Тәуекел ханның ұлы жеңісі
Алпыс жыл бойы ат жалында болған тәжіребиелі аламан, кәнігі саясатшы Шығай Қазақ Ордасы үшін дәл осы кезеңде екі майданда бірдей күресу – өте ауыр болатынын анық пайымдады. Хақ-Назар ханның, Жалым сұлтанның, тағы қанша бахадұрдің қанын арқалаған, алаш жұртына еншілі қаншама қонысты жырып алған Баба-сұлтан жер басып жүрмеуге тиіс. Ендеше, қатерлі болса да кектен тысқары Абдолла ханмен бітім жасаспай болмайды.
Шығай сол кездегі қазақтың тілімен айтқанда, Жағат (Шағатай) яғни Бұқар-Өзбек мемлекетінің ханы Абдолламен бітімге келеді, бітім ғана емес, одақтастық шартын жасайды. Сөйтіп, Абдолла тізе қоса отырып, Баба-сұлтанға қарсы аяусыз соғыс қимылдарын бастайды. Осы уақытқа дейінгі Абдолла ханның өзімен текетірес болып келген Баба-сұлтан соғысқа қазақтар араласқан сәттен бастап, жеңіліс үстіне жеңіліс табады.
Бұл ұрыста қазақ әскерін Шығай ханның сүйікті ұлы Тәуекел сұлтан бастайды. Ант бұзған қас дұшпанды биліктен айырып, ел-жұрттан аластаумен ғана шектелмей, оның басын найзаға шанышуды, тұқым-жұрағатымен тегіс құртуды ойлаған Тәуелкел-бахадұр жорық жолында, тынымсыз шайқаста Шибан әулетінен тараған қаншама сұлтанның басын шабады. Ақыры, 1582 жылы шілдеде, Түркістан түбінде Баба-сұлтанның қалың жолын тас-талқан етіп жеңеді.
Биліктен біржола күдер үзген Баба-сұлтан қырғыннан қалған шерігімен Сыры-Суды өрлеп, Арқаға қарай қашады. Тәуекел сұлтан жеңімпаз жасағының ішінен мың қаралы ғана жауынгер таңдап алып, қосар-қосар атпен Баба-сұлтанның соңынан қуып шығады. Күні-түні сүргіннен соң, Ұлытауға жеткізбей, Кеңгір өзінінің бойында, Жошы ханның мазаы түбінде қуып жетеді.
Тәуекелдің әскері Баба-сұлтанның қасындағы әскерден әлдеқайда аз еді деп жазады сол заманның тарихшылары. Бірақ ыза мен кек буған қазақтар жауға аш бөріше ұмтылады. Қазақ аламандарының бірі алыстан тартқан өткір жебе ат үстінде жұрт қатарлы айқасқа ыңғайланған Баба-сұлтанға тура тиеді. Болат сауытын талқан қылып, қара жүрегін қақ айырады. Қызу жүргізілген келте ұрыста қалған жасақ та қирап жеңіледі. Орта Азияның атақты ғұламасы Хафиз Таныштың айтуынша, тарихтың 982 жылы, рәджаб айының 17-сі күні, қазіргі есеп бойынша 1582 жылы 7 тамызында Тәуекел-бахадұр қаран ниет Баба-сұлтанның кеселді, кердең басын Абдолла ханның аяғының астына әкеп тастайды.
Жұлдызды жеңіске жеткен, даңққа бөленген Тәуекел сұлтан айрықша құрмет, сый-сияпат көрді деп жазады Хафиз Таныш.
Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінен ықшамдалып алынды