Қазақ бұдан да өттi…


ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ресейдiң саяси сахнасында Столыпин деген «кемеңгер» пайда болған. Ресейде революциялық қозғалыс күшейiп, үлкен қызметтегi шенеунiктердi былай қойғанда, патша әулетiнiң өзiне қарсы қастандықтар ұйымдастырыла бастаған кез. Столыпин терроршылардың, негiзiнен, кедейленген бұқара халықтан екенiн жақсы бiлген, сол себептi Ресейдiң қара шаруаларын иен жатқан» қазақ даласына, Сiбiрге көшiру керек деп шешедi. Осылайша революция мен террордың ошақтарынан алыстаған, жаңа жерде мал бітiп байыған шаруалар ендi революция мен террорға емес, керiсiнше бейбiт өмiрге, тыныштыққа бейiм болады, себебi, революция оны жиған дәулетiнен айырады. Осылайша, орта тап (средний класс) қалыптасады. Ал саны көп әлуеттi орта тап бар жерде революцияға ешқандай негiз жоқ, себебi, орта тап реформаның негiзiнде қалыпты дамуға мүдделi. Тамаша. Бiрақ, шаруа өзiнiң тамыр тартқан жерiнде отырып, игiлiктi сол жерден жаратпаушы ма едi? Жоқ, жарата алмайды. Себебi, помещиктер, дворяндар ешқашан да шаруаларға өз жерiн бермейдi. Мемлекеттiк Думадағы помещиктердiң партиясы үнемi Столыпинге қарсы болған. Помещиктердiң, дворяндардың бұл «принципшiлдiгi» ақырсоңында революциядан кейiнгi Азамат соғысы жылдарында Ақ гвардияның жеңiлуiне, мыңжылдық Ресей империясының күйреуiне себеп болған. Қолына қару алып Бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа аттанған орыстың мұжығы, помещиктер мен дворяндар, соғыстан кейiн жердi үлестiрiп беремiз деп өтiрiк болса да уәде берсе, сол помещик пен дворянның жолында өлер едi. Ресей империясының тарихы, оның сыртында адамзат тарихы мүлдем басқа арнамен дамыр едi. Бiрақ, орыс ақсүйектерi тiресiп тұрып алған, ештеңе де өзгертiлмейдi деп кесiп айтқан. Олардың бұл ақымақтығын Ленин тамаша пайдаланған. Помещиктердiң жерiн өз жерiндей «үлестiрген». Революциядан кейiн мұжықтарға жердi де, суды да, орман-тоғайды да мәңгi иелiкке берем деген. Нәтижесiнде, орыс солдаттары майданды тастап жер бөлiсуге деревняларына қайтып келген. Ленин осылайша жеңiске жеттi. Ал Азамат соғысы аяқталғаннан кейiн, өзiне тиесiлi жерде өз игiлiгiн тудыра бастаған кулактарды қалай қырып, қалай аластағаны кешегi тарихтан белгiлi. Бірақ, бұл кейiн болған тарих. Ал бiз Столыпинның реформасына қайтып келемiз. Бүлiкке бейiм шаруаларды шынында да Сiбiр мен Қазақстанның жерiне көшiрiп алып келген. Бұларды қазақтар переселен немесе қарашекпен деп атаған. Кейiннен Қазақстан жерiн жаулау iсi аяқсыз қалды. Арада 50-60 жылдай уақыт өткенде барып тың игеру деген атпен бұрынғы саясат өз жалғасын тапты. Бұл 1955 жылы басталған iс. Бастаушысы– Хрущев. Алайда, бұл да кейiнгi тарих. Бiз ендi 1932 жылдың нәубетiне қайтып келемiз. Қазақтың бастан кешкеннiң барлығын айтып жату шарт емес. Бұл әлденеше рет егжей-тегжейлi әңгiме етiлген тақырып. Бiз бұл жерде Американың байырғы жұрты үндiстер мен сахараның байырғы жұрты қазақтардың ортақ тағдырын ғана атап кетпекпiз.
Үндiстердiң тарихы жазылды, құқық қорғаушылар, пацифистер олардың басына келген нәубеттi тәптiштеп жазды, айтатын жерiнде айтты. Ал бiзде мүлдем басқаша болған. Бiз өзiмiздiң түбiмiзге жете жаздаған саясатты мадақтадық. Осылайша нұрлы болашаққа бара жатырмыз дедiк.
Мен 1996-1998 жылдар аралығында «Заман-Қазақстан» қазақ-түрiк газетiнде орыс бетiнiң редакторы қызметiн атқардым. Бiрде бас редактор Жұмабай Шаштайұлы менi және жазушы Дидар Амантайды шақырып алды да, «екеуiң мемлекеттiк архивке барып, 32 жылғы аштық кезiндегi «Социалды Қазақстан» газетiнiң тiгiндiлерiн қарап мақала жазып келiңдер» деп тапсырма бердi. Дидар екеумiз шiруге айналған газеттердi оқып отырып түршiктiк. Газетте аштық жайлы бiр ауыз сөз жоқ! Керiсiнше, социалистiк шаруашылықтардың, колхоз-совхоздардың еңбек майданында жеткен жетiстіктерi жайында шаттыққа толы мақалалар мен репортаждардан аяқ алып жүргiсiз.
Жерiңдi жаулап, елiңдi қырғынға ұшыратқан басқыншыны мадақтату, жырлату – «социалистiк» системаның ғана қолынан келетiн «мұғжиза» шығар. Осы Столыпин бастап, Ленин мен Сталин жалғастырған. Хрущев тағы бiр белге шығарған iстiң қыр-сырын «ұлы жазушы» Солженицын ашып бердi. Өзiнiң Кремль көсемдерiне арнап жазған «Как нам обустроить Россию» атты мақаласында ол Қазақстанның ең шұрайлы, сулы, нулы жерлерiн тiзiп шығады да, осының бәрi орыстың жерi деп қорытады. Ал Бетпақдада сияқты шөл мен шөлейт жерлердi алып, бөлiнем десе, онда қазақтарды алдынан жарылқасын деп «бата» бередi.
Бұл Нобель сыйлығы лауреатының аузынан шыққан сөз болсын, мейлi, әйтеуiр Ресейдiң неше ғасырлық империялық саясатының күрмеуi болып табылады.
Кей-кейде ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы болып өткен, адам атты пенденi мүлдем жаңа қырынан ашқан, тарихты бұрын беймәлiм жаңа арнаған бұрған оқиғалар тiзбегiн көз алдыңа қайыра елестетесiң, ойға батасың. Осының бәрiнiң себебi не, себепкерi кiм? Саяси және аграрлық реформаларға қашанда қарсы болған, сол себептi революция мен террорға кең жол ашып берген орыс аристократиясы ма? Бұратана халықтарды жойып, босаған жердi орыстың крестьяндарына алып бермек болған, осылайша Ресейге төнiп келе жатқан революция тасқынын тоқтатпақ болған Столыпин бе? Әкеден қалған таққа заңсыз отырған, заңсыз билiк құрған узурпатор, ал империяның басына бұлт үйiрiлгенде бұлғаққа, анархияға жол берiп қойып жайбарақат қарап отырған, ақырсоңында өзiнiң басын жұтқан Николай II-шi ме? Адамзаттың сорына жаратылған Ленин мен Сталин, Троцкийлер ме? Карл Маркстың ешқашан iске аспайтын қияли теориясы ма?
Себеп көп. Нәтижесi бiреу – адамзат қанға батты. Алайда 1917 жылы басталып 1991 жылы аяқталған әлеуметтiк эксперимент барысында әр халық өзiнiң жазмышына орай түрлi несiбе татыпты. Ал империяның жетегiнен шыға алмаған, ең ауыр несiбе бұйырған халық – әлбетте, қазақ.
Революция мен Азамат соғысы жылдарында Қазақстанның жерi майданға айналды. Ары-берi жосылған қызылдар да, ақтар да қазақты қырды. Қазақ бұдан да өттi.
1932 жыл көрден тiрiлiп келген «Ақтабан шұбырынды» едi. Қазақ бұдан да өттi.
1937 жыл. Жаламенен бас кеткен кез. Бүкiл Алаштың қаймағы жойылды. Қазақ бұдан да өттi.
1939 жылы финдермен кескiлесiп басталып, 1946 жылы жапонменен жандасып барып әзер аяқталған, жетi емес – жетпiс жылға созылған Екiншi дүниежүзiлiк соғыс – бүкiл адамзаттың белiн қайыстырған ұлы майдан едi. Қазақ мелдегiнен қан кешiп бұдан да өттi.
1953 жылы Сталин өлдi. Ол өлiмнiң сұрқылтайы да кiшiгiрiм соғыс едi. Қазақ одан да өттi.
1955 жыл. Тың басталып, солтүстiк аймақтар «бейбiт түрде» жауланып, Ресейдiң құрамына кiрдi десе де болғандай едi. Қазақ одан да өттi. Ер халқымыз осы зобалаңның барлығын мойымай кештi, қандай ауыртпалық болса да қабақ шытпай көтерiп алады.
Кейде, қазақтың қилы заман, тағдырдың қандай талқысынан болсын жүгi ауса да аман шығатынын пайымдап отырғанда, «осы, Құдайдың өзi бiз жағында емес пе екен» деген пендешiлiк ой көкiректен жылт ете қалады. Кiм бiлiптi. Болмыстың бiз түсiнбейтiн сырлары көп қой…
Таласбек Әсемқұлов
Боз бетеге, сұр соқпақ… мақаласынан үзінді