Сыздық сұлтан: Бір Аллаға сиынып соғысуымыз керек



Ғератта үш ай тұрғаннан кейін Яқуб сардармен қоштасып Сыздық Бәлхі, Бәдахшан арқылы жүріп отырып Қашғарға – өзіне бұрыннан таныс Яқуббекке (Яқуббек бұрын Қоқан хандығында әскери қызметте болған) барды. Яқуббек зор хұрмет көрсетіп қасыр алып, омар-алық деген лауазым беріп, өлген баласының әйеліне үйлендіріп, балам деп атады.
Бір жылдан соң Яқуббек Қашғарда өз орнына мирасым деп Бекқұлыбек деген баласын қалдырды да, барлық әскерін алып Ақсуға барып, сонда ұзақ уақыт тұрып қалды. Бұл кезде екінші жағынан қытайлар келіп қалған еді.
Яқуббек өз ажалынан қайтыс болды (Бекқұлыбек айтуынша, Яқуббекке біреулер у берген, бірақ Сыздық ол бекер дейді). Яқуббекті жақын тұтқан оның айтып кеткен өсиеттеріне қарсы өз арасынан Хәкімхан төре дегенді хан сайлап, Қашғарға қарай жүрді, ал бұл жақтағылар Яқуббектің қайтыс болғаны туралы хабарды алғаннан кейін Бекқұлыбек бастаған жиырма бес мың әскер Хәкімханға қарсы шықты.
Зеңбіректердің, тәжірибелі әскерлердің көбі Хәкімханның қолында, сондықтан онымен соғысу оңай емес еді.
Бекқұлыбек өз әскерін, бес мыңнан беске бөліп, оларды басқаруды Сыздық сұлтанға, Омарқұл паруанашыға, Жамадар паруанашыға (Жамадар – Үндістан адамы, бір кезде Яқуббекте артиллерия бастығы болған), Алдаш датқа мен Масейіт пансатқа тапсырды. Алда үш әскербасы – Масейіт, Алдаш, Омарқұл, кейінде Сыздық пен Жамадар жүретін болды. Алдыңғылар Маралбасы (дұрысында ұрыс Маралбасы бекінісі маңындағы Жайда деген жерде болған) деген жерде Хәкімханның әскеріне кездесіп, соғыса бастады. Алғашқы кезде Бекқұлыбек әскері басым болып еді, бірақ кейінірек Хәкім төре жеңіп, бұларды қайырып, зеңбіректерімен біраз адамын қолға түсірді. Жеңілген қолбасылар әрқайсысы мың адамымен ғана қашып шықты.
Бұған хафа болған Бекқұлыбек түнде кеңес құрғандай қолбасылардың әрқайсысы әртүрлі пікір айтты.
Ақырында Сыздық сұлтан сөйлеп: “Кейін қайтуымызға болмайды. Қашғарға қайтып бара алсақ, билікті қолда ұстау қиынға түседі. Сондықтан бір Аллаға сиынып соғысуымыз керек» деп ақыл берді.
Сыздықтың бұл ақылы Бекқұлыбекке де ұнап қалды. Түн ішінде ол қолында қалған он үш мың адаммен Хәкімханға таң алдында тап берді. Хәкімхан да әскерін сапқа тұрғызып үлгірген еді. Екі жақ мылтықпен де, зеңбірекпен де атысып жеті сағат соғысқанда, Хәкімханның туы астынан бір мың жеті жүз адам қолға түскен еді, одан кейін қалғандары да қарсы тұра алмай, Бекқұлыбек жағына шықты. Осыдан соң Бекқұлыбек Ақсуға барып онда бір ай тұрып, сол төңіректегі қалалардың бәрін өзіне бағындарғаннан кейін Қашғарға оралды.
Мұнда келгеннен кейін Хотанның әкімі Нияз хәкімбек бұған қарсы көтерілді деген хабар алды. Бекқұлыбек дереу әскерін жинап, жинап жиырма күн жол жүріп Хотанға жетті. Нияз хәкімбек оны қалаға жақындатпай, жиырма бес мың әскермен үш таша (жиырма төрт шақырым) жерден алдынан шықты. Жауына жақындағаннан кейін Бекқұлыбек Сыздық сұлтан мен Алдаш датқаға он мың әскер беріп ілгері жіберді.
Бұл екеуі дереу шабуылға кірісіп, Нияз хәкімнің әскерінің бытшытын шығарғаннан кейін аналар Қытай жеріне қарай қашып құтылды. Бекқұлыбек Хотанға барып, қазынаның есебін алды, басқа хәкім тағайындап, халықты тыныштандырды.
Қытайлар Қашғарды алғашқы алғандарында ислам дінін қабылдаған қытайлардың бәрін өз алдына, қала сыртындағы жерге қоныстандырып бәрін өз алдына, қала сыртындағы жерге қоныстандырып кеткен еді (Бұл Яқуббектің Қашғарға келуінен бұрын болған уақияға, қытайлар тұрған жер «Жаңа шәһар» атанған.) енді Бакқұлыбек Хотанда жүргенде жаңадан мұсылман болған қытайлар Ақсу жақтан Қытай әскері келе жатқанын естіп, астыртын әрекет жасап түнде Қашқарға кіріп орданы алды. Бұл хабарды естігеннен кейін Бекқұлыбек Хотанды тастап Қашғарға қайтып келіп, қырық күн қаланың дарбазаларына шабуыл жасағанымен ештеңе шығара алмады.
Бір күні түс кезінде Қытайдың көп атты әскері келіп соғысып, қоқандықтарды (Қашғарды бұрын Яқуббекпен бірге барған Қоқан хандығына қараған Әндижан қыпшақтары алған еді) жеңді. Сыздық сұлтан өз жасағымен қытайларға қарсы түн жарымына дейін соғысты. Ақыры ұрыс майданында бастықтардың ешқайсысы да жоқ екенін көрген соң түн ішінде Қоқанға қарай шегінді. Бекқұлыбектің барлық әскері де солай қарай қашқан еді.
Сыздық сұлтан шегініп келе жатқанында кенет бұларға көптеген Қытай әскері шабуыл жасады. Сол соғыста Сыздықтың қолына оқ тиіп жараланды, бірақ ол жараланғанын жігіттеріне білдірген жоқ. Қытайларды қашырғаннан кейін ғана жарасын байлап, жігіттерімен ақылдасты. Олардың әрқайсысы әр түрлі пікір айтқаннан кейін кейін ақырында Сыздық сұлтан сөйлеп, былай деді: Мен орыс патшасына қарсы қаншама жыл соғыстым, орыстардан қашып талай елге бардым, бірақ ештеңе шығара алмадым. Енді, міне, қолыма оқ тиіп шарасыз болып қалдым. Маған тыныш отыратын қауіпсіз жер табылатын түрі жоқ. Сондықтан амалсыздан орыс қоластына баруым ғана қалды. Русия-мықты мемлекет. «Ұсынған мойынды қылыш кеспейді» деген бар ғой, егер олар айыбымды кешсе, інім Ахмет сұлтанмен және басқа да туыстарыммен бірге сол жақта орнығып қаламын. Не де болса Құдайдың салғанын көремін». Содан кейін ол орыс жеріне қарай шыққан қоқандықтардың соңына кетті (1877 жылдың күзінде Сыздықпен бір мезгілде Бекқұлыбек те бала-шағалары, жақын адамдарымен орыс қоластына өтіп, Ташкеннің оңтүстік жағында 50 шақырым жердегі Ангрен өзені бойындағы Пскент қыстағына орналасты, Пскент – Яқуббектің туған жері).
Сыздық сұлтан орыс жерінің шекарасынан Ферғана облысының Ош уезінде өтті. Сыздықтың жараланып келгенін естіген бойда уезд бастығы генерал-губернатор Кауфманға хабар берді. Губернатор дәрігер жіберіп, ол Сыздықтың қолын жеті ай дегенде жазды.
Жарасы жазылғаннан кейін бастықтар оны Шымкентке шақырып: . «Ұсынған мойынды қылыш шаппайды». Ұлы патшамыз сенің бұрынғы айыптарыңды кешірді, біз де кешірдік. Қоластымызда тұра бер, қай жерде тұрамын десең, өз ықтиярың» деді. Сыздық сұлтан рахмет айтып Шымкент қаласында, өзінің інісі, уез бастығының кіші көмекшісі болып қызмет ететін Ахмет Кенесаринмен бірге тұрғысы келетіін айтты және солай істеді де.
Осылай еткені өзіне пайдалы болды, өйткені: 1) дәрігер оның қолын жазды. Өз бетімен сахарада көшіп-қонып жүре бергенінде сынған қолы жазылмай асқынып, жарасынан өліп қалуы да мүмкін еді; 2) Бұрынғы істегендеріне кешірім жасалғаннан кейін туыстарының арасында тұрды (Сыздық Шымкентке келгеннен кейін бұрын оның әкесінің қоластында болған Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтары оған бес жүздей қой, басқа да біраз мал жинап берді. Сыздық сұлтан дүниеге қызықпайтын өте әділ адам болып өмір сүрді); 3) Ахмет сұлтанның өтініші генерал-губернатор Кауфман Бұхара әміріне айтып Сыздықтың қатын, балаларын қайтарды (Әйелі мен балаларын бұхарлықтар қай кезде ұстап алғаны мұнда айтылмаған. Сірә, Хиуа жорығынан кейін, орыстардан қашырып үш ішін Чаржоуға жіберіп, өзі түркпендерге кеткен кезде болса керек), сөйтіп ол әйел, бала-шағаларымен қауышты.
Осы уақиғаларды Ахмет сұлтан Кенесарин, алдыңғы жағын өз білгенінше, кейінгі жағын Сыздық сұлтанның айтуы бойынша жазды.
Уаллаһу әғлам биссауаб! (бәрін де Алла біледі)
(Мақала 1889 жылы Сырдария об. санақ комитетінің қолдауымен С.И.Лихтин типо-литографиясында жарық көрген «Кенесары және Сыздық сұлтандар» атты жазбадан алынды).

Дайындаған Рүстем Нүркен