Тауар таңбасын пайдалану
Тауар таңбасы – бір өндірушінің тауарлары мен қызметтерін басқа өндірушілердің бір текті тауарларынан айыру үшін пайдаланылатын, тіркелген белгі. Белгіленген тәртіпте тіркелген тауар белгісі оны пайдалануға тікелей құқық береді. Тауар таңбасы ретінде сөздік, графикалық, құралған, көлемді, сондай-ақ дыбысты таңба тіркелуі мүмкін.
Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы 1999 ж. 26 шілдедегі № 456-1 Қазақстан Республикасының Заңының 5-тарауы. Тауар таңбасын пайдалану
19-бап. Тауар таңбасын пайдалану шарттары
1. Тауар таңбасының иесi тауар таңбасын пайдалануға мiндеттi.
2. Делдалдық қызметтi жүзеге асыратын кәсiпкерлер тауар жасаушы келiсiм берген жағдайда өз таңбасын олар өткiзетiн тауарларда тауар жасаушының тауар таңбасымен қатар пайдалануға, сондай-ақ оны жасаушының тауар таңбасының орнына қоюға құқылы.
3. Ұжымдық тауар таңбасының иелерi ұжымдық тауар таңбасымен қатар өздерi шығаратын тауарларда өз тауар таңбаларын пайдалана алады.
4. Кез келген мүдделi тұлға тiркелген күннен бастап үш жыл немесе қарсылық бiлдiрудiң алдындағы бес жыл бойы мүлдем пайдаланылмауына байланысты тауар таңбасын тiркеудiң қолданылуына қарсы уәкiлеттi органға қарсылық бiлдiре алады. Қарсылық куәлiкте көрсетiлген барлық тауарларға немесе олардың бiр бөлiгiне қатысты болуы мүмкiн және оны апелляциялық кеңес, түскен күннен бастап алты ай iшiнде қарауға тиiс.
Тауар таңбасын пайдаланудың дәлелi болып оның тiркелуiне себеп болған тауарларда және (немесе) олардың бумасында тауар таңбасы иесiнiң немесе осы Заңның 21-бабының 2-тармағына сәйкес тауар таңбасына құқық беру туралы шарттың негiзiнде осындай құқық берiлген тұлғаның қолдануы есептеледi. Тауар таңбасын жарнамада, баспа басылымдарында, ресми бланкiлерде, маңдайшаларда немесе Қазақстан Республикасында өткiзiлетiн көрмелерде тауарлардың көрсетiлуi кезiнде қолдану оның пайдаланылғаны болып танылуы мүмкiн.
Тауар таңбасының иесi беретiн оны пайдалану дәлелдемесi қарсылықта көрсетiлген уақыт кезеңiне қатысты болуға тиiс.
Тауар таңбасының пайдаланылмауына байланысты оның қолданылуын тоқтату туралы мәселенi шешу кезiнде тауар таңбасы өзiне қатысты емес жағдайларға байланысты пайдаланылмағаны жөнiнде иесi ұсынған дәлелдемелер назарға алынады.
5. Тiркелген тауар шығарылған жердiң атауымен араласып кеткен дәрежеге дейiн бiрдей немесе ұқсас тауар таңбасын тауар шығарылған жердiң атауын тiркеу күнiне дейiн кемiнде алты айға дейiн риясыз пайдалана бастаған тұлғалар оны кейiннен уәкiлеттi орган белгiлейтiн мерзiм шегiнде, бiрақ аталған тiркеу күнiн есептегенде, кемiнде жетi жыл пайдалану құқығын сақтайды. Тауар таңбасы пайдаланылмаған немесе тауар шығарылған жердiң атауы тiркелген күнге дейiн алты айдан аз уақыт пайдаланылған кезде тауар таңбасының қолданылуы мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
6. Жалпы жұртқа белгiлi тауар таңбасынан аумайтындай дәрежеде онымен бiрдей немесе ұқсас және тауар таңбасы жалпы жұртқа белгiлi деп танылғанға дейiн тiркелген тауар таңбаларының иелерi уәкiлеттi орган белгiлеген, бiрақ жетi жылдан кем емес мерзiм iшiнде оларды әрi қарай пайдалану құқығын сақтайды.
20-бап. Ескертпе таңбалау
Тауар таңбасына куәлік иесі тауар таңбасына қатар тұстан пайдаланылып отырған белгі Қазақстан Республикасында тіркелген тауар таңбасы екенiн көрсететiн латынның (R) әрпi түрiндегi ескертпе таңбалауын не "тауар таңбасы", "товарный знак" немесе "тiркелген тауар таңбасы" деген сөз белгiлерiн соға алады.
21-бап. Тауар таңбасына құқықты беру
1. Куәлiкте көрсетілген барлық тауарлар мен қызметтерге не олардың бiр бөлiгiне қатысты тауар таңбасына берiлген ерекше құқықты оның иесi басқа тұлғаға шарт бойынша беруi мүмкiн.
Егер ол тауарға немесе оның жасаушысына қатысты жаңылыстыруға себепшi болатын болса, тауар таңбасына құқықты беруге жол берілмейдi.
Тауар таңбасына құқықтың ауысуы, оның iшiнде оны шарт бойынша немесе құқық мирасқорлығы тәртiбiмен беру уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс.
2. Тауар таңбасын пайдалану құқығын тауар таңбасының иесi (лицензиар) басқа тұлғаға (лицензиатқа) куәлiкте көрсетiлген барлық тауарлар мен қызметтерге не олардың бiр бөлiгiне қатысты лицензиялық шарт бойынша беруi мүмкiн.
Лицензиатқа тауар таңбасын пайдалануға рұқсат беретiн лицензиялық шарт тауарлардың немесе қызметтердiң сапасы лицензиар тауарлары мен қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтыны және лицензиардың осы ереженің орындалуына бақылау жасауға құқығы бар екенi туралы ереженi қамтуға тиiс. Тауар таңбасына құқықтың күшi тоқтатылғанда, лицензиялық шарттың қолданылуы тоқтатылады. Тауар таңбасына құқықтың басқа тұлғаға ауысуы лицензиялық шартты тоқтатуға әкеп соқпайды.
3. Тауар таңбасына құқықты беру туралы шарт немесе лицензиялық шарт жазбаша түрде жасалып, уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс. Тiркеу туралы жазбаша нысан мен талаптарды сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
22-бап. Заңды тұлғаны бөлу түрiнде қайта ұйымдастыру кезiнде тауар таңбасына құқықты беру
Заңды тұлға бөлiнген кезде тауар таңбасына құқық тауарлар өндiру немесе қызметтер көрсету қолына көшкен жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.
Тауар таңбасының тiркелуiне себеп болған тауарлар өндiрудiң немесе қызметтер көрсетудiң бiр бөлiгi жаңадан пайда болған заңды тұлғалардың әрқайсысында сақталып қалған жағдайда, жаңа заңды тұлғалар, олардың келiсiмi болған жағдайда, тауар таңбасының тең иеленушісi болып табылады.