Құрбанғали Халид: Шала молда дін бұзар, надан сопы ел бұзар
Қазақ тарихының көне сүрлеуінен бері тартып, патшалық Ресейдің отарлау кезеңіне шолу жасайтын, сондай-ақ, еліміздің шығыс-оңтүстік өңір қазақтары мен шекарасының арғы бетінде орналасқан Шәуешек қазақтарының өмір-тарихын жазған Құрбанғали Халидтың «Тауарих-и хамса-йи шарқи» (Шығыстың бес елінің тарихы) атты туындысы бар. Бұл кітап алғаш 1910 жылы Қазан қаласындағы «Өрнек» баспасында жарық көрген. 1992 жылы туынды А. Жолдасовтың тәржімелеуімен Алматы қаласында жарық көрді. Осы тарихи шежіреде жазылғандай қазақ жерінде дәстүрлі ислам дінін бұзу үшін отарлаушылар тарапынан жасалған іс-әрекеттерді жариялап отырмыз.
…Қазақ билері өз білгендерінше, өз ережелеріне сай ерекше үкім шығарса да, ол шариғаттан асып алыс кетпейді, сондықтан оны ешкім де айыпқа санамайды. Бірақ бұл күнде, ол билердің көпшілігі бұрынғы өзі тұтқан жолдарынан айырылып, өздерінің ептеген білгендерін де ұстамай екі жолдың ортасында қалды. Бұл тарихтан бір-екі дәуір ілгерірек, яғни 60-70 жылдар бұрын Түркістанда болған билердің, әкімдердің тұтынған жолдарын ойға алып таразыласақ, бұл тайпаның билері ғажап әділетке бейім болғандығын байқауға болар еді.
Бүгінге дейін билер әр іске бар қабілет ынтасымен қарап, тіпті бұрынғыдан да асып түсіп жатушы еді. Бірақ басшылары лайықсыз болғандықтан үкім шығаруға тәуекел ете алмайды. Олар орағытып кетуге жүрексінеді.
Қазақ билері бұл күнде шариғат жолын тұтпай, өздерінің бұрынғы білгендерінен де айырылып жүргендерінің себебі, бұлардың далада жүріп білімнен кенже қалғандығы. Екіншіден, Ресейге әскерге барудан тартынып, Қазақстан арқылы Ташкент, Бұхарға дейін қашып жүрген және ауылдардағы жасырынып өтірік молда болып жүрген ноғайлардың кесірі. Себебі олар өз білгенінше аңғалдығынан мұнау шариғат деп жұртқа түсіндіргендіктен қараңғы халық бір сөзін теріс демей нана берді.
Осыдан «шала молда дін бұзар, надан сопы ел бұзар» деген қағида пайда болған. Әр жерде әртүрлі кереғар дәлелдемелер шыға берген соң 1858 жылы Орынбор муфтиі үкіметтің үлкен жиындарына қатынасып, ел ішін реттеу үшін «Указной молда» сайлатып, патша өкіметінің бұйрығы шығарылды. Ол молдалардың істерін тексеріп тұру үшін округ охуны, облыс ахуны және мухтасибтар (есепшілер) тағайындалды. Бірақ бұл тағайындалған кісілердің көпшілігі указной молдадан білімі артық емес. Сондықтан бұл реформаның (исламхат) пайдасы шамалы болды. Сонда да болса қазақ ауылдарына әр болысқа бір-бірден ноғайдан молда тағайындатып алу үшін ақша жинап беріп Уфаға қатынасқа шықты.
Молдалар күймелермен желдіртіп, указдарын алып, мойындарына шынжыр баулы сағат салып тойлап қайтқандай болып келіп, кетіп жатты. Низам (ереже) бойынша туу туралы куәлік дәптер, туған, өлген, неке, талақ сияқты істі тіркеп отыру үшін арнайы қағаздарымен рұқсат алып келді. Бұл сөз біреуді мақтау, біреуді даттау емес, хақ сөз құлақ салуға керек.
Қағаз алған молдалар сондай бір істер істеді: онымен не дінді, не дүниені ұстай алмайсың. Бір адам өлсе указной молда болмаса, яки оның атынан біреу бармаса жаназа оқымай кейбір жағдайларда өлікті сасытып, обалына қалмайық деп біреулер жаназа оқып қойса, ол адам қуғынға ұшырайтын болды. Оны – указной молда қайда жүрсе де тапсырып алып жазалатып, штраф (бодау) төлетіп, айып төлетіп, әуіре ететін болған соң, тіпті жаназаға ешкім жоламай, указной молданы қай көрге кіріп кетсе де іздеп табу ақы иесінің мойындарында үлкен бір борыш болды.
Указной молда келген соң, мәйіт иесіне ерік бермей молдаға зәкет етесің, підияға мынаны бересің, құранға мынаны ұсынасың, жаназаға мұны төлейсің деп ойына келгенін істейді. Тіпті, қашан болса да бір өлім деп хал үстінде жатқан адамдардың підияларын тірілей алуға айналды. Бұған бір мысал келтірейік. Бір адамның атасы ауырып қиын жағдайда жатқанда пәленшенің өлігі сияқты шіріп, сасып, бейнамаз (жаназасыз) қойылмасын деп, ат жетектеп указной молдаға келеді, указной оған бір шәкіртін қосып береді. Шәкірт басында жалпақ үкілі қалпақ, белінде күміс белдік, қалтасында шақша, өлеңдетіп жырлап ауылдан шығады. Жолшыбай жолдасына былай дейді:
– Сен пәленше, мен барған соң атаң өлсе жақсы, егер өлмесе, бұл ыстықта келгенімнің жазасын саған тарттырамын.
Бұл сөзді естіп, әлгі бейшара атасының өлім қайғысы есінен шығып, «құдай-ай атам өлсе өлсін, мынаның дертіне душар қыла көрме» дейтін күйге жетеді.
Қазақ әуелде көп еңбектеніп молдаларын алса да, соңынан өкініш етіп, әбден арланғандықтан ақындары өлеңге, әйелдері жоқтауға қосып, указной молдаларды ел ішінен қууға айналды.
Ел ішінде жесір деп, әйелдерді ескі заманнан мирас етіп алу әдеті бар. Бұл қазақ ішіндегі үлкен бір маңызды мәселе болған еді. Молдалар бұған шектен тыс қатты араласқан еді. Ерлі әйел бір есептен өкпелеп, мен ерімді сүймеймін, бастан-ақ риза емес едім, арманым пәленше еді десе, лезде өз ерінен айырып, екінші біреуге жетектетіп жіберуші еді. Ерге шықпаған қыз, мен атам берген кісіге бармаймын, жасымда бермекші еді, енді бой жеттім, есім кірді десе болғаны, басқа ерге беріп жіберіп, олардан пара олжалайды. Бұлар осылайша көпке тиетін зиянның зардабынан гөрі бас пайдасын артық көрді.
Бұл указной молдалар ешқандай шариғатпен санаспай, ақыл парасатымен таразыламай, ешбір низамға салыстырмай тамағынан өткендеріне алданды, адалдықтан бүтіндей бас тартып, ардан жұрдай болып, ақшаның келер жолына көз тігумен күндері өтті. Осылайша Қазақстанды ат шабатын алаңдай тоздырды. Жергілікті жерлерде аздаған көзі ашық оқығандары болғанымен, келген указной молдалардың тозаны бұларды басып кетті. Халықтың указной молдалардың үстінен берген шағымдарына ахун, мухтасибтер құлақ аспады. Сөздерін ілтипатына алмады.
Орынбор мүфтиі де өз дережесінде көріне алмады. Себебі указной молдалардың ісін ахундарға тапсырғанда, тексеру барысында адалдық айтылмады. Себебі олардың указной молдалармен жетігі бір еді. Сол үшін муфтиге указной молдаларды ақтап мәлімет түсіреді. Өкімет болса, халықтың муфтиден, молдалардан әбден безер болғанын көріп отырып, рухани іске үкімет мекемесі араласпайды. Низамда бұл жоқ деп, указной молдаларына дұрыстығын айту былай тұрсын астынан от қойып, үстінен үрлеп, олардың істеген кәсібіне өздері мәз болып, рахаттанып отырушы еді.
Жергілікті ел молдалары белдерін берік буып, намыс жалауын көтеріп неше жерден арыз жазып, ақшалар шығындап, ақырында муфтидің қабылдауына жетіп, осылайша он жылға жетер жетпес өлгендерге билік жүргізген указной молдаларға тиым салынды. Осының нәтижесінде алдыңғы өздері ұстаған қағидаларынан айырылып, мына бүгінгі шариғаттан да ештеңе білмей қалып екі ортада қалып қойды. Бұл екі ортада ел арасында дінсіздік туды деп, указной молдалар уағыздауға шықты, ал халық, әсіресе қазақ халқы муфтиден бас тартты. Молда керек емес деді. Осылайша діннен безді деп айыптау басталды. Бірақ мен бұл сөздерге қосылмайтын себебім указной молдалардың істеген істері, адам шыдап тұра алмас шектен шыққан, халықтың намысына тиетін, қорлайтын, көрмегендер нанбайтын бір ылаң қылмыс болды.
Қазақты айыптап жүргендердің қаншасын көріп жүрміз, сәл іске дауласып шариғат үкіміне риза болмаса үкіметке жүгіреді. Жер мен өлім дауы барлық ұлттарға бірдей бола тұрса да, бұлардың қасында қазақ үшін бәрінен зоры әйел дауы. Сол үшін көп көңіл бөлуді талап етеді. Әр нәрсенің уақыты, орны бар. Бұрынғылардан қалған «жылы-жылы сөйлесең жылан іннен шығады, қатты-қатты сөйлесең мүсылман діннен шығады» деген нақыл бар. Егер молдалар халықты аз-аздап көндіріп адамгершілікке бастаса, халық мұншалықты ашынбас еді. Өздері де азық тауып, бала-шаға, ұрпақтары да дәурен сүріп жүрген болар еді.
Талақ тастау хабары айтылғаннан кейін, әйелге үш кезең ғиддада (сенімде) отыруы міндетті. Яғни әйелдің етек кірінің үш рет қайталануына дейін үйінде отырады. Құранның аятында көрсетілген мұндағы мақсат, ғидда мезгілінде кейбір семьялар қайта табысып кетеді және осы кезеңде әйелдің аяғы ауыр екендігі анықталады. Құранның осындай тиым салуына қарамай, указной молдалар ғиддада отырған әйелді өзгелерге жетектетіп жіберу сияқты сорақылықтары да болған. Кейіннен ру, ел болып бұл қазаққа әдейі жасалған қастандық деп дәлелденіп, указной молдалардың кетуіне себеп болды.
Дайындаған Рүстем Нүркен