – орыс әскері қамап жатқаны мынау. Осы қиын жағдайдан шығу үшін Бұхар әмірінің қоластына кіріп, одан көмек сұрайық» деді. Жиналғандардың бәрі де осы ақылды мақұл көрді. Содан кейін Сыздық Бұхараның әмірі Әбүлмұзаффар ханға тарту таралғыларымен елші жіберді, оған Ташкеннің лауазым иесі адамдарынан бас қазы Хаким қожа, Ишан Әбілқасымхан, Гусфендуз мағзұм, қазақтардан шанышқылы руынан молда Көшек датқа, дулат руынан Төртбай датқа және басқалар кірді. Бұхараның әмірі бұлардың тілегін қабыл алып, басқару үшін өзінің Тайшыбек деген тоқсабасын, қасына бес жігіт қосып жіберді. Тоқсаба келгеннен кейін Сыздық Ташкенді басқаруды оған тапсырып, Орданы тастап шықты.
Сыздық сұлтан орнынан түскеннен кейін дарбазаларды күзету, басқа да әскери тәртіп босаңсып, соғыс әрекеттері де күннен күнге азайып, ақыры Тайшыбек тоқсаба келгеннен кейін көп ұзамай-ақ Черняев таң алдында шабуыл жасап, Кемелан дарбазасы арқылы кіріп Ташкенді алды.
(Мақала 1889 жылы Сырдария об. санақ комитетінің қолдауымен С.И.Лихтин типо-литографиясында жарық көрген «Кенесары және Сыздық сұлтан» атты жазбадан алынды).
Дайындаған Рүстем Нүркен