Мұхтар Мағауин. Салқам Жәңгірдің қазасы
«Кезекті ойрат-қазақ соғысының ең үлкен нәтижесі – 1652 жылғы қанды майданда сайыпқыран Салқам Жәңгір қазаға ұшырауы. Бұл тұрғыдан алсақ, Қазақ Ордасының жарым әскері қырғын тауып, жалғыз Жәңгір аман шыққаны біз үшін әлдеқайда тиімді болатын еді.
Қазақ Ордасының тарихында Салқам Жәңгірден бұрын он үш хан өтіпті. Соның алтауы ат үстінде, жорық жолында қаза тауыпты. Салқам Жәңгір он төртінші хан екен. Жетінші шәйіт екен. Ұлыстың мерейі үшін, ұлтының болашағы жолында жан қиған ерде арман жоқ. Бірақ сайыпқыран Салқам Жәңгір қазасы – төрт жүз жылдық Қазақ Ордасының тарихындағы ең ауыр қаза.
Салқам Жәңгірдің қаны ат жалынан асып, қара жерге төгілген күннен бастап алаш ұлының бағы қайтты. Қазақ Ордасы тайғақ тарихтың бетбұрыс кезеңінде көреген көсемнен, ұлы қолбасыдан айрылды. Жер ортасында да жетпеген Салқам Жәңгір енді бір он жыл жасаса, Қазақ Ордасының әскери құрылымы ғана емес, шаруашылық, экономикалық тыныс-тіршілігі де басқа бір арнаға түсетін еді. Туған әкесі Есім ханның жолын берік ұстаған, әкесінің ағасы Тәуекел ханның мұрат-мақсатын кәміл ұққан, сол замандағы орыс деректерінде айтылғандай, қазақ әскерін «вогненный бой» – от қарумен жарақтай бастаған Салқам Жәңгір жасы озық бастасы, Иранның арыстаны Аббас шах сияқты, өз жұртының қауіпсіздігін ғана емес, жағырапиялық ортасына сай болмыс-бітімін де айқындап кететін еді.
Салқам Жәңгірдің алдындағы ендігі бір міндетіміз – оның қазасына қатысты жаңсақ мағлұматты теріске шығару.
Зая-Пандитаның ғұмырбаянында»: «Бұл соғыста Өшірті-Шешен-ханның ұлы он жеті жасар Ғалдама жекпе-жекте Жәңгір ханды өлтіріп, айрықша ерлік танытты», – деп жазылған. Кейінгі орыс тарихшылары бұл деректі сол қалпында қабылдайды. Қазақ тарихшылары да ешқандай күмән келтірмейді. Кейбірі Ғалдаманы Қалданға айналдырып жіберді. Болмаған оқиғаны одан ары өңдеп, жетілдіріп, Қалдан мен Жәңгір жекпе-жегін жарым күнге созып сыпаттаған жазармандарымыз да бар. Қайткенде де, бұрынғы-соңғы тарихи әдебиетте Жәңгір хан жекпе-жекте өлген болып шығады.
Қай заманда да, жекпе-жекте басым түсу – үлкен абырой. Сонымен қатар, жекпе-жекте өлу намыс емес. Ердің бағы, істің сәті шешеді деген мұндайда. Мыңнан озып, сайысқа дауалаған қайратты ердің қазасы ақ өлімге, абыройлы өлімге баланған. Алайда, Салқам Жәңгірдің жан тәсілімі мүлде басқаша жағдайда болғаны күмәнсіз.
Қай тарихта, қай соғыста ел ұстаған хан жекпе-жекке шығыпты! Тым құрыса, ертегі-аңыздардағыдай, өзі дәрежелес ханмен емес, қарашы бекзадамен қалай түседі? Ежелгі салт бойынша, ұрыс алдында жеке сайыс тілеген жанкешті ерлер ат ойнатып шықты дейді. Ер болса да, жат түгілі, өз жұртына танылып үлгермеген қалмақтың жас баласына қарсы шабар, соның қолынан өлер қаймана бір қазақ табылмап па! Жаудың жел көзіне сеніп, сайыпқыран Салқам Жәңгір ханды екінші мәрте, жүзінші мәрте қайта өлтірдік.
Сайыпқыран Салқам Жәңгір халқының болашағы жолында ғана қару ұстады. Ақыры, қым-қиғаш ұрыс үстінде, жаппай жағалас кезінде қаза тапты. Сауытты садақ бұзған шығар, көбені найза тескен шығар, дулығаны қылыш шапқан шығар… Бірнеше найза, бірнеше қылыш қатарынан да тиюі мүмкін. Қиян-кескі ұрыс кезінде пәленді пәлен өлтірді деп айту қиын. Батыр жаудан өледі деген қазақ. Жаудан өлу – ер мұраты. Жәңгір жаудан өлді. Қалмақтан өлді деп нақтылап айтады халық аңыздары. Бұл сөзде мақтан мен құрмет қана.»
Автордың «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінен ықшамдалып алынды.