Құнанбай жайлы бірер сөз


Қастаншықпағыр дәуірдің қатыгез кейіпкері
(Құнанбай туралы толғаным)
Дәуір дегеніміз – өмір өзенімен астасып, беймәлім бетпенен жаңарып, жаңа мәнде жасаратын ауыспалы кезең. Сол дәуір шындығы мен көркемдік көлемі мен үйлесімі алмағайып тұстарға жол сілтейді. Оның қат-қабаты, шытырман шырғалаңы, азасы, наласы бәрі де өз алдына күреске толы майдан.
Задында көшпелі халықтың талай майданның белуарынан от кешіріп, сағын да сындырғаны хақ. Алайда ол жора тапқан харекеттер әлемі емес. Сол таным тағдыры Алаштың басына түскен сындарлы сынағы еді. Әсіре ХХ.ғ бұл тұрғыда түгелімен тарих пен әдебиеттің тұтас екшелген уақыты болатын. Цензура – қазақ әдебиетінің қаламына құрық болып, қалам ұшына тұсау болғаны көңілге кірбің түсіреді. Әлбетте бұл әдеби құбылыс пен астасып жатқан даулы түйін. Әйтседе түйін толығымен тарқатылмады. Көптеген ғалымдар қалам сілтеп, толымды кітап арнасада, баяғы жартас, бір жартас күйінде. Өз заманында күллі көшпелілердің көгінде көктеген, даналығымен, даралығымен өзгеге үлгі болған құрыштай берік, қылыштан өткір Құнанбай әдебиет сахнасында өз орнын ала алдыма деген көкейде мазасыз сұрақ уақыт өткен сайын өршелене өршіктіріп жауап іздеуге дағдыландырады. Жас ұрпақтың санасына сіңіретін тәлімнің бір үзігі Құнекеңнің нағыз ұлы қайраткер екендігі, аузымен құс тістеген шешендігі турасында толғап көрелік.
Қажы жасынан әкесі Өскенбайдың тәрбиесін көріп, ел басқару істеріне араласады. Өскенбай би нар тұлғалы, әділеттілік атаулының алдаспаны болған. Ел аузында: «Ісің адал болса, Өскенбайға бар» деген тәмсіл содан қалған болса керек. «Абай жолы» романы мен тарихи дәйектемелерді салыстырар болсақ, әуеліде Құнанбайдың мұсылмандардың ұлы ордасы Меккеге тауап қылып барар сәті, кеңестік террор әке мен бала арасына жік салу үшін көркемдік идея желісімен Дәркембай қартты пайдаланады. Жол жүрер уақытында Дәркембай Құнанбайға келіп Қодардан қалған тұяқ Қиясбайды (Дәрмен) Құнекеңнің мойнындағы борышы, аманаты екендігін ескертеді. Дәрмен – ақын, байсалды кейіпте берілген қу тілді, әзілқой Қиясбайдың нақ өзі.
Тамағым тоқ, уайым жоқ,
Жаным-ау, менің өзім неткен қу.
Әгей, әгегөй, тусаң ту, –
деп қуақыланып сайқымазақ болып жүретін Абайдың замандасы Қиясбай.
Әке мен перзенттің арасындағы араздықты ұлғайтып, типтік бейнені барынша қол байлау ету, ал тарихи деректе Құнанбай ұлы сапарға жүрер кезінде Абай Меккеге барар жолдың жағрафиялық жобасы мен сызбанұсқасын жасап, жол бағдарын айқандап берген екен. Сондай-ақ көшпелілерді елең еткізіп, тіксіндірген тарихи трагедия «Қамқа мен Қодар» жайы. Шариғат үкіміне құлдық ұрған Құнекең зинақорлықтың тамырын кесемін деп, оқырман жұртшылыққа қатыгез, жауыз деген атпен танылды. Барақ сұлтанның қолындағы насыбайды таста дегені үшін жазықты болып, жағдайды шиеленістіруге алып келеді. Бұл хақта Шаһкәрім қажы:
Мұнысын Құнекемнің көзін шалды,
«Ей, төре, неге атасың? – деп салды,
Әрі арам, әрі ысырап, бір былғаныш,
Бұл құрғырда қалайша сертің қалды, – деген жолдарға куә боламыз. Қодардың жалғыз ұлы Құтжан аурудан дүние салғаннан кейін, келіні Қамқамен әуейі болған деген деректер төркіні бар. Сол жағдаятқа сол кездің тәртібімен дәлел тауып, Ахмет Ризаның фәтуасымен дарға асып, мүрделерін өртетіп жібереді. Тағы да Шәкерім шешен:
Барып ойға түскен соң таспен атты,
Көпке шейін тыпырлап тулап жатты.
Әбден өліп болған соң отын әкеп,
Екеуінің сүйегін отқа жақты, – деген дәлелін келтіреді. Әманда «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген пәлсапамен ғұмыр кешкен қажы арға түскен таңбаны ұрпақ алдында жуып-шаю үшін шариғат үкімімен жаза кеседі.
Шешендік шеберлігімен өзгеге үлгі-өнеге бола білген Құнекең талай қара тілді сөзшеңдердің өзін жырмен түйреген. Оның бір мысалы: Мәшһүр Жүсіптің әпсаналарына сүйенсек, қажы сіркіреген суырыпсалманың семсері, нағыз от ауызды, орақ тілді шешен, сен тұр мен атайынның өзі болған. Бірде Балта ақын өзінің бір немере қарындасына алып қашып, үйленіп Құнанбайдың үйіне кіріп барғанында Құнекең Балтаға қарап:
Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар, құрлар,
Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.
Қарындасын қатын қып алып қашып,
Ел аралап жүреді-ау арсыз мұндар, – деп Балтаны семсердей жауһар сөзімен сергелдеңге салған көрінеді.
Тағы бір дерекнамаға шолу жасап, назар аударсақ, Құнанбайдың Әлихан Бөкейхановтың арғы бабалары мен екі тізгін, қос шылбырды қатар ұстаған үзеңгілес жандар болған. Деректі дәлелді сөз сүзгісінен өткізер болсақ, поляк революценерінің жазбаларына куә боламыз. Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына жасаған сапарларындағы» жазбаларында кездесетін уақиғаларға қанығайық. «Қарасу бойында. Анама хат» атты естелігінде: «Аспанды басына көтеріп гу-гу еткен жұрт бағы жанған Құсбек сұлтанның жүйрігіне бас бәйгені берді. Құсбек бәйгесін сол бойда алды. Аттары қарақшыға соңырақ жеткен Бөлен сұлтан, Тана және Құнанбай билер құны төменірек бәйгелермен көңілдерін аулады…» деген күнделік парақшасындағы көзбен көрген жағдаяттарын баян етеді. Енді романға көз тіксек, роман желісінде Әзімхан атты кейіпкер бар. Тобықтының Бұғылы дейтін қалың елдің ортасында Көксеңгір деген жердегі жиынға Әзімхан төре санақ жүргізу үшін осы елге келіп түседі. Сол жиынға Абайды сабаған Оразбай Аққұлы, Тәкежанның ұлы Әзімбай Тәңірбердіұлы және Шұбар Құдайбердіұлы төреге сәлем беруге барады. Әңгіме үстінде Әзімхан төре тарихи әпсаналардан ой қозғайды. «Кіші жүз қазағы Ресей патшалығына осыдан 167 жыл бұрын қараған» деп әңгімесін төпелей түседі. Енді бір орайда: «Кеше Құнанбайды аға сұлтандықтан түсіріп, орнын тартып алған менің туған ағаларым Құспек, Жамантайлар» деп айшықтайды. Ендеше Әзімхан төренің бейнесін ашудағы дәлелге бір қадам оның Тобықты елінде 1898 жылы болғанындығы Құспек-Кент пен Жамантай (Тұрсын) төрелер, яғни Бөкейден бес ата тарайды, солардың бірегейлері осы төрелер. Әзімханның аталары Жамантай мен Құспек екендігін екшесек, Әзімхан образындағы тұлға Әлихан Бөкейханов па деген ойға ойлана тереңіне сүңги түсеміз. Санамызды шиырлап, шырмайтын дүдамалы күмән, Әзімхан неге жағымсыз образға ие болды деген сұрақ туындайды. Әлекең 1937 жылы қаза болғаннан кейін, Ұлы перзенттің арына 52 жыл қара күйе жағылып келгенін ескерсек, Мұхаңның Әлекеңнің тұлғалық образын өзгертуге мәжбүр болғанын аңдасақ, ойымыз сан-саққа жүгіреді, тағы да кеңестік идеология. Міне, Құнекеңнің Әлиханның арғы аталары Жамантай мен Құспек төрелер арасындағы араздықта тарих сахнасынан орын алғандығы осыдан аңғарыла түседі. Абай данышпан: «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек» деп тарқатады, сондықтан Құнанбайға деген өзге сұлтандар арасындағы кейбір кикілжіңдер билік танымында бедері мен белестері өз орнын тапқан емес. Қажы жасынан ержүрек әділдігімен көзге түсіп, асауға тұсау болған болыстардың талайын шаң қаптырған.
Сайып келгенде өмір құбылыстары көркемдік идея желісімен астасқан ғасыр дегелеңінде тарихи танымдар негізінен тамыр тартқан уақиғалар тізбегі тереңнен сабақтастыруды бірінші орынға қояды. Нақтылы фактіні Құнанбайға қарап бұруды ұмытпаған жөн. Себебі «Социалистік реализмге» ұшырауына байланысты, көркемдік желіні ішімізге байлап, тоғытпағанымыз жөн. Құнанбай турасында ғылыми еңбек жазып шыққан «Құнанбай қажы» кітабының авторы Бейбіт Сапаралы ағамыз «Құнанбай қажы ескінің ғана көзі емес, қадымның қастерлісінен кешегінің сонысына жетелеген өткен де іспетті болыпты… Біле білсек, Құнанбай Өскенбайұлы орыс отаршылдығына қарсы қасарыса күрескен қайрат-жігері мол, қайыспас қаһарман еді», – деп сипаттайды.
«Әке балаға сыншы» деген дана халқымыз. Романдағы әкенің балаға берілген үш сыны турасында толғасақ, соның үшіншісі, яки «Орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің!» деген жас Ибраһимге Құнекеңнің берген бағасы ұқтырмалы ойға негіз болады. Кенесары көтерілісіне де рухани жақтаушы болып, империяның отарлау саясатының кертартартпа екендігін суыртпақтайды. Тереңнен үңіліп көріңіз нағыз кемеңгерлік кемесінің пәлспасына көз жеткіземіз. Осы арада даналық дәніне тоқталып өтсек: «Әуелде бір суық мұз, ақыл зерек» (тағы да Абай) дей келе, Қажы сәулелі ақылын азулы тілімен, өр кеудедегі шешендік толғауларын өрбіте түседі. Соладың біріне көзбен шолу жасап кетелік:
…Атадан жаман қыз туса,
Жамандықты көп қуса,
Есіктегі күңмен тең.
Балдан тәтті ғазиз жан,
Бір күні шіріп қалар тән.
Шыбын жанның шығуы,
Батып кеткен күнмен тең!
Әгәрәки оймен өрнектей өтсек нағыз даналық философиясының тылсымы танылады.
Өлді деуге болама ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деген құдіреттілікпен ой қорыта келе, кесек тұлғаны заман өзгертсе де көкейдегі данышпанға деген рухани аңсарлы аңсау ұлы арман өзгерген емес. Абайтану саласына қалам тербеген ескі көз, майталман шежірешілер: Төкен Ибрагимов, Бекен Исабай, Мекемтас Мырзахметұлы, Асан Омаров, Тұрсын Жұртбай, Бейбіт Сапаралы сияқты аға-аталарымыз бар. Артынан ерген біз бар. Алдыңғы буынның ізін жалғаған артқы толқын барда тұлға танымы мен Құнанбай тұлғасы әрқашанда өз биігінде, өр еліміз, Алаш ұрпағы барда, даналар төресі Құнанбайдың есімі өшпек емес.
Әзімхан Исабек
М. Әуезов атындағы ОҚМУ
Филология факультетінің студенті