Боза ішіп көргенсіз бе?
Сонымен, боза дегеніміз не?
Боза - дәнді дақылдардан ашытып жасалатын ежелгі сусын. Бір тәулік бойы суға бөктіріліп қойылған дән жармасының сары суын төгіп тастағаннан кейін, қалған тұнбаға белгілі мөлшерде май, су құйып, оттың табына жайлап қайнатып, ботқа жасайды. Оны суытып қойып, дәнді дақылдың бір түрінен (тары, арпа, т.б.) ашытқы дайындайды. Ол үшін дақылды қажетінше алып, үстіне ыстық су құйып, 3-4 сағат бөктіреді де, сүзіп алып, жылы жерге жайып қойса, 3-4 күнде дәндері өнеді. Бірден кеуіп кетпес үшін, үстін жауып тастайды. Өнгеннен кейін, келіге салып түйеді. Осылайша дайын болған қоспаның үстіне суытылған қайнаған су құйып, жарты тәуліктей ашытып қояды. Содан соң, дайын қоспадан ыдысқа керегінше салып, қайнаған салқын суға араластырып, сүзгіден өткізеді. Алынған сұйық сусын боза деп аталады. Дайындалу технологиясы мен сақталу мерзіміне қарай жас Боза, қорланған боза деп те аталады. Жас боза құрамында 4-6%, ал қорланған бозада 12-15% спирт болады. Бозаның уытсыз, жай ашытқымен жасалған түрін мақсым боза дейді. Бұндай анықтама «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясында берілген.