Түркістан жұртын үрейде ұстау үшін дерб

Ресей отарлаушылары: Түркістан жұртын үрейде ұстау үшін дербес тыңшылық ұйым құрды



Ресей ХІХ ғасырдың екінші жартысынан кейін Түркістан өлкесіне үстемдігін толық орнатқан соң жаңадан салық жүйесін енгізді. Оны «Қара шығын» деп атады. Салықтың қандай бір мөлшері тоқтатылмады. Үй, отау, жан басы, тұяқ ақысы, шар ақысы, болыстық сайлау ақысына т.б. салық түрлеріне ояздың атынан жылу жинау әдеті қосылып заңдастырылды. 1894 жылы төтенше жағдай туғанда халықтан салық жинау туралы Ішкі қауіпсіздік министрі бекіткен рұқсаты, уақыт өте келе қайткен күнде орындауға тиіс «парызға» айналды. Салық жинаушылар тұрғындардың санын азайтып көрсетіп, артық жиналған салықты шенеуніктер өзара бөлісіп алып отырды. Ол аздай 1908 жылы полицияның жанынан Омбы, Қызылжар, Верный, Әндіжан, Семей, Ташкент, Орал, Орынбор қалаларында тыңшылар бөлімі ашылды. Аталмыш бөлімнің міндеті – елдің ішіне үрей тудырып, жансыздар арқылы мал табу болды.
Жетісу қылмысты тексеру бөлімінің бастығы ротмистр Железняков қол астына Поротников басқарған дербес тыңшылық тобын ұстады. Олар мұсылмандардың арасына ірткі салу, беделді, білімді дін иелеріне ашық жала жабу ісімен шұғылданды. Отарлаушылар онымен қоймай, қазақ-өзбек тұрғындарын үнемі үрей құшағында ұстау үшін, 1905-06 жылдары Ресейдің оңтүстік губернияларында бас көтерген үкіметке наразы басбұзар крестьяндарды алып келіп Түркістанға төкті.
Әрі бұлардың тез арада байып, қанаушы мәртебесін алып, помещикке айналуына мүмкіндік туғызды. Күшейіп алған бұл бейбақтар Түркістанның негізі халқына айтқанын істетті. Көнбегендерді жазалады, қажет болса өлтіріп те тастай алды. Тіпті қажет болса сұлу әйелдерді де тартып ала берді. Маңайына жергілікті жұрттың сатқын тілмаштары мен жасырын тыңшыларын, ашкөз саудагерлерін, қарақшыларын жинады. Орыстар жергілікті халық адам емес, төрт аяқты хайуан, бұларды ұрып-соғып, тонауға болады, деген пиғылда өмір сүрді. Отарлаушылардан зорлық көріп, әбден жаба шеккен жұртты миссионер Остроумов пен Лыкошиндер күшпен шоқындыру ісімен айналысты. (Сафаров Г. Колониальная (опыт Туркестана) Ташкент, 1921, с.18-19)
Түркістандықтарға көрсетілген зорлық-зомбылық 1917 жылы өмірге келген Кеңес үкіметі кезінде өз жалғасты түрде жүргізіліп жатты. Өлкедегі большевиктердің жергілікті халыққа жасаған зорлық – зомбылықтары туралы Мұстафа Шоқай: «Ақмешіттен Ташкент бағыты бойынша Жөлек (Бәйгеқұм), Шиелі, Жаңақорған, Түркістан, Арыс және т.б. жерлерде жергілікті халық өкілдерінен кездестім, адамдардың бәрі орыс солдаттар кеңесінің жасаған қиянаты жайында шағым айтты. Бұрынғы пристав, жандармдардың жасаған зорлық-зомбылығы орыс солдаттары кеңесі өкілдерінің қиянатымен салыстырғанда «баланың ойыны» сияқты көрінеді…» деп жазады.
1917 жылдың ақпан және қазан революциясынан кейін өлкедегі саяси жағдай өзгеріп, Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды (1918-1925 ж.ж.). Сол жылдар ішінде, нақтыласақ, 1924 жылы ТАКСР ұлттық – территориялық межелеуі салдарынан Орта Азиялық төрт жаңа мемлекет пайда болды. Сырдария мен Жетісу облыстары Қазақстан аумағына өтеді де, қалған облыстар Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің құрылуына негіз болады. Бұл ұлыстар 1991 жылы Кеңес Одағы құлаған тұста жеке-жеке шаңырақ көтеріп, алды 300, арты 150 жылдық бодандық құрсауынын құтылып, тәуелсіз ел болды.
Бекен Қайратұлы