Қазақ билер сотының бітімгерлік рәсімі


Тарих беттеріне үңілсек, қазақта түрме, абақты, бас бостандығынан айыру сияқты жазалау шаралары болмаған. Адам өліміне соққан қылмыстың өзі құн төлеумен, яғни, «Ердің құны екі ауыз сөзбен» билер кесімі арқылы өз шешімін тауып отырған. Сондықтан, қазақ билері бейбіт шешім, бітімгерлік рәсімін өткір тіл, әділ сөз құдыретімен тоқтатқан. Құн, жер, жесір дауы, барымта, қарымта даулары да шешен сөз, ұтқыр ой, парасатты пайыммен бейбіт түрде шешілген. Билер ең алдымен даугер мен құныкер, айыпкер, барымташылар жағын өзара бітістіруді, даудың арты үлкен жанжалға айналып кетпеуін ойластырған. Ханға да, қараға да бұра тартпай, оларға би кесіміне бас идіре білген. Жалпы, қазақ сөз құдыретін ежелден бағалаған халық. Оған бидiң басты қаруы – сөз екендігі, ал, сөзге тоқтамау – ең ауыр қылмыс саналғаны дәлел. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет.
Қазақ заң ғылымының корифейі, ғұлама ғалым Салық Зимановтың «Би, ең алдымен, – сот (судья), деп жазуы бекер емес. Себебі, шындық пен әділдікке жету қазақ құқығының, оған негізделген билердің соттық шешімдерінің түпкі негізі, яғни, түпкі мақсаты саналғаны ақиқат. Сондықтан, билер шешімі мен кесімінің түп қазығы әділдік. Бабаларымыз «Атаңның құлы айтса да, әділдікке бас и» немесе «Би төрттің құлы, бұл төртеуі – адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» деп, тайға таңба басқандай бидің қашан да әділдіктің құлы екенін өсиет етіп кеткен. Билер сотындағы басты мақсат әділдік болса, оған жетудің ең үлкен жолы сайысушылық процесі болды. Билер сайысудың, сөз таластырудың нәтижесінде дауласушыларды өзара бітімге жетелеген. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», демекші, бет-жүзіне қарамай, шындықты шыңыраудан шығарғандай айту, биге жүгінген екі жақтың да өз іс-әрекеттерін саралауға мүмкіндік берген. Билер сотының түпкі мақсаты – дауласушы жақтарды бітістіру, татуластыру, табыстыру болған десек, «Дау мұраты – біту» нақыл сөзі осыдан қалған.
Ұлттық салт-дәстүрлер дала заңдылығының қайнар көзі. Осыған сай заң нормаларына сүйенген билер дау-дамайды көркем сөзбен, кестелі оймен рет-ретімен тарқатып отырған. Билер тек қана соттың ғана емес, сонымен қатар, сот процесіндегі адвокаттың да, прокурордың да, тергеушінің де, судьяның да рөлін атқарған. Оны олардың «айттым бітті, кестім үзілді» деген бір тарапты ғана қолдайтын пікір айтпағандарынан көруге болады. Билер алдына келген даудың шындығына жету үшін тергеу амалдарын да жасаған. Мысалы, Әйтеке би ұрыны анықтау үшін арнайы киіз үй тіктіреді. Үйдің ішін көз көрместей қараңғы етіп, оған қара күйе жаққан ақ лақты қамайды. Сөйтіп, күдікті деп алдына алып келген төрт-бес жігітке «үйге кіріп лақты сипайсыңдар, егер лақ қайсысың сипағанда маңыраса, онда сол ұры» дейді. Күдіктілер киіз үйге кіріп, далаға шыққанда би олардың қолдарын қарайды. Сөйтсе, бәрінің алақаны қара күйе де, біреуінің ғана қолы таза болып шығады. Яғни, ұры лақты сипасам маңырар деп қорқып, өзін-өзі ұстап береді. Ұры бұлтартпас айғақпен ұсталды. Енді ол жалтара алмайды, мал иесіне малы үшін екі-үш есе құн төлейді. Демек, қазақ даласындағы даулардың барлық уақытта бітіммен бітуінің бір көрінісін билердің осындай тапқырлығының арқасы деуге болады. Халқымыздың біртуар ұлы, ұлт жанашыры Нәзір Төреқұловтың: «Ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, милицияның да, қаншама мекеме, ұйым басшыларының да қызметін атқарып келген», деуі қазақ даласындағы билер рөлінің баға жетпес құндылығын айқындап тұр.
Заңгер-ғалым С.Созақбаев өзінің «Тәуке хан. Жеті жарғы» атты еңбегінде қазақ қоғамындағы даулы істің қаралуын екі сатыға бөледі. Мысалы, соның біріншісі, дауласқан тараптар билердің істі қарауына дейін, өзара келісім арқылы дау түйінін шешуге әрекет жасайды. Әдеттік құқықта оны «Бітім», «Береке» немесе «Салауат» деп атаған. Соның біріншісіне тоқталсақ, «бітім» – аты айтып тұрғандай, екі жақтың өзара келісімі арқылы, нақты айтқанда ризашылығымен даудың аяқталуы. Мұндай жағдайда, яғни, екі жақ бітімге келсе, одан кейін ол істі билерге қарауға құқық берілмейді. Себебі, бітімді, өзара келісімді бір жақты бұзу сөзде, сертте тұрмаудың, жалпы ар-ожданның белгісі. Ал, бабаларымыз сертте тұрмауды өлгенмен бірдей бағалаған. Қазақ даласындағы осындай тамаша қасиеттерге сүйсінген орыс ғалымдары билер сотының халқымыздың салт-дәстүрлерінен бастау алатынын мойындаған. Мысалы, қазақ әдет-ғұрпын зерттеген Левшин, Баллюзек, Козлов «қазақ билер соты – бітім мен келісім соты» деп таңғалып жазса, көп жылдар бойы Қазақстандағы Патша əкімшілігінде қызмет еткен көрнекті орыс зерттеушісі С.А.Словохотов билер сотының халыққа жақындығына, əділдігіне көзі жетіп, билер сотын «бірегей» жəне «халықтық» деп баға берген. Ғалым Күлтелеев «Қазақтың қылмыстық-ғұрып құқығы» деген кітабында ресей шаруаларының өзара дауларын шешу үшін қазақ билеріне жүгінгенін келтіреді. Қазақтардың дауды ұрыс-керіссіз, бір-бірін тыңдап, бір мәмілеге келе отырып шешуінде билер сотындағы бітімгерлік рәсімінің ықпалы зор.
Қазақ билер сотының бітімгерлік рәсімінің тағы бір көрінісі Тәуке хан тұсынан қалыптасқан «Жүгініс» институты. Осы институт екі адамның ғана емес, жалпы, рулар арасында туған даулар мен қақтығыстарға шешім шығарады. Руаралық, ауыларалық дау-дамайды билердің алқалық құраммен қарау рәсімі тарихтан белгілі. Оның тәртібі бойынша істі қарауды бастамас бұрын дауласушылардың келісімімен, дауға ешқандай қатысы жоқ, әділеттілігімен ел көзіне түскен, ақыл-парасаты жоғары, қарапайым тілмен айтқанда ала жіпті аттамаған төбе би сайланады. Төбе би даудың шығуына себеп болған істің мән-жайын бүге-шігесіне дейін алқа құрамындағы билерге баяндап, екі жақты өзара бітімге келуге шақырады. Соның өзінде дауласушылар бітіспесе, онда билерге ұсынылған барлық дәлелдер таразыға салынып, алқа өздерінің билігін айтады.
Даугерлер мен жауласқан руларды тапқырлық айтқыштығымен бітімге келтіру арқылы ел арасын татуластырып, рулық қарым-қатынастарды нығайтуда дала билерінің данышпандығы үлкен рөл атқарды. Бұл тұрғыда Майқы би, Төле би, қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Бұхар би, Әнет би, Шоң би тағы басқа билерді ел мен елді, ағайынды бір-бірімен жарастырушы бітімгер, ел-жұрт құрметтеген тарихи тұлғалар ретінде ерекше атауға болады. «Турашыл би елін оздырады, тумашыл би елін аздырады», демекші, қазақ билерінің атасына саналған осы тұлғалар дауды шешу кезінде сот əділдігін барынша қамтамасыз етуге тырысып, ақиқаттың ақ туын жоғары ұстады. Дауды қарау барысында əрбір тараптың кеңеске өзінің биімен, кейде өз руласының мүддесін қорғайтын бірнеше бимен қатысуына рұқсат етілуі де, даудың ушықпай бітіммен бітуіне мұрындық болды. Билер сотында сырттан кездейсоқ келіп бір тарапты жақтауға рұқсат етілмеді.
Тағы тарихқа жүгінсек, қазақ билерінің билік айтуы, іс қарауы көпшілікке ашық, жариялы түрде өткен. Яғни, барлық оқиға жұртшылықтың көз алдында өрбіген. Тіпті, дауласушы тараптардың пікірталасы, тартқан куәгерлері мен келтірген дәлелдерінде құпиялылық болмаған. Дау шешудегі ашықтық, сонымен қатар, билер шешімінің міндетті түрде орындалуы олардың беделін одан әрі нығайта түсті. Егер салынған айыпты төлей алмайтын болса, онда билердің құн төлеуді жауапкердің туыстары немесе ағайындарына жүктеуі бұл – билер сотының «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ» дейтұғын даналықты ұрпақ санасына сіңіріп, қазақ халқының бауырмалдылығы мен ынтымағын мәңгі етуді мақсат еткен ізгі бағытынан туса керек. Мұны тілімізге тиек етіп отырғанымыз, қалайда шешім орындалуы керек. Екі жақ келісіп тұрғанның өзінде, жауапкердің өз міндетін орындауға шамасы келмеуі мүмкін. Сондай жағдайда оны қиыншылықтан ағайын-туыстың көмегімен алып шығуы – билердің асқан көрегендігінің және билер сотындағы бітімгерлік рәсімін нығайтудың жарқын көрінісі.
Академик С.Зиманов бұл тұрғыда: «Қазақ құқығында барлық дау-дамайлар азаматтық-құқықтық сипатқа ие болды және олар мүліктік немесе ұялтатын, масқаралайтын, бітімгершілік және өзге де азаматтық жазалаумен ғана шектелді. Сөйте тұра, әділдік туы асқақ болды. Жетімін жылатпады, жесірін қалдырмады. Бұдан артық қандай ізгіліктік керек?!» дейді. Шынында да қазақ халқының мақтанышына айналған данышпан билеріміз əділ сотты жүзеге асыру арқылы ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға, елдің біртұтастығын нығайтуға ерен еңбек сіңірді. Қазақ халқының дәстүрлі құқығындағы алтын діңгек – ұлы үш бидің ұлылығы өзара бірлігінде болды десек, олар сол бірлік-берекені әрбір керіскен, жауласқан, кектескен қазақ бойына қара қылды қақ жарған әділ биліктерімен сіңіруді, оларды өзара келісімге келтіріп, татулыққа шақыруды мақсат етті.
Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі нәтижесінде қалыптасқан құқықтық мәдениетінде көп халықта кездесе бермейтін еркіндік бар. Мысалы, олар билер сотының шешімімен келіспесе, өзiнiң қарсы пiкiрiн бiлдiрiп, абыройын, ақтауға құқылы. Халық түсінігінде соттың басты мiндетi – үкiм шығарып, айыпталушыны қайткенде де жазалау емес, төрелiк етiп, әдiлеттiлiктi орнату болып қалыптасқан. Бұған жоғарыда айтқан билер сотының бітімгерлік рәсімдері дәлел. Билердің мәртебесi қазақ жұртында қашан да жоғары бағаланған. Әдiлеттiлiгiмен аты шығып, турашылдығымен жұрт көңiлiне жаққан билер ел бiрлiгiне нұқсан келтiріп, ағайын арасында алауыздық туғызғандарды тезге салып отырды. Ендеше, дәстүрлі қазақ қоғамының идеологиялық iргетасының өзi билер институтынан нәр алып жатыр десек артық айтқандық емес. Нақ осы себепті, замануи қоғамымыздың идеологиялық негізін нығайту бағытындағы мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған іс-шараларды жандандыру мақсатында, ұлтымыздың үштағаны іспеттес: Сөз – Билік – Заң секілді құндылықтар құдіретін бірдей ұштастыра білген қазақ билері үлгісі қоғамымызда іргелі түрде кеңінен насихатталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ойымды даналар сөзімен қорытар болсам, Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыз «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын» десе, Елбасымыз «Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ғасырлар тоғысында өзінің арғы-бергі тарихын ой елегінен өткізіп «Кеше кім едік? Бүгін кімбіз?» деген төңіректе ойлансын. Туған елінің, туған халқының тарихы ешкімнен олқы еместігін түсінсін. Әрбір азамат өзінің ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын» дегені ой салады. Демек, тарихты танып, талап үдесінен шыға білу біздің басты парызымыз.
Айбол Ибрагимов,
Астана қалалық сотының Кеңсе басшысының орынбасары.