Отарлау осылай басталған…

Абылайдан соң Орта жүздің хан тағына баласы Уәлидің сайланғаны тарихтан белгілі. Хандығының алғашқы жылдарында бір жағынан Ресей, екінші жағынан Қытай мемлекеттерімен «арамызда тек достық қатынас орнасын» дей отырып, біршама тәуелсіз саясат жүргізу мақсатында Абылай жолын ұстаған болатын. Қазақ даласындағы хан билігін бірте-бітре шектей отырып, біржолата жоюға ұмтылған Ресей әкімшілігіне Уәли ханның бұл саясатының кереғар келуі заңды да еді. Екатерина ІІ 1738 жылы генерал Штрандманға жіберген бұйрығында «әртүрлі шараларды, тіпті керек болса әскери күшті пайдаланып ханның өз қызметінен артыққа бармауға тырысындар» дей отырып, сонымен қатар, Сібір шебінің басқармасына «Уәли ханның істерін бақылауды жүйелі түрде жүргізу керек», – деп тапсарма беруі патша сарайының Орта жүздегі саяси жағдайды қадағалай отырып, хандық өкімет билігін шектеуге барынша кіріскенін анық көрсетеді.
Бірақ Ресей империясының бұл бағыттағы саясаты біраз жетістіктерге жетіп, хандық биліктің тұғырын шайқағанмен түпкілікті жоюға шамасы келмеді. 1800 жылы 18 наурызда Орта жүз қазақтары мен орыстардың арасындағы даулы сұрақтарды шешетін шекаралық сот құрылғанымен одан еш нәтиже шықпаған еді.
1815 жылы үйреншікті әдісін қолдана отырып, Ресей әкімшілігіне кезіндегі Барақ сұлтанның ұлы Бөкейді Орта жүздің екінші ханы етіп сайлауына мүмкіндік туады.
Бірақ бұл хандық ұзаққа бармай, 1817 жылы Бөкей ханның, ал 1819 жылы Уәли ханның дүние салуы себепті Ресей патшалығына қазақ даласындағы хандықты түпкілікті жою мүмкіндігі туып, оны іс жүзінде жүзеге асыруға кірісті. Патша сарайының бұл бағытта жүргізген шаралары, атап айтқанда, қазақ даласын тікелей басқаратын болашақ аппараттың құрылымы, формасы мен құрамына байланысты мәселелер болды. Бұл іс 1822 жылы ғана М. М. Сперанскийдің бастамасымен бір жүйеге келтіріліп, яғни, «Сібір қазақтары» Жарғысы қабылдануы аяқталады.
Айта кету керек, 1822 жылғы «Жарғыны» қабылдаудағы негізгі мақсат қазақ халқының қамын ойлау емес, отарлау саясатын жүргізуге байланысты еді. Жарғының түпкі мақсаты оның соңғы бөлімінде өте айқын көрсетіледі: «Сібір шебінде тұрған қарауыл түпкілікті сол жерде қалады деген сөз емес. Қырғыз жерінде тәртіп орнатқан сайын қарауыл алға қарай жылжи беріп, нағыз мемлекеттік шекараға жеткеннен соң ғана нақты орналасады».
1821 жылы «Жарғыны» қазақ даласына енгізу жолдары туралы Александр І-шіге жазған хатында Сперанский:
«Жарғыны» қазақ даласында бірте-бірте енгізу ешқандай күш қолданбай, тек қана Ресей әкімшілігінің «қамқорлығында» жүрген волостардан бастау ұйғарылып, ал «Жарғыны» қабылдамағандардың ерекше қарауға алынғандығын айтады. Кейіннен жергілікті Ресей әкімшілігі неше түрлі «барымталар» ұйымдастыру, шекаралық сауда қатынастарына кедергілер жасау арқылы жасау арқылы «ішкі округтарда саудамен айналысуға жол берілмесін» деп «Жарғыны» қабылдамаған волостарды «өз еріктерімен» құрылған округтардың құрамына кіргізуді көздейді.
Ресей патшалығы түпкі отарлау саясатын орнықтыруда «Жарғы» бойынша рулық территориялық жағдайды, дәлірек айтқанда, көшпенді территориялық ерекшелікті және халықтың біршама тығыз орналасуын ескере отырып, қазақ даласын әкімшілік-территориялық бөлімдерге бөлуді ұйғарды.
Олар округтардың орналасқан жеріне байланысты Ресеймен шекаралас орналасқан қазақтарды жақын-линиялық десе, империяның саяси-әкімшілік әсеріне әлі де болса бой ұсына қоймаған аймақтарда орналасқан қазақтарды «сыртқы қазақтар», ал құрылатын округтарды шекаралық деп бөлуге шешім қабылдады.
Өз кезегінде шекаралық округтар 1822 жылғы «Жарғы» бойынша Орта жүзді округ, болыстық және ауылдық әкімшілік бөлімдерге бөлуді қарастырады. Ауыл ең төменгі әкімшілік бірлік ретінде 50-ден 70-ке дейін тұрғын үйді қамту керек болса, болыстың құрамында 10-нан 12 ауылға дейін, ал округ 15-20 болыстықтарды қамтуға тиісті болды.
Округтарды құру барысында бұрыннан аралас-құралас жүрген рулардың бір-біріне жақын орналасқанын ескере отырып, әр округтің нақты шекарасын белгілеу де ұйғарылды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында, яғни, реформаға дейін патша әкімшілігінің бұл ойы жүзеге аспаған еді. Себебі, қазақ даласын қалайда отарлау аймағына руаралық қатынастың ерекшелігін жете түсіне қоймады. ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында да Ресей әкімшілігі бұл мәселе бойынша айтарлықтай жетістіктерге жетпеді.
Орыстың белгілі зерттеушісі Крассовскийдің «округтар арасындағы шекарасын белгілеу үшін олардың барлық аймақтардағы тұрғын мекендерін және әр қырғыздың өзінің жеке жер меншігін білу арқылы ғана жүзеге асырылады, бірақ бізде бұл екеуі жайлы мәліметіміз жоқ» деуі жоғары ойды дәлелдей түскендей. Округтерді іс жүзінде құру барысында рулық қатынасты жете ескермей шамамен әкімшілік-территориялық бөлімдерге бөлу салдарынан, кейіннен көптеген ауылдардың бір округтан бір округқа ауысуына әсер етті. Бұл туралы тарихи деректерде кеңінен көрсетілген.
1823 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Омбы қаласына жақын аймақтардағы сұлтандардың басын қосу арқылы, 1822 жылғы Жарғының мазмұны туралы түсініктеме беріп, істелініп жатқан әрекеттер тек қана «Қырғыз Ордасының игілігі мен пайдасы үшін», – деген желеумен өздерінің негізгі көздеген мақсаттарын бүркемелеп қалуға тырысты.
Осы орайда қазақ даласына да «Жарғыға» байланысты алдын-ала үгіт жұмыстарын жүргізетін бригадалар құрылып, олар әр аймақтарға жіберілді.
1824 жылы ақпан айында шекаралық алғашқы округтарды ашу мақсатында кезінде Бөкен хан иелігіндегі жерге Омбы облыстық басқармасының бастысы Броневский бастаған отряды шықса, кезінде Уәли хан иелігіндегі жерге облыстық басқарманың төрағасы полковник Григоровский бастаған отряд қазақ даласына бет алды. Бұл отрядтардың қазақ даласына әдейі ақпан айының аяғына келуі алдын-ала жоспарланып негізгі рулар қыстауларынан жайлауларға қозғала қоймаған кезеңімен сәйкес келтірген еді. Ресей әкімшілігі қалған округтарды ашу барысында «қырғыздарды қыстақтарында жатқан жерінде кездестіру үшін округты ашу келесі жылдың сәуір айының бірінші жартысынан кешікпеу керек» деп кейіннен де осы тәртіпті негізгі алған болатын.
Сөйтіп, Ресей әкімшілігінің қолға алуымен алдыменен Қарқаралы округы ашылса, екі жұмадан кейін 1824 жылдың көкек айының 29-ында Көкшетау округы ресми түрде ашылды. Бұл алғашқы екі округты ашуда патша әкімшілігі бір жағынан басқару жүйесін іс жүзінде байқап, көшпенділік қоғамға сәйкестендіріп сынауды мақсат тұтса, екінші жағынан 1822-24 жылдағы Ғұбайдолла сұлтанды Орта жүздің хан тағына сайлауға барынша әрекет жасауына байланысты, Қытай империясының қазақ даласына әсерін біржолата шектеуге бағытталды. Қытай империясы мен қазақ даласының арасында саяси қатынасты 1822 жылғы «Жарғы» енгізу арқылы шектеу саясаты туралы патша өкілдері ашықтан-ашық жазған болатын «… 1823 жылы Орта жүз қазақтарының беделді рубасылары Қытай билеушілерімен байланысы жиілеп кеткендіктен, генерал-губернатор бұл әрекеттерді тыю үшін «Сібір Қырғыздарының жарғысына» сәйкес жаңа округтар ашуды ойластырды».
Жалғасы бар…

Ералы Тоғжанов
Заң газеті. 10.06.95