Сыздық сұлтан мен түркіпен сардарлары



1873 жылдың көктемінде генерал-губернатор Куафман көп әскерімен Хиуаға келе жатыр және Астрахан жақтан Самараның әскери губернаторы генерал Веревкин де біраз әскермен ығыпты, оның да беті Хиуа екен деген хабар келді. Хиуа ханы Сыздықты, сұлтанның өзіне қарасты елден жинаған әскермен, оларға түрікпендерді қосып, Кауфман генералға қарсы жіберді. Бұлардың соңынан ол тағы Мәднияз және Мәдмұрат деген дуанбектердің басшылығымен қалған әскерлерін де аттандырды. Бұлардың бәрі де дәрия жағасындағы Үшошақ деген жерге тоқтап, Кауфманды сол жерден тосты. Сыздық сұлтанның қарамағында жеті жүз қазақ, бес жүз түрікпен, жәмғысы бір мың екі жүз адам болды. Осы әскерімен ол құм ішіндегі жолмен Адам-қырылған, Алтықұдық деген жерлерге қарай жүрді. Таң алдында ол Кауфман генералдың лагеріне тап болып, соған шабуыл жасап еді, бірақ орыс әскері мылтық, зеңбірек атып жолатпай қойды. Сыздықтың әскерінен үш адамға оқ тиіп қаза тапты, содан кейін ол шегініп, Үшошақ тұрған Мәднияз дуанбегіне барып қосылды.
Кауфман генерал жолмен дәрияға қарай жүргенде, Мәднияз, Мәдмұрат дуанбектері мен Сыздық сұлтан да Үшошақтан шығып, Кауфман генералды Қызылқұмда кездестірді.
Таң азанда бұлар шабуылға шықты. Шөл жерде екі жақ мылтық, зеңбіректермен атыса бастады. Екі жақ бетпе-бет тұрып кешке дейін атысты. Ұрыс қараңғы түскенде де тоқтамаған соң екі жағы да әр жерге үлкен қылып от жақты (мамырдың онынан он біріне қараған түнде бұл ұрыста отты Хиуа әскері жақты, орыстардың оған мұршасы келмейді). Сөйтіп олар түнімен, келесі күні түске дейін атысты. Түс кезінде Кауфман генерал жолшыбай мылтықпен, зеңбірекпен атыса отырып, әскердің дәрияға қарай алып жүрді. Хиуа әскері де қапталдаса жүріп, екі бүйірден мылтықпен атқылады.
Түс кезінде орыстар дәрия жағасына – Үшошақ маңына жетіп тоқтаған соң Мәднияз бен Мәдмұрат дуанбектер Хиуаға кетті, ал Сыздық сұлтан өз ауылына қайтып, ауылмен Әмударияны жоғары өрлей, Чаржоуға қарай көшті.
Ауылын Чорджоуға қарай көшіріп жіберген соң өзі Хиуа ханына барып, ханнан орыстардың Хиуаға екі жақтан жақындап келгенін, елші жіберіп олармен келіссөз бастағанын естіді. Сыздық ханмен қоштасып, өзіне қарасты елді аралап, түркіпендерге барып қослу ойымен дәрияны өрлей жүрді. Бұхар жеріне жеткен соң Сыздық сұлтан мына ыссы кезде түркіпендерге жете алмайтын болғандықтан, жанына өзіне қызмет ететін қырық жігітті қалдырып, қазақтардан құралған өз әскерін ауылдарына таратты. Сол қырық жігітпен, Чаржоудан екі күндік жерде отырған өз ауылына қарай кетті. Ауылына жеткен соң бірден бармай, кейінірек тоқтаған еді. Түс кезінде Чаржоудан Сыздық сұлтанды ұстауға жіберілген екі жүз адам келіп, сұлтанды ұстауға да, ауылын шабуға да бата алмай, ауылды айналып өтті, екі шақырымдай жерге барып түсті. Сыздық сұлтан олардың неге келгендерін білу үшін бір жігітін жібергенде олар: «Бізді Хиуа жақты күзету үшін жіберген» деп жауап қайтарды. Олар сол жерде қонып қалды. Сыздық екі қой сойып, оларды қонақ қылды, бірақ өзі сақ болды. Келесі күні бұхарлықтар көмек сұрап Чаржоуға адам шаптырып, өздері бес шақырымдай төмен барып, Мервке баратын жолды бөгеп жатты. Олардың пиғылын білген соң Сыздық сұлтан қасындағы жігіттерімен ақылдасып кейін түнде үйін Чаржоу маңында көшіп жүрген көп елдің ішіне жіберіп, өзі қасына үш жігіт алып, өткел аузында тұрған екі жүз жауынгердің жанымен өтіп кетті. Бұхарлықтар бәрі де ояу еді, бірақ көріп тұрғандарымен де ештеңе айтпады, орындарынан қозғалмай тұрып қалды.
Өткел аузындағы бұхарлықтардан аман-есен өткен соң Сыздық сұлтан ауылымен көктемде екі жаңа арық қыздырып, отыз батпан (Ташкеннің батпаны – 11 пұт) бидай еккізіп кеткен егіндігінен бір күндік жерге барып түнеді. Бұл жер Хиуа шекарасынан дәрия бойымен үш күндік жол жоғары, ел мекенеген жерлерден қашық еді. Сол жерге жеткеннен кейін келесі күні олар ақылдаса келе, мына күннің ыссысында Мервке жету қиын болар де тапты, оның үстіне, жолды да білмейтін еді. Жақын маңайдағы тоғайдан тал кесіп өздеріне де, аттарына да шартақ қора істеді, сөйтіп күн салқын түскенге дейін қырғауыл, қоян, ақбөкен атып азық қылып, аттарына бидай оры беріп, сол жерде екі ай тұрды.
Бір күні түс кезінде түркіпен жақтан бір топ атты жасақ дәрия жағасына келіп тоқтады. Сыздық сұлтан олардың тоғай арасынан тасаланып қарай бастады. Киімдеріне қарағанда түркіпендер екенін анық таныды. Сонсоң ол қасына үш жігіт алып, атқа мініп түркіпендерге барды. Бұларды көргенде түркіпендер әлдекімдер деп сескеніп аттарына ұмтылып еді. Бірақ жайбарақат келе жатқан төрт адамды көріп тыныштанды. Сыздық сұлтан оларға ат үстінен сәлем берді. Бұл келгендер Хиуаға жау түркіпендердің алпыс жігіті екен. Іштерінде Мұхаммеднияз сардар бар екен, Сыздық сұлтан Бұхарда болғанда ол он мың адамымен әмірге жәрдемге келіп, әмірдің алдында Сыздықпен бірнеше кездескен еді. Сыздықты таныған бойда жүгіріп келіп амандасып, тізгінін ұстап аттан түсіріп алды, сонсоң ат жабуын жайып отыруын өтінді.
Жөн сұрасқанда Сыздық сұлтан басынан өткенін бәрін айтып берді. Оның әңгімесін тындағанда кейбір түркіпендер сұлтанның талай қиыншылықтардан өткен өміріне аяушылық етіп көздеріне жас алды. Енді Сыздық олардың бұл жаққа неге келгендерін сұрағанда:, олар «Біздер Үргенішке қарасты елді шауып, талап қайтқалы шығып едік, енді сізбен кездескеннен кейін не істейтініміз өзіңізге байланысты болады» деді. Сыздық сұлтан «Олай болса, менің қосыма барайық, бір-екі күн тынығып, аттарыңды да тынықтырып, сонсоң ақылдаса көрерміз» деді. Сұлтанның қосына жеткенде түркіпендер пісуге жақын тұрған көп бидайды көріп қуанып, орып алып аттарына бере бастады.
Бұл жерде үш күн аялдағаннан кейін түркіпендер өзара ақылдасып, Сыздық сұлтанға қосылып кейін Мервке қайтты, сөйтіп құмның ішімен жүріп отырып он екі күн дегенде түркіпен елінің шетіне жетті. Ауылдарына келгеннен кейін олар Мервтің ханы Қауышты ханға хабар бергенде, ол Сыздық сұлтан күтіп қонақ етуді ахалтеке ханы Нұрберді ханның бәйбішесі Гүлжамал-айымға тапсырды. Бұл әйел түркіпен арасында ақылдылығымен атағы шыққан адам болатын. Мервке келген құрметті адамдардың бәрі де осы кісінің мейманы болған. Мысалы, Ауғанстанның әмірі Әбдірахман хан өз елінен Ташкенге бара жатқанда, бір ай осы әйелдің қонағы болған; Бұхар әмірінің баласы Әбдүмәлік төре де Бұхардан Ауғанстанға қашқанда екі ай жатып кеткен. Сыздық сұлтан да осы ү йде жеті ай болды.
Бір жолы ахалтеке ханы Нұрберді хан әйелінің үйінекелді. Бұл кезде ахал мен мерв теке руларынан бес жүз үй бір жерге жиналған еді, олар іштеріне Сыздық сұлтанды да ала , өзара мәслихат құрды. Олар Сыздыққа: «Қазақ пен түркіпен ағайынды халықпыз. Сіз – қазақ ханының баласысыз. Бізді пана тұтып келген соңғы жерде, біз барлық түркіпен халқы бар күшімізді салып кегіңізді алып беруге бел байладық. Сізге он сардар батаған он мың жігіт береміз, сол он мың адаммен Чаржоуды шауып, әмірдің сондағы қатын-балаларын ұстап әкеліңіз. Сонсоң оларды сіздің бала-шағаларыңызға айырбастаймыз. Біз осы қаулыға келіп отырмыз, бұған не айтасыз?» деді. Сыздық сұлтан ойланып қалды. «Бұл түркіпен деген бетімен кеткен асау халық. Он мың адам аттанып барса, Чаржоуды сөз жоқ алады. Бірақ онда мұсылмандардың қатын-балаларын тұтқындайды екен, оның күнәсі менде қалады екен, ол күнәден өле-өлгенше құтыла алармын ба!» деп ойлана келе сұлтан олардың көмегінен бас тартып, былай деді: «Ыхластарыңызға өте ырзамын, көмек береміз дегендеріңізге көп рахмет, бірақ та оны пайдалана алмаймын. Одан да мені Ғератқа жөнелтіңдер».
Нұрберді мен Қауышты хандар оны да мақұл көріп, Сыздық сұлтанға атқосшыға қырық жігіт қосып беріп, Ғератқа аттандырып салды. Олар жолда он бес күн жүріп Ғератқа келіп, ол қаланың бастығы – Шерәлі ханның баласы Якуб сардарға келіп сәлемдесті. Якуб сардар сұлтанды жақсы қарсы алып, жанында ұстады, оған айына тоғыз жүз теңге жалақы беріп тұрды.
(Мақала 1889 жылы Сырдария об. санақ комитетінің қолдауымен С.И.Лихтин типо-литографиясында жарық көрген «Кенесары және Сыздық сұлтан» атты жазбадан алынды).
Дайындаған Рүстем Нүркен