СССР мен Германия тізе қосып соғысқан



Суретте: Германия мен СССР әскері қатар тұр
«Қазақ әдебиеті» газетіне жазған «Ойланбай сөйлеу – ойдың жұтаңдығы» атты мақаласында Ғаббас Қабышұлы: «Қанша қазақ қатысса, бәрі өз еркімен барды» дей келе, Ұлы Отан соғысын жоққа шығаруға болмайтынын айтады. Ал телеарналардың біріне берген сұхбатында Таласбек Әсемқұлов осы соғыс туралы айта келіп: «Бұл – әділетсіз соғыс болды» дейді.
Әркімнің өз пікірі бар ғой. Бірақ сол пікір біліммен бекітіліп, зиялылардың тұжырымдарымен тұздықталып тұрса, жақсы. Болмаса, қаңбақ секілді жеңіл сөз кімге керек? Мәселен, «9 мамыр – қаралы күн» дейтіндер бар екен. Жарайды, пікір болған соң, бола береді дейік. Ал, бірақ қаралы күн дейтіндей ол күні не болып еді?
Ол күні СССР-дің қоспағанда АҚШ-тың, Ұлы Британияның, Францияның, Чехияның қалаларында мерекелік шеру болды. Өйткені, бүкіл әлемге қауіп төндірген фашистік идея тізе бүккен еді.
Рас, қазақта қаралы күн болуға лайық күн жетеді. СССР-дің қолтаңбасы қалған күндерді белгілей берсең, күнтізбе шұрық тесік болатын шығар. Бірақ зұлматтың аяқталған күні ол күнге қалай тартсаң да, кірмейді. Оған ешбір негіз жоқ.
Енді Таласбек Әсемқұловтың сөзіне келейік. Қазақтың тарихына терең бойлаған, сөздің салмағын бір қазақтай-ақ білетін дегдар осы бір ауыз сөзді бекерден бекер айтпағаны анық.
Жақында lifeinvest деп аталатын танымдық портал «Ұлы соғыс туралы бес маңызды Советтік миф» («Пять главных советских мифов о Великой Войне») атты зерттеу мақаласын жариялады. Сондағы тақырыбымызға сәйкес, әйгілі соғыстың қаншалықты әділетсіз басталғанын дәлелдейтін бірер деректі келтірейік.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста, СССР-дің позициясы Фашистік Германия жақта болыпты. Расында да, тарихты қарайтын болсаңыз, солай. 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Сол күні Фашистік Германия Польшаға басып кіреді. Ал 17 қыркүйек күні Польшаның батысынан СССР әскері кіреді. Сөйтіп, көп ұзамай екі жақтан қысып, бір елдің тас-талқанын шығарады да, 28 қыркүйек күні Германия мен СССР шекара туралы келісім жасайды. (Ал біз оқыған тарихта СССР үшін соғыс 1941 жылдың 22 маусымында басталатын еді ғой?)
1939 жылдан кейін СССР құрамына қанша ел қосылғаны, жері қалай кеңігені сол кездегі тарихи кітаптарда да жазылған болар. Батыс Украина мен Батыс Белорусия, Молдава, Литва, Латвия, Эстония…
Енді осы жерде бір сұрақ туындайды. Кеше ғана өзін күшпен басып алған елдің мүддесі үшін қандай халық жанын салып соғысуы мүмкін? Жазалау отрядтары мен репрессияны көрген, тура біз сияқты жұрт еді олар да. Осы тұста мақала авторы Украинада болған 1933 жылғы аштықты да еске ала кетіпті. Олар да тура біз сияқты…
Әй, бірақ біз бәрібір басқа екенбіз. Өйткені, СССР Екінші дүниежүлік кезінде басып алған осы елдерді Германия бір жаздың ішінде оп-оңай басып алды. Сол жылғы жаз туралы немістер кейін: «Алдымызда жау жоқ, артымызда тыл жоқ» деп суреттейді екен. Яғни, бос жатқан дала деген сөз. Фашистен сәветтің не артықшылығы бар екенін түсінбеген жұрт қарсылық көрсетіп жарытпаған (мақалада қашқан делінеді).
Ал, біз ше? Содан тоғыз жыл бұрын ұлы аштыққа ұрындырған, үш жыл бұрын бетке ұстарларымызды атқан үкіметті тастап кеттік пе? Жоқ! Германия Мәскеуді әне-міне басып алады деген кезде Қазақстанда жасақталған И. Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы Мәскеу түбінде қайталанбас ерлік көрсетіп, жаудың бетін қайтарды. Одан соң да аянбай соғысып, көптен бері қару ұстамай кеткен қазақ халқынан небір батырлар шықты. Совет одағының батыры атағын алған, алмаған, тіпті аттары аталмай кеткен ерлер қаншама.
Қазақ үшін соғыстан да қорқынышты нәрсе – сөзден тайқу, сатқындық шығар деген ой келеді осы жерде. Олай емес деп кім дәлелдей алады?
Қазақ осындай ер мінезді болғанмен, Мәскеуде отырған большевиктер барып тұрған сатқын еді. О баста-саны аз, қарусыз ұлттарды алдап көндірді, көтеріліссіз басып алды. Башқұртстанмен келісім жасап алып, артынан сөзінен тайып кеткенде, келісімді алға тартқан Зәки Уәлидиге Ленин былай дейді: «Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді». Бұл деректі діні берік қазақ пен қуыс кеуде большевикті салыстыру үшін айттық. Ғаббас Қабышұлының мақаласындағы «Большевик» деген сөз сол кейбіреулер үшін «фашизм» деген сөзден әлдеқайда жиіркенішті» деген жолдар бар. Фашистті қазақ соғыста ғана көрсе, большевикті дар ағашының алдында көрді ғой. Сондықтан да қазақ большевикті қанша жек көрсе де, ешкім ендігіде ештеңе дей алмайды ғой деп ойлаймын…
Дегенмен, жоғарыда айтқандай, қазақтың қаны төгілген соғысты ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, әлемге қауіп төндірген идеяға барша адамзатпен бірге қазақ та қарсы тұра білді. Адамзат қарсы тұрды дегеннен шығады, біздің оқулықтарда Германияны СССР жеңді деп оқытады ғой. Бірақ мұхитта қаншама кемесі батқан Ұлы Британия империясының үлесі айтылмайды. Одан да қызығы, АҚШ-тың СССР-ге жіберіп отырған материалдық көмегі туралы өмірі естіген де емеспіз. Керек болса, сәвет жауынгерлері, оның ішінде қазақтар да бар, АҚШ-та жасалған ұшақпен соғысқан екен. Бұл да бір жасырылған шындық…
Таласбек Әсемқұловтың «әділетсіз соғыс» деп баға бергені әділетті екеніне барған сайын көз жеткізе түсесіз. Ол үшін, мынадай бір жағдайды елестетіңіз: аздаған жыл бұрын ғана аштық кезінде бір әулеттен бір-ақ отбасы қалған, сол үйдің әкесі қудаланған, енді ер жеткен жалғыз ұл соғысқа аттанып барады. Әділеттілік пе?
P.S: Соғыс деген уралаған ұран ғана емес, жеңістің тәтті дәмі ғана емес. Соғыс деген – қасірет. Ал Ұлы Отан соғысы қазақ үшін – XX ғасырда қаптап келген қасіреттерден кейінгі кезекті бір қасірет. 9 мамырда сол қасіретке нүкте қойылғанына шүкір.
Арман ӘЛМЕНБЕТ