Бөкей ордасының 45 жылдық ғұмыры



Бөкей ордасы Еділ мен Жайық өзендері аралығында 1801-1845 жылдары аралығында қоныс тепті. Ол кейде Ішкі орда немесе Бөкей хандығы деп те аталды.
XVIII ғасырдың аяқ шеніне таман Кіші жүзде Қаратай, Жантөре, т.б. ел билеуші сұлтандардың бір-бірімен таққа таласып өзара қырғи-қабақ болуы және ұлттық езгінің күн санап күшейе түсуі халықтың ауыр тұрмыс-тіршілігін одан бетер күйзелтіп жіберді. Кіші жүз қазақтарының түгелге жуығы тіршілік етуге қолайлырақ ауа райы жайлы, жері шұрайлы басқа жерлерге көшуді көкседі. Сондай тәуір саналған қолайлы жерлердің бірі – Жайық пен Еділ арасындағы Нарын құмы болды. Бұл өңірді қалмақтар жаугершілік заманда тастап шыққаннан кейін ешкім қоныстанбаған болатын. “Қалмақ аймағы” деп аталған осы жерге Кіші жүз қазақтарының аңсары ауып, тіршіліктерін түзеу үшін үлкен үміт артты.
Мұны білген Бөкей сұлтан өз ыңғайына қарай оңтайлы пайдаланып қалды. 1801 жылдың басында ол Нарынды өзіне тұрақты қоныс етіп бекітіп беру жөнінде орыс патшасы Павел І-ден рұқсат сұрады. Павел І өзінің 1801 жылғы 11 наурыздағы жарлығымен Бөкей сұлтанның өтініш-үзірін орындады. Ресей үкіметі бұдан ұтпаса, ұтылған жоқ. Біріншіден, Кіші жүз екі иелікке бөлінді. Демек, ол саяси жағынан әлсіреді деген сөз. Екіншіден, Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы ашық аймақтағы сауда жолдары мейлінше қауіпсіздендірілді. Содан барып, Ресей үкіметінің Қазақстанға әскери-саяси ықпал жасау өрісі кеңейе түсті.
1806 жылы патша жарлығы негізінде Орданың нақты бөлініс шекарасы, сонымен қатар халық жиналатын, жәрмеңке орындары белгіленді. 1808 жылы шілденің он жетісі күні патша жарлығымен Бөкей ордасы Астрахан әскери губернаторы мен Орынбор шекаралық комиссиясының қарауына бағындырылды.

Патшаның жолдаған пәрменінде ол Ресей империясының қол астына көшеді делінгенімен, Бөкей сұлтан Жайық пен Еділ аралығындағы тіршілік етіп жатқан қазақ руларын өзі басқарды. Әуелде ордадағы түтін саны бес мыңдай болса, ал 1812 жылы 7500, 1819 жылы 8500, 1825 жылы 10490 үйге жетіп, халық саны 50 мың адамнан асты.
1815 жылы Бөкей хан қартайып, қайтыс болды. Мұрагері Жәңгір ер жеткенге дейін хандық билік уақытша Бөкейдің туысы Шығай сұлтанның қолына көшті.
1823 жылы таққа Жәңгір отырды. Ол хандық билікті барынша нығайтуға күш салды, елдегі басқару әкімшілігінің құрылымы өзгертілді. Орталықтан басқарылатын жүйеге сай жергілікті әкімшілік құрылды. Әрбір ірі немесе бірнеше ұсақ рудың басшылығына Жәңгір ет жақын туыстарын, өзіне шын берілген елге танымал сұлтандар мен беделді билерді қойды. Ру ішіндегі тармақ-тармақ болып бөлінетін руларды старшындар басқарды. Тағайындалған ру басшылары – старшындарды Орынбор шекаралық комиссиясы бекітіп отырды. Оның әкімшілік орталығы – Орда қаласы 1826 жылы салынды.
Бөкей ордасын жан-жағынан орыс әскерлерінің көптеген әскери бекініс шептері қоршап жатты. Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда, мұнда тауарлы-ақша қатынасы басым болып, кеңінен өрістеп-өркендеді. Ордада егіншілік саласы күшейіп, қарқын ала түсті. 1840 жылы хан ордасында балаларға арналған бастауыш қазақ-орыс мектебі ашылды.
Аталған аймақта 1836-1837 жылдары Исатай Тайманұлы бастаған бұқара көтерілісінің жалыны жер-жерді шарпыды. 1845 жылы Жәңгір хан дүние салғаннан кейін қазақ сахарасындағы хандық үкімет жойылды. Хандықтың орнына енді Ішкі орданы басқару жөніндегі уақытша кеңес құрылып, оған орыс елінен жіберілген жоғары лауазымды патша шенеуніктері басшылық ете бастады.
Дайындаған Рүстем Нүркен