Бас бармақтың құпиясы
Жадымыздан өшкен жәдігерлерді түгендеу шаруасына шамамыз келгенінше үлес қосып қалу ниетімен жүрміз. Ұлттың кәдесіне жарар-ау деген дүние кезіге қалса, қалыс қалдырмауға тырысатынымыз бар. Сонау жылы мұрағат ақтара жүріп «Түркі жауынгері алыс жорықтан оралғанда аман-саулығының белгісі ретінде қос қолының бас бармағын жоғары қарата көрсетеді. Себебі, дұшпандары тұтқынға түскен түркі жауынгерлерін тірі жібергенімен, бас бармақтарын шауып жазалайтын болған» деген деректі жолықтырғанбыз. Алғашқысы аса жұмбақ емес. Бас бармақ қазір де жақсылықтың белгісі. Ал, «Неге жауынгерлердің басқа саусағын емес, тек бас бармақтарын шауып тастайды екен?» деген көкейдегі сауалға жауап таппай қойғанбыз.
1«Бір жоқ, бір жоқты табады» деген рас екен. Кейіннен «Жамбы атуды», яғни, ат үстінен садақ ату өнерін жаңғырту жұмысының басы-қасында жүрдік. Сол кезде жоғарыдағы сауалдың нақты жауабы да өзінен өзі табыла кетті. Қалай дейсіз бе?
Пайымдап көріңіз. «Адырнасын ал өгіздей мөңіреткен» біздің батыр бабаларымыздың мергендігі кезінде әлемге мәшһүр болды. Садақтың оғын жаңбырдай жаудырып жүріп жауын ойсырата жеңді. Дұшпанның мысын басып, бетін қайтаратын қалың жебе еді. Қарсыластарын қатты қорқытатын да сол садақ-тұғын.
Өкініштісі, біз осы кезде садақтың қалай атылатыны былай тұрсын, қалай аталатынын да ұмыттық. Адырнасы мен кірісін айырып білмейміз. Түсініктірек айтсақ, адырнасы деген – ағашы, кірісі деген – жібі ғой. Сол «жіпті» іліп тартатын, яғни, оқты ұшыратын бас бармақ екен. Күні бүгінге дейін бүтін түркі халықтары ұлттық садақтарының кірісін тек бас бармақ арқылы тартады. Көрдіңіз бе, баяғы заманда бас бармақтың жауынгер үшін қандай қадірлі, дұшпаны үшін қандай қатерлі болғанын? «Бас бармақ неге шабылады?» деген сауалдың жауабы осылай табылды.
Бұл күнде бас бармақты қайқайта көрсетсең – «керемет», «тамаша» дегің келгенін бестегі балаң да ұғады. «Жақсы» сөзін жақ ашып әуреленбей-ақ, бас бармақпен көрсететін жалғыз біз емес. Жер жаһанда бұл белгі тек Иран, Уругвай сынды бірлі-жарым елдерде ғана жақтырмаушылық пен әдепсіздік мағынасына ие екен.