Көшім ханың ұрпағы Қорғалжында тұрады
Алдымен Көшім ханның қайдан шыққаны туралы тарихи мәліметтерге көз жүгіртсек, Көшімнің Сібірді бағындырудағы басты жорығы ұлы керуен жолының бір саласы Қараөткел өңірі Есіл даласынан басталды деуге негіз бар. Бұл әлі маман тарихшы зерттеушілер тарапынан бір ізге түспеген тақырып. Десек те орыс дерек көздері Көшімді қазақ даласынан келді деп бір ауыздан мойындайды. Оған дәлел, атақты тарихшы Н.Карамзиннің «Ресей мемлекетінің тарихы» атты еңбегінің 9-томында Көшімді қазақтың (қайсақтың) ханы Мұртазаның баласы деп жазғанын айта аламыз.
Сондай-ақ, Сібірдің Есип жазбаларында (Есепская летопись) «Көшім қазақ ортасынан келді» деп анық көрсетілген. Әйгілі Сібір тарихының білгірі Г.Миллер де «Көшім қазақ оратсынан келіп, Сібір хандығын құрды» деп жазады.(«Сібір тарихы 1-том, 196 бет»)
Жоғарыдағы тарихи деректер былай десе, тіптен зерттеуші П.Набельсин Көшімді қол бастап, оңтүстіктегі Есіл даласынан келіп Сібірді бағындырғанын айтыпты. Бұл аз десеңіз, Ш.Уәлиханов, Қазан университетінің профессоры И.Березинге жазған хатында «Көшім қазақтың сұлтаны болған еді» дейді.
Бұдан шығатын қорытынды, Көшім қол бастап барып, Сібірді бағындырып, өз билігін жүргізген Қараөткел, Есіл бойының ұланы. Көшім Сібір хандығын орнатып қана қойған жоқ, патшалы Ресей империясның шығыс-оңтүстікті отарлау саясатына қомақты тосқауыл жасады.
Көшімнің хандығы жайлы Протауз және Эфроның құрастырған Энциклопедиялық сөздігінде: «Көшім сібірде 1563 жылы хандығын орнатты. Ертіс, Тобылдың бүкіл аумағын биледі» – делінсе, орыс тарихшысы А. Оксенов: Искер қаласының бас мешітінде Көшімді ақ киізге көтеріп хан сайлады. Хандығының белгісі ретінде алтын, күміс монеталар құйды. Ол Түмен мен Сібір ханы болып жарияланды, – дейді (А.Оксенов «Ермакка дейінгі Сібір патшалғы» 26-бет) Ал орыстың географиялық Қоғамының негізін қалаған белгілі ғалым А.Лепшин 1832 жылы жарық көрген «Тарихи хабарлар» атты еңбегінде Сібір хандығының негізін қалаған Көшімнің әскері орта жүздің қыпшақ және арғын руларынан құралғанын жазады.
Бұл дерек көздері сол тұстағы қазақ руының қоныстанған географиялық көрсеткіші бойынша, Есілдің біз сөз етіп отырған аумағын меңзеп тұрғанын аңғаруға болатын сияқты.
Сонымен, патшалы Ресей империясы үшін дәл іргесінде орнаған Көшім хандығы алып державаның тыныштығын бұзды. Жағыдайдың шиеленісуіне басты себеп, жоғарыдағыдай, орыстың отарлау саясатына Көшімнің келтіріп отырған залалы болса керек. Ақыры Ермактың жорығы басталды.
Бұл туралы «Үлкен Совет энциклопедиясының» алғашқы басылымында: «1581-1584 жылдары Ермак отряды жүрген жерін қанға бояп, Сібірге жол тартты. Көшім ханды құлатты» деп, Ермакты Сібірді бағындырушы ретінде мақтап, ерлігін атап өтіпті.
Осылай жеңілген Көшім ханның өзі туған Есілге шегінгені туралы Гранттың атақты «Энциклопедиялық сөздігінде» айтылыпты. Көшім хан 1598 жылы Қорғалжын даласында қайтыс болып, аудан орталығынан батысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан Бытығай кесенесіне жерленген. Бұл туралы нақты деректі Н.Карамзиннің «Ресей мемлектік тарихы» атты еңбегінен (11-том, 332 бет) көре аламыз. Онда: «Көшім Қорғалжын өзенінің бойында талқандалды…» деп, оның үрім бұтағы 1598 жылы 20 тамызда Патша әскерлерінің тұтқынына түскені көрсетілген. Екіншіден, Ермак бастаған патша әскерімен қазақ қосындарының шайқасы туралы ел ауызында сақталған «Сәтбек батыр» атты дастан бар. Ондығы батырлардың өлімі мен шайқас туралы сюжеттері де жоғарыдағы пікірімізді дәлелдейді.
Н.Карамзиннің баяндауынша тұтқындалған Көшімнің үрім бұтағын 1599 жылдың қаңтарында Борис Годунов салтанатты қабылдапты. Әр түрлі жағдайларға қатысты бұлардың бір тобы христиан дінін қабылдап, орыс ақсүйек қыздарына үйленсе, бояр балаларына тұрмысқа шыққандары да бар көрінеді.
Бірақ, осы Көшімнің 17 ұлының 3-еуі Қорғалжын даласы Есіл өңіріне оралған. Олардың атты: Қанай, Көкай, Есей. Бүгінде Қорғалжында Қанайдын ұрпақтары өмір сүрсе, Көкай, Есей деп аталатын өзен, көлдер бар. Үшеуі әке кегін қуып хандықты қайтаруға азды-көпті әрекет жасаған екен. Бұл жайлы Г.Миллердің «Сібір тарихы» атты еңбегінде Көшім балаларының Тобол, Түмен, Курган қамалдарына әскери жорық ұйымдастырған деген дерек бар.
Сөзіміздің түйіні, Алтын Орда мемлекетті ыдырағанда Қазақ хандығымен қатар құрылған, Сібірдегі Көшім патшалығы 20-дан астам жыл өмір сүріп, тарихта ізін қалдырды. Бұл патшалықтың кейінен Орта Азияны жаулаған Ресей отаршылығына қарсы тұрған ең алғашқы күш ретінде тарихтан орын алатыны сөзсіз.
Ерлан Алтай