Балалар медициналық ұйымынындағы психолог қызметінің нейропс
Балалар медициналық ұйымынындағы психолог қызметінің нейропсихологиялық аспектілері
Медицина, психология, коррекциялық психология салаларының өзекті мәселесі болып табылатын балалардағы және жасөспірімдердегі психикалық қызметтің бұзылулары дисциплина аралық және трансмәдени зерттеулердің қажеттілігін туындатуда. Сондықтан балалардағы және жасөспірімдердегі психикалық қызметтің бұзылуларын алдын алудағы басты мәселе медицина мен психологиядағы ғылыми және гуманитарлық бағыттардың байланысында жатыр [Шерешевский Г., 2007].
Бұл мақаланың ең басты ойы келесідей: бүгінгі таңда жұмыс жасап жатқан балалар медициналық ұйымдарына нейропсихологиялық көзқарас қажет. Оқудағы қиындықтары айқын байқалатын балалар санының күрт өсуі, мерзімінен ерте және салмағы аз болып туылған, соған сәйкес құрсақтың ішінде тиісінше жетілмеген мидың қалыптасуында сәбилерді тәрбиелеу мен үйретуге арналған арнайы бағдарламалар оқу орындары мен балалар медициналық ұйымдардағы нейропсихологтардың жұмысын қажетсінеді. Көптеген зерттеулердің теориялық талдамасына [Пылаева Н.М., Ахутина Т.В., 1997; Хомская Е.Д., 1997; Цветкова Л.С., 1972; Л.С. Семенович А.В., 2002], сонымен бірге психологиялық орталықтардың іс жүзіндегі жұмыстарына сәйкес, нейропсихологиялық әдістердің баланың әлсіз және күшті қабілеттерін анықтауға, коррекциялық әдіс-тәсілдердің тиімділігі туралы идеялық ұсыныстарды құруға мүмкіндіктер жасалуда.
Көптеген елдердегі нейропсихологиялық қызметтің кеңінен таралуы барлық балалардың тиісті оқуға түсуі және оқудағы қиындықтар мен жүріс-тұрыстағы нейробиологиялық негіздерді зерттеудің алға басуымен сипатталатын халықаралық және заңнамалық актілерімен тікелей байланысты. Оқудағы қиындықтардың «мидың кішігірім дисфункциясы» ретінде қарастырылатын қалыптасқан ортақ пікірге қарсы дәлел ретінде дамудағы тежелулер мен баланың қалыпты жағдайындағы бақылауларға сүйеніп, жаңашыл әрі нақты эмпирикалық және теориялық бастамалар жасалды [Шерешевский Г., 2007]. Бастапқы уақытта нейропсихологиялық зерттеу әдісі мидағы механизмдерді тек патология жағдайында емес, сол күйді зерттеу арқылы қалыпты күйдегі реакцияларды да зерттеу қолға алынған. Сондықтан қазіргі таңда нейропсихологияда психикалық функциялардың қалыпты уақыттағы күйін танып білуге үлкен қадам жасалды. Сонымен, нейропсихологияның өз ішінде нейропсихологиялық норма немесе дара ерекшеліктер нейропсихологиясы деген түсінік қалыптасты [Хомская Е. Д., 1998; Хомская Е. Д. и др., 1997; Ахутина Т.В, 1998].
Бүгінгі күні нейропсихологиялық ұстанымның негізінде психикалық іс-әрекеттерді құрайтын психиканың тетіктерінің мидың қай бөлімшелерінің жұмысына жауап беретінін анықтау ісі жатыр.
Психологиялық үрдістер күрделілік құрамы бойынша психологияда келісілген әрі бір-бірімен байланысты мидың оң және сол жарты шарына, қатпардағы және оның астындағы бөлімшелердегі қызметке жауап беретін тетіктердің байланысында жатыр. Қазіргі заманғы ресейлік нейропсихологтардың зерттеулері бойынша, психикалық функциялар мен оның құрамдас бөліктерінің күшті немесе айтарлықтай әлсіз болуы дамудағы тежелулер емес, қарапайым заңдылық болып табылатынын пайымдады [Ахутина Т.В 2000]. Дәл осы психикалық функциялардағы әркелкілік нейропсихологияның негізгі зерттеу нысаны болып табылады [Хомская Е.Д., 1998; Хомская Е.Д. және басқалары, 1997; Ахутина Т.В 1998].
Қалыпты күйдегі балалардың әлсіз жақтары қатты шаршағанда көрініс береді. Ал оқудағы қиындықтары бар балаларда функциялардың әркелкілігі айқындау білінеді, олар әлсіз жақтарын күшті жақтарымен теңдестіре алмайды. Соның нәтижесінде оның әлеуметтік ортаға бейімділігі төмендейді, бұл жағдайға тәрбиеші мен мұғалім да назар аударады. Көп жағдайда психоәлеуметтік ортадағы қиындықтар балаларда психосоматикалық сипаттағы әр түрлі ауруларды туғызуы мүмкін. Білім беру жүйесінің бағдарламасы тілді және ойды білдірудегі сөйлеу қабілетін, санау және хат тану машықтарын дамытуға бағытталған. Ал қимыл-қозғалыс, көру-моторлық координация, кішігірім моторика, графикалық машықтарды пысықтауға аз көңіл бөлінеді. Ахутина Т.В., Пылаева Н.М. бұл туралы былай дейді: «…соңғы жылдары экологиялық және әлеуметтік құлдырау және оқу бағдарламасының күрделене түсуі мен балалар денсаулығының нашарлауы тікелей байланысты. Қиындатылған тапсырмаларға жүйелі түрде тап болған балалар өздерінің денсаулықтарын нашарлату арқылы жетістіктерге жетуі немесе үлгерімі төмен оқушылардың құрамына қосылуы ғажап емес». Сәтсіз жағдайлардың көптеп кездесуі мен сәтсіз сәттерді қобалжып күту жағдайы жүріс-тұрыстық және жүйкелік-психикалық тежелулердің пайда болуына түрткі болады.
Алғашқы реттік писхосоматоздың пайда болуы «стресстен кейінгі психосоматикалық қорғансыздықтың» туындауына себепші болады. Мұндай эмоционалдық сілкіністен кейін әр түрлі мүшелер мен жүйелердің тарапынан да әр түрлі психосоматикалық белгілер пайда болып, психосоматикалық циклды құрауы мүмкін. Мектептегі стресстік жағдайлардан туындайтын дидактогенді невроздардың негізгі себебі оқыту жүйесінің жекелеген балалардың ми қызметіне сай болмауының нәтижесі болып табылады [Марилов В.В. 1996, Запорожец А.В. 1986, Базарный В.Ф. 1991]. Психосоматикалық жабырқаушылықтардың туындауына бүгінгі таңда жиі кездесетін ата-аналар мен ұстаздардың мектептік даярлыққа (оқу, санау және жаза білу) деген аса жоғары тапсырысы да себепші. Баладағы графикалық машықтардың жоқтығы назарға ілкпейді, қолмен кішігірім моториканы, көру-моторлық координацияны дамыту, сонымен қатар баланың летаральды талғамын ескеру тіпті есепке алынбайды.
Егер қазіргі заманғы технологиялар абстрактілік-логикалық ойлау қабілетін дамытуға негізделсе, мектептік ілгерінді бағдарламалар жетілу заңдылықтарын ескерместен алға «секіріп» кетіп жатыр. Сондай-ақ мектептік кезеңде балада оң жақ жарты шардың басым қызмет ететіні [Ротенберг В.С. 1989] және белгілі бір жағдайды логикалық тұрғыдан қарастыру барысында ми жүйесінің өте жоғары белсенділігі қажет етілетіні, ал бұл қарапайым оқушының әлдеқайда көп талпынысын қажетсінетіні дәлелденген.
Нейропсихологиялық әдістердің медициналық ұйымдар тәжірибесіне енгізу ісі келесі критерийлердің арқасында жүзеге аспақ:
· балаларға коррекциялық-жетілдіру жұмыстарын өткізу үшін емдік дене тәрбиесі кабинеттерін қолдану (сенсомоторлық репертуарды кеңейту үшін іс-қимыл жаттығуларын , дыбыс терапиясын қолдана отырып, кіші моториканы дамыту, сабақ өткізу үшін арнайы құрал-жабдықты қолданып, арттерапияны жүргізу);
· балалардағы психосоматикалық бұзылыстардың алдын алу және оны сауықтыру мақсатында коммуникативтік машықтар мен қорқыныш, қобалжуларды жеңуге тырысатын психокоррекциялық сабақтарды өткізу;
· арнайы медициналық персонал – емдік дене тәрбиесі кабинеттеріне жаттықтырушыларды дайындау;
· дәрігер-невропатолог, аллерголог, педиатр, логопед және басқа мамандардың медициналық көрсеткіштер динамикасын кеңесіп талқылау жұмысын алға қою;
· медициналық ұйым психологының тарапынан жағымды даму динамикасын бақылап отыру.
Балалармен жұмыс жасаудағы нейропсихологиялық аспектілер туралы сөз еткенде, бастауыш мектеп оқушыларының вербалды емес ойлау қабілет мен кеңістіктік ойлай білу ерекшеліктерін ескеруге назар аударған аса қажет. Сондықтан аталмыш жағдайлар әрі қарай да нейропсихологиялық тәсіл қолдануда трансмәдени зерттеу тұрғысынан ғылыми-әдістемелік жұмыстарды қажет ететіндігі айқын.