Жүйкесі «тозғандар» саны өсіп барады
Ақпан айының аяғында Оңтүстік Қазақстан облысы Балықшы ауылының 43 жастағы тұрғыны 6 көршісін атып, ауыл сыртына шығып, соңғы оқты өзіне арнаған еді. АҚШ-та мұғаліміне ренжіген мектеп оқушыларының сыныптастарына оқ жаудырып, жайратып салуы дағдыға айналып барады. Кейбір азаматтар, тіпті, болмашы нәрсенің өзіне түтігіп, бір-біріне жұдырығын ала жүгіреді. Ақтөбе қаласындағы үш тілде оқытатын №21 гимназияға балаларын тасыған ата-ананың бір-біріне жол бермей, білек сыбанып төбелескеніне жақында өзіміз куә болдық. Осының бәрі неден?
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының болжамы бойынша 2020 жылға қарай депрессияға шалдыққан «нервныйлар», жүйкесі бұзылған жандар көбейеді екен. Бұл аздай, мамандар тарапынан депрессияға ұшыраған адамдардың басқа аурулармен салыстырғанда 2 есеге дейін көп көз жұматыны да айтылған.
Қазақстанда қазір жаны күйзеліске ұшыраған адамдар саны 300 мыңдай. Жұртшылық арасында «жындыхана» немесе «дурдом» аталатын психоневрологиялық диспансерге дені сау адамның да түсуі оп-оңай. Аурудың бүгін күліп жүрген жанды алып ұруы қиын емес.
Сырқатқа кез келген мамандық иесінің, әртүрлі жастағы азаматтардың шалдығуы мүмкін. Қоғамның алмасуы, өтпелі кезең, нарықтық қарым-қатынастың қалыптасу сәті, елдің экономикалық жағдайына ғана емес, адамдардың психологиясына, жүйкесіне де ерекше әсер етті. 90-шы жылдардағы кәсіпорындардың тұралап қалуы, жаппай жұмыссыздық, қылмыстың көбеюі, бұрынғы адами құндылықтардың адыра болуы, әсіре қымбатшылық адамдар санасына ауыр салмақ салды. Қазір соның салдарын жер шарының 450 миллионға жуық тұрғыны тартуда. Тіпті, 2007 жылдардағы ғаламдық қаржы дағдарысы кезіндегі Жапонияның банкротқа ұшыраған бірқатар бизнесмендерінің өздерін-өздері өлтіруі әлі ұмытылған жоқ. Дүниежүзінің әрбір төртінші отбасының бір мүшесі жүйкесі бұзылу дертінен айыға алмай келеді. Сол кезеңнің санаға салған салмағы одан әрі ауырлай түсуде. ДДСҰ (ВОЗ) әлем халқының 12 пайызының жүйкесі жұқарған деп есептесе, 2020 жылға қарай олардың саны 15 пайызға жететіндігін жорамалдап отыр. Жүйке бұзылуы науқасы арасында депрессия, невроздар бірінші орынға шығады деген болжам осы дерекке сүйеніп жасалынған.
2005 жылғы «Психикалық денсаулық және қоғамдағы қауіпсіздік» тақырыбымен өткен 1-ұлттық конгресінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын әлемде 1 млн адам өмірлерін өздеріне қол жұмсап аяқтайды екен. 20 млн. адам өздерін-өздері өлтіруге әрекет жасайды. Бұл көрсеткіштердің бүгінде өсе түскені анық. Ақтөбе облыстық психоневрологиялық диспансерінің бас дәрігері Рауза Құбаеваның айтуынша, қалада жүйке ауруларына әртүрлі дәрежеде шалдыққан 2 мыңдай адам есепте тұрады. Аталған диспансер туралы адам сенгісіз қауесет көп. Прокуратура тарапынан тексеру болып тұрады. Олардың іздейтіні – абақтыға ұқсас бөлме екен. Бас дәрігер мұндай күштеп ұстайтын арнаулы бөлме атымен жоқ екенін айтады. Кейбір сырқаты асқынған «тентектер» дәрінің уытымен қалыпқа түсіріледі.
Жүйкесі «тозғандар» қандай әлеуметтік топ арасында жиі кездеседі десек, депрессияның асқыну қаупі отбасыларымен салыстырғанда, жалғызілікті және ажырасқандар арасында 2-4 есе жоғары болады екен. Ал, әйелінен ажырасқан және жалғызбасты еркектердің жүйкесі жалғызілікті әйелдермен салыстырғанда, әлсіз. Депрессияға жұмыссыздар, үмітсіз науқасты күтушілер, дәрігерлер мен қоғамдық тамақтандыру саласының қызметкерлері көбірек ұшырайды.
Психолог, мұғалім Шолпан Құрмашеваның айтуынша, балалардың агрессиялық ұрыншақ мінез-құлқына телеарна және интернет қана кінәлі емес, оларға ата-аналарының көңіл-күйлері де әсер етеді. Мәселен, бір оқушы қыздың қызмет істейтін анасына бастығы «күн көрсетпейді» екен. Үйіне келген анасы ішіндегі мұңын қызымен бөлісетін көрінеді. Оқушы жасөспірімге бұл мәселе айрықша ауыр тиіп, үнемі ашуланып жүретін болған.
Бүгінгі жүгірмектер қандай ойын ойнайды? «Терроршы» ойыны «ермекке» айналыпты. Бұрынғы «соғыс» ойынының орнын сол баса бастаған. Екі команда: «террористер» және «спецназ» болып ойнайтындар «қолға түсірген» «лаңкесті» көпқабатты үйдің жертөлесіне қамап, босатуды сол күні ұмытып кетеді. Қол-аяғы байлаулы «тұтқынның» сол түнде жүйкесі бұзылып шығады. Бүгінгі таңда мұндай мысалдар баршылық.
Адам өзінің психикалық жағдайын дер кезінде сезінеді ме? Көңіл-күй неге жиі бұзылады? Дәрігер, медициналық психолог Айнұр Мәндібаеваның пікірінше, адамның тез шаршауы, селқостық, өмірдің мәнін жоғалтуы, тамаққа тәбетсіздік, өзін күтпей салдыр-салақ киінуі, жақындарына жаны ашымауы – жүйке жұқаруының белгілері. «Кейбіреулер психоневрологиялық диспансерге қаралудан қашқақтайды. Психиатрға көрінбесең де, психологтар кеңесінен үрікпеу қажет», – дейді, дәрігер А. Мәндібаева. Соңғы уақытта оқушылар, жастар арасында өзіне-өзі қол жұмсау деректері көбейіп, Қазақстан ТМД елдері арасынан алдыңғы қатарға шықты. Республикалық психиатрия-психотерапия және наркомания ғылыми-тәжірибелік орталығы ел азаматтарының психикалық денсаулығына талдау жасайды. Мәселе – үкімет бақылауында.
Орталық 1990-2000 жылдар аралығында санаға түскен салмақтың енді жеңілдей бастағанын айтады. Дәрігер-психиатрлар әлемдік психикалық ауруларды екіге бөледі. Бір топқа – психоз, шизофрения, депрессиялық психоз, жарақатқа және инсультқа ұшырағандар кіреді. 90-шы жылдары халықтың 25 пайызы психикасы бұзылу зардаптарын шекті. Қазір де жұмыстан қысқарту, әртүрлі аттестациялар қарсаңында психологтар көмегіне жүгіну қажет. Маман психологтар пікірінше, адамның мінез-құлқы психологияға байланысты. Мәселен, сыбайлас жемқорлық, коррупция әлеуметтік құбылыс ретінде әлеуметтік сала психологиясына қатысты. Ал, әлеуметтік психология мен медициналық психологияның ара жігін қалай ажыратуға болады? Орталық мамандары оның арасы өте жақын екенін айтады. Әлеуметтік психология қоғамдағы өзгерістерге байланысты. Ал, жұмыстан қысқару – әлеуметтік фактор. Егер одан кейін адамда депрессия байқалса, ол медициналық қызметке жатады.
Дәрігерлер қазіргі қылмыскерлер «жынды» болып көрінуге ұмтылмайтынын да айтады. Ақтөбе облысындағы сот медициналық сараптамасына заң бұзғандар жиі жолдама алады. Олардың ішінен 5 пайызының ғана ақылы аумалы-төкпелі болып шығады. Ондайлар Алматы қаласының түбіндегі «Талғар» түрмесінде жазасын өтейді.