Сыздық сұлтанның Әбдүмәлік төреге көмек беруі


Шәһрисәбіз бектері Бабабек пен Жорабек әмірді орыс жағына шығып кетті деп оған бағынбай қойды, олар әмірдің баласы Әбдүмәлік төрені хан көтерді. Ғиссар, Күләби, Қаршы атраптарынан әмірге қарсы әскер жинады, Сыздық сұлтанға да, әмірге қарсы соғысуға болады деп көптеген мүфти, қазылар қол қойған қағазбен елшілер жіберді. Сыздық пен Назар қазақ арасынан әскер жинап Нұратаға барып, оны алды. Бұл арада Әбдүмәлікпен соғысып жатқан әмірдің әскері бас көтерген қалалардың Шәһрисәбізден басқаларының бәрін де алып, енді оны да қоршаған еді. Сыздықтың Нұратаны алғанын естігеннен кейін әмір оған қарсы бес мың сарбаз бен сегіз мың атты әскер жіберді. Бұл әскер Керменеге келгенде Сыздық пен Назар да сол қалаға қарай жүрді. Әмірдің әскері бұлардың алдынан шығып, екі әскер кездескен жерде мылтықпен де, зеңбірекпен де атыса бастады. Сыздық сұлтан мен Назар батыр кенет бар әскерімен қарсы шауып барып тап бергенде Бұхардың атты әскері дереу қаша бастады, ал сарбаздар зеңбіректерімен орнында қалып, елші жіберіп, ұрыспай қолға түсті. Сарбаздар осылай еткенін көрген соң атты әскер де қайтып келіп, қолға берілді. Сөйтіп Сыздыққа он үш мың әскер қосылды.
Сыздықтың бұл жеңісін естігеннен кейін Бұхар әмірі оған қарай тағы да он мың әскер жіберді. Сыздық пен Назар Керменеден оларға қарсы шығып, кездескен жерде әмірдің әскер басшылары Сыздық сұлтанмен келісімге келу жайында сөйлесе бастады. Олар: «Біз әмірдің бұйрығы бойынша сізге қарсы шықтық. Егер сіз өзіңіз әмір болмай, тек Әбдүмәлікті әмір қойғыңыз келсе, онда біз соғыспай, сіздің жағыңызға шығамыз» деді. Сыздық оларға өзінің әмір болуда ойы жоқ екенін, Әбдүмәлікті әмір қою үшін соғысып жүргенін айтты. Содан кейін Бұхардың әскер басшылары Сыздық жағына шықты, Сыздық оларға лауазым, қызмет беріп, жаңадан қосылған он мың әскермен Керменеге қайтты.
Бұл хабарды алғаннан кейін Бұхар әмірі өзінің жақын деген басшы адамдарымен кеңесіп, оларға: «Әбдүмәлік пен Шәһрисәбіз бектері не дегенмен өзіміздің адамдарымыз ғой. Егер менің тағыма мына қазақ хандарының ұрпағы, Түрікстаннан келген Сыздық отырар болса, одан тақты қайтарып алу бізге оңай болмайды. Сондықтан ең алдымен Сыздықтың көзін жоюымыз керек» деді.
Әмірдің бұл ақылы басқаларға да ұнады, сондықтан олар Шәһрисәбізді жайына қойды. Осыдан кейін Әбдүмәлік төре, Бабабек уәллами мен Жорабек әмір әскерінің соңынан бар әскермен жүріп, Қаршиға дейінгі елдің бәрін өздеріне бағындырды. Осындай қиын жағдайда қалған соң әмір Кауфман генералға: «Бір жағынан өз ұлым Әбдүмәлік, екінші жағынан Сыздық сұлтан тағыма хәуіф төндіріп тұр, көмек беріңіз» деп өтініш хат жазып елші жіберді.
Кауфман генерал үш мың әскермен Қаршиға барып, Әбдүмәлікті қашуға мәжбүр етті. Сыздық сұлтанға қарсы көп әскермен әмірдің өзі шықты. Бұл хабарды естігеннен кейін Сыздық сұлтан да әскерін жинап, Керменеден әмірге қарсы шығып, келесі күні Зарафшан дәриясының Үзіліс дейтін өткеліне жетті. Әмір де арғы жақтан келіп, әскерін дәриядан өткізе бастады. Екі жақ та бірін бірі көріп тұр. Сыздық сұлтан әскерін өткелден бір таша (Бұхардың ташасы – сегіз шақырым шамасында) жерде ұрысқа даярлай бастады. Әмір алдымен өзеннен әскерін өткізіп, сарбаздар мен түркмендерді жанында ұстады. Бұхардың атты әскері жақындай бергенде Сыздық өзінің атты әскерін өткізіп, сарбаздар мен түркпендерді жанында ұстады. Бұхардың атты әскері жақындай бергенде Сыздық өзінің атты әскеріне қылыштасуға бұйрық беріп, бірден шабуылға шықты. Әмірдің атты әскері болар-болмас қарсыласқаннан кейін қашып, өткелден әрі өтіп кетті. Мұны көргенде әмірдің өзі де қашпақшы болып атына мініп еді, дегенмен, Сыздықты бөгеу үшін өзен жағасына сарбаздары мен түркпендерді жіберді. Олар өткелден өтуге беттеген Сыздық әскерлерін мылтық атып кейін шегіндірді.
Сыздық сұлтан қосына қайтқанда, оның Кермене мен Нұратадағы және солардың маңындағы қыстақтардан жинап алған әскерлерінің бәрі қашып кеткенін, қарамағында мың қаралы адам қалғанын көрді. Сонсоң Сыздық Назармен, басқа да әскер басшыларымен ақылдасып: «Ана елдерден жинап алған адамдарымыздың бәрі үйлеріне тарап кетті, мың қаралы ғана қалыппыз. Әмірді жеңіп, Бұхарды алған күнде де ондай үлкен елді бағындырып ұстай алмаймыз. Әбдүмәлік, Бабабек, Жорабектерден көмек түгіл, өздерінің қайда жүргендері де белгісіз. Алдымен солардың бір хабарын біліп, бірге қосылғаннан кейін ғана Бұхарға беттейік» деді. Осыдай қаулы алғаннан кейін Сыздық сұлтан Нұратаға шегінді.
Онда барғанда бұлар орыс әскерінің Әбдүмәлікті біржола жеңгені туралы хабар алды. Сыздық сұлтан мен Назар енді Үргеніш жолына шықты.Жол үстінде Сыздық ауырып, Қызылқұм ішіндегі Боқан тауларында үш ай жатты.
Тәуір болғаннан кейін ол Үргенішке барып, ханға сәлемдесті. Хан оны жақсы қарсы алып, дәрияның шығыс жағындағы, Боқан тауларына дейінгі көшпелі елдердің, қазақтар мен қарақалпақтардың басшысы етіп қойды. Оның пайдалануына (дастарханына) Патша сайрам бағы дейтін отыз танап (Хиуаның танабы – 900 шаршы сажин) пен бір арықтан алынатын түсімді берді.
Сыздық сұлтан сол жерде Хиуа ханына қарасты, дәрияның оң жағындағы көшіп жүрген барлық қазақарды басқарып төрт жыл жүрді.

Мақала 1889 жылы Сырдария об. санақ комитетінің қолдауымен С.И.Лихтин типо-литографиясында жарық көрген «Кенесары және Сыздық сұлтан» атты жазбадан алынды).