Қазақстан атауы қайдан шыққан?
Бір қызығы, біз тарих оқулықтарында «Ежелгі Қазақстан», «бәлен ғасырдағы Қазақстан» терминін жиі қолданғанымызбен, бұл жиырмасыншы жылдары ғана дүниеге келген тым жас атау. Ғылымға оның бұған дейін небәрі екі рет қолданылғаны белгілі.
Ата Заңымыздың алғашқы жолы «Қазақстан Республикасы (Қазақстан) – демократиялық зиялы және біртұтас мемлекет» – деп басталады.
«Татулық, достықтың киелі бесігі –
Мейірбан Ұлы Отан, қазақтың даласы!» – Әнұранымыз осылай асқақтайды.
Айтпақшы, осы кең-байтақ Отанымыздың атауы – Қазақстан сөзі қайдан шыққан? “Қазақ елі бұл атауды қашан алған, кім енгізген, шығу тарихы, мағынасы қандай?” деген сауалдарды, әсіресе, егемендік алғаннан кейін жиі еститін болдық. Оның алғашқы түбірі «Қазақ» сөзінің шығу тегін бұрын-соңды тарихшыларымызбен тілші ғалымдарымыз мол зерттеді. Көп жазды. Оған тың жаңалық, тосын пікір қосу қиын.
Ал, екінші – «стан» түбірінің түпкі төркіні жөніндегі түсінгеніміз көп жағдайда бір жақты екенін байқаймыз. «Мемлекетіміздің жарты атауын алып тұрған «стан» дегеніміз не өзі? Егер бұл қасиетті, киелі сөз болса, Ресей – Ресейстан, Украина – Украинстан деп неге аталмайды? Орысша «полевой стан» дегенді «дала қосы» деп аударамыз. Кең-байтақ елімізді қосқа теңеу лайық па?» – деп, біраз ағайын реніш танытады.
1925 жылы А.Байтұрсынов пен С.Сейфуллин қазақ тілінде «Қазағыстан» деп емлелік тұрғыдан дұрыс жазуды заңдастырып берді. Мұны 1936 жылғы Кеңестердің VIII сьезі өзгертті. «Енді егемен елміз, ел атауын Қазағыстан – Казахистан етіп орнына келтірсек қайтеді» – деп, бір зерек азамат тарихқа бойлайды.
«Еліміз 1936 жылғы одақтас республика болып құрылғанда ол «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы – Қазақ ССР-і болып бекітіліп еді. Яғни, қазақ республикасы еді. Енді неге Қазақстан Республикасы атанды?» – деп «стан» қосымшасын одан сайын заңсыздандыра түседі бір замандасымыз.
Біздің тархи деректерге жүгінуге мәжбүр еткен де Қазақстан атауы хақындағы осы қилы көзқарас. Әңгімені «станның» қазақтың да, орыстың да сөзі емес, парсының – ел, жер, орын деген мағынаны білдіретін ұғым екенінен бастайық. Кешегі Персия – бүгінгі Иран елінде басқаларда уәлаят, облыс, штат, провинция болып келетін әкімшілік бөлініс – остан (стан) делінеді. Күрдістан (күрділер елі) Систан (шөлді аймақ) Белужстан (белужілер мекені), Лорестан, Хузестан аталып, 24 останы парсылар елін құрайды.
Қуатты парсы жұрты ерте ғасырларда төрт құбыласына тыныштық бермей, бірде Қырымға, бірде Сыр бойына, арғы жағында Ауған мен Үндіге шапқыншылық жасап тұрған ғой. Ауғанстан, Үндістан, Пәкстан елдерінің бүгінгі атауында сол тарихи оқиғалардың таңбасы сақталған. Түрік тайпалары мекен еткен аймақты алдымен – Түркістан, кейіннен – Дешті Қыпшақ (Қыпшақ даласы), Моғолстан (Моғолдар мемлекеті) деп алғаш атаған да парсылар екен. «Стан» секілді «дешт» атаулары Иран жерінде қазір де жиі кездеседі.
Парсылық тіркес бізге Самарқан шаһарындағы Жалаң төс баһадүр салдырған сәулет ескертікші – Регистан атауымен де жетті. Регистаныңыз – құмды жер, алаң деген мағынада.
Жалпы, Түркістанның – түркілер елі екендігі ғалымда ешбір талас туғызбайды. Бүгінгі Түркістан ұғымы бір кездегі Түркістаннан қалған із, бабалар тарихынан еншіленген атау екенін айту үшін де Түркістан тарихына тоқталмай өте алмаймыз. Ең алдымен академик Бартольдтің: “Туркистан или Туркестан – персидское слово, имеющее значение «Страна тюрков» (шығ. ІІІ том, 520-бет) дегеніне табан тірейміз. VI ғасырда түрктер мен парсылардың шекарасы Окс «Т-урк-астан» елінен ағып шығатын өзен екен. Иә, сол VI ғасырдан-ақ түркі жұрты қоныстанған кең-байтақ аймақ Түркістан атымен белгілі болған.
Қазақтар өз елін бұрын-соңды Түркістан атады ма? Біздіңше, олай атауы мүмкін емес. Бұқар, Тәттіқара жырларындағы Түркістан – қазақ хандарының ордасы болған Түркістан қаласы екені түсінікті. Түркістан он бес ғасырлық дәуірінде Шавгар, Ясы, Хазрет деп талай өзгере келіп, жеке мемлекеттерге ыдыраған түркілер елінің ортақ атын өзіне енші етіп қалуы да тарихтың тамаша бір сыйы емес пе!
Тегі түрік екенін ұмытпағанымен, қазақтар мен басқа да қандас халықтардың өз елін Түркістан атауы қисынға келмейді. Ендеше о баста парсылар берген атауды соңғы екі-үш ғасырда ғылыми терминге енгізілген өзге елдер, халықтар деп түсінген жөн. Ол – ағылшындар болуы, бәлкім. Өйткені, сол тұста Оңтүстік Азияда отаршылдық отын тұтата бастаған ағылшындар парсы қолданысындағы ұғымдар ықпалымен Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Блужстан атауларын орнықтырса, ежелгі Түкістанды ұмытуы мүмкін емес.
Ілім-ғылымды Еуропадан күтетін Ресей 1867 жылы құрған әкімшілік аймаққа Түркістан генерал-губернаторлығы атауын теліді. Орыстар отарлық жаңа бөліністі Түркістан қаласына орай емес, Еуропа ықпалымен атағаны байқалады. Рас, қала орыстарға он жетінші ғасыр басынан бері белгілі. Мұны 1630 жылы «Жайық пен Жемнен шығып, Түркістан арқылы Ертіске жеті аптада жеттік» («Материалы по истории русско-монгольских отношений» 1607-1636 гг. 15-бет). 1694 жылы елші Аталықов «Түркістан қаласынан Тобылға 55 күн жүріп келеді» (Казахско-русские отношения в XVI-XVII веках» 16-бет) деген мәліметтер айғақтайды. Алайда, өлке ретінде Түркістанды орыс сөздіктері мен анықтамалары тек «19 ғасыр мен 20 ғасырдың басындағы кезеңнен» («Сов. Энц. Словарь» 1379-бет) әріге апармайды.
Алғашқысы, тәжік жазушысы Зайнаддин Васифидің «Ғажайып оқиғалар» мемуарында кездеседі. 1537-38 жылдары өзбек ханы Ұбайдолланың қазақтарға жорығын баяндағанда ол Сайрам өзенінің бойынан аттанған әскердің «Қазақ стан жаққа» бағыт алғанын жазады. Алайда, шын мәнінде мұның қазақтар мекендейтін жерге, қазақтардың еліне аттанды дегенді білдіретін ауызекі сөз қолданысы екенін аңғару оңай. Ешкім мұны біздің еліміз он алтыншы ғасырда Қазақстан аталған деген дәлел ретінде ұсына алмайды. Алаң көңіл ететін біз үшін бүгінгі үйреншікті ұғымдар – «Қазақ» пен «станның» тәжік (парсы) тексінде қатар келіп тұрғаны ғана. Он алтыншы ғасырда Қазастан ел атауы ретінде қалыптасқан болса, ол Моғолстан өмірін, қазақ жерлерінің тарихын жазып қалдырған өзіміздің М.Дулати шығармаларында кездесер еді.
Екіншісі, 1911 жылы Ордада шыққан тұңғыш қазақ газеттерінің бірінің «Қазақстан» аталуы. Орал әскери губернаторына газеттің аты «…означает в переводе «Киргизский край» деп жазғанда шығарушылар болашақта мұның еліміздің тұрақты атына айналарын сезді ме екен? Сексен жылдан кейін тәуелсіз елдің бас газеті де «Егемен Қазақстан» аталарын, сөйтіп, өздері ұсынған «Қазақстанның» мәңгілікке кетерін сол азаматтар білсе ғой, дейсің осындайда. Әлде Ғұмар Қарашев, әлде Бақытжан Қаратаев, бәлкім Шәңгерей Бөкеев немесе Сейітқали Меңдешев пен Елеусін Бұйрин өз қаражаттарын ортаға салып, газетті шығаруға күш салған қайраткерлердің бірі осы атауды ұсынды ғой…
Қазақ елінің ресми түрде Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы – Қазақстан деп аталуы 1925 жылдың сәуірінен басталды. Ақмешітте өткен Кеңестердің V құрылтайының шешімінен бұған дейін Қырғыз АССР-і болып келген республика халқының атын қайтарып алды. Әйтсе де, Қазақстан атауының әр кезде әр түрлі жазылып келгенін бүгінгі ұрпақ білмеуі мүмкін. Қазақ тілі үндестігінің біразға дейін өзге тіл ережесіне «қарсылық» заңымен ол 1941 жылдың 13 науырызына дейін «Қазағыстан» деп жазылып келді. Әр бағанасынан, бетінен латын ығысып, күн сайын кирил жайлай түскен «Социалистік Қазағыстан» газетінің жаңа әліпбиді мойындап, өз атауына амалсыздан өзгеріс енгізгені осы күн еді.
Жаңа атау орыс тілінде де бірден оңалып кете қойған жоқ. Ұлтымыз «Қазақ», еліміз «Қазақстан» болды да кетті. Қазақтың біз емес екені белгілі. Сондықтан 1936 жылдың 5 ақпанында Әліби Жангелдин мен Ораз Исаев қол қойған үкімет қаулысы алынып, он жыл бойы осылай қақсаған орыс ағайындарға жаңа ереже жасап берді. «Для более правильного произношения на русском языке слова «қазақ» и в соответствии с казахским …писать не «казак», а «казах», не «Казакстан», а «Казахстан» деген қаулыны 1936 жылдың 6 ақпандағы нөмірінде жариялаған орыс тіліндегі республикалық газет фирмасына көз жіберсек, аса шапшаңдықпен бір түнде «Казахстанская правдаға» айналып үлгірген екен.
Сонымен көп ағайындардың көңіліне қылау түсіріп жүрген, еліміздің атауына бір кезде парсылар берген, ағылшындар әлемге таратқан, кеңес өкіметі қайта теліген «стан» түбірінің тарихы осы. Біреулер оны бізді кемсіткендік, дала қосына теңегендік деп, үстірт ренішке бой алдыратындай.
Орыс елінде «стан» сонау 14-16 ғасырларда әкімшілік-территориялық бірлік ретінде қолданылған. Ол анықтама кез келген сөздікте кездеседі. Осы орайда, бұл ұғым орыстың өзіне 13-15 ғасырларда Русь княздіктерінің Алтын Орданың қол астында болуына байланысты енбеді ме екен деген ой келеді. Әйтеуір, орыстың «станының» бәрі алысты, шеткейді (Туркестанский край) шегара жақты (станица), бөтенді (вражеский стан) аңғартып тұратыны неліктен екен?
Кейде осы қосымшаны бізге Кеңес үкіметі зорлап теліді деудің өзі қисынға келмей тұрады. Бұрынғы одақтан тараған тоғыз түркі елінің бір де біреуі қазір «станды» жатсынып отырған жоқ. Өз тілдерінде Узбекистон, Туркменистан, Башкортостан болып әртүрлі үндестікте жалғанғанмен, бәрінің бастауы – Түркістан! Тіпті, Түркіменстан бұрында толық атауын жазғанда басқалардай екінші түбірін қысқартпастан, Түркменистан ССР-і (Түркімен ССР-і емес) болып жазылатыны есімізде.
Иә, «стан» бізге жат болса революцияға дейін шыққан газетіміз «Қазақстан» аталар ма еді. Абайдың Ақылбайы өткен ғасырда өз қиссасын «Дағыстан» атар ма еді? Тілімізге әбден кіріспесе, Сәкен: «Советстан, біздің стан, совстан!» деп жырға қосар ма еді. Күні кеше Төлеген Айбергенов: «Көкшетау ормандары, жүрегі бұлбұлстан, Маңғыстау армандары, көзімнен бір-бір ұшқан» деп сағындырғанда, бұл буынға басқа ұйқас таппағандықтан жүгініп отырмаған шығар.
Талай көркейген, талай құлаған, сан әміршінің тағын тұғырландырған, сансыз жау тұлпарының тұяғы таптаған, сонда да қасиеті жойылмай, Түркінің бір мұрагері – қазақтың астанасы болып бұйырған Түркістаны бар елдің аты да сонымен үндес – Қазақстан болғаны несі мін? Сонау ғасырларда алысқа әмірі жүрген парсылардың өзі санасып, Түркістан десін, Дешті Қыпшақ десін, Моғолстан (Жетісу) десін – мемлекет танып, мойындап өткен байтақ өлкеге ие болып қалған бүгінгі жұрт Қазақстан атымен әлемге қайта танылып отыр.
Жай Қазақстан емес, көптің бірі Кеңестік Қазақстан емес, азат, егемен, Тәуелсіз Қазақстан! Байырғы тарихынан тамырын үзбеген елдің атауы жиырмасыншы ғасырдың соңында жұмыр жер картасына дербес жазыла бастады. Оның аты – Қазақстан, Қазақ елі.