Қазақия тарихындағы хан билігі мен билер институты
Ежелден ен даланы еркін мекендеген қазақ халқының өзіндік этно-мәдени, әлеуметтік-құқықтық заңдылықтары ғасырлар тезінен тегістеліп кәдеге асырылып, күнделікті отбасы, ошақ қасындағы жол-жоралғыдан бастап, әлеуметтік ортаға қарай ойысатын салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүрлі заңдылықтарға дейінгі дала ережелері қағазға хатталып түспесе де қатаң қағидаларды ұстанып, соған негізделген болатын. Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы.
Әлемдегі өзге халықтар мен ұлттар алғашқы тобырлық тіршілікті басынан өткеріп, бірін-бірі аяусыз құл етіп қанап, бірі-бірінің құқықтарын аяққа таптап жатқан кездің өзінде ата-бабаларымыз ақ пен қараны ажыратып, обал мен сауапты терең түсініп, еркіндік, әділеттік, адамгершілік категорияларын ту етіп көтеріп, нағыз демократиялық сипаттарға толы қағида-ережелерді ұстанып, күнделікті тұрмыс-тіршіліктерін осы қағидаларға негіздеп өмір сүрді.
Қазақ халқын құрайтын ежелгі ру-тайпалар кезеңінен бастау алып, Қазақ хандығының құрылуы, оның дамуы, саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани байланыстары халықтың саяси мінез-құлықтың қалыптасу ерекшеліктері уақыттың қатаң сынақтарынан өткен болатын. Осы тұста «Қазақ хандығы» деп аталатын төл мемлекетіміз саяси-әлеуметтік және мәдени-құндылықтарды негізге ала отырып, дәстүрлі қазақ қоғамына тән хандық билік институты қалыптасты.
Қазақ хандары әдет-ғұрып құқығының нормаларын жүйелі жетілдіріп, қоғам талаптарына орай өзгерістер енгізіп, оларға ресми сипат беріп отырды. Әдет-ғұрып заңдарын алғашқы жүйелеуші Қасым хан болатын. Бес бөлімнен тұратын заң жинағында мүлік, жер қатынастары, қылмыс пен жазаға қарсы құқықтық нормалары, әскери міндет, дипломатиялық этикет мәселелері қамтылды. Қасым ханнан соң әдет-ғұрып құқықтары Есім ханның тұсында қайта жүйеленді. Негізінен Есім хан Қасым хан тұсындағы құқықтық ережелерді негізге алған болатын, сондықтан ескі жолды жалғастырушы ретінде «Есім ханның ескі жолы» деп аталды.
Қазақ халқы өздерінің арасында туындайтын айтыс-тартыстың түрі мен мазмұнына сай шешендігін, білімділігін, даналығын үнемі жетілдіріп отырды. Соның нақты көрінісі Әз Тәукенің тұсындағы атақты «Жеті жарғы» әдеп заңы еді. Айтулы билермен ақылдаса отырып жасаған «Жеті жарғы» негізінен көшпелі қазақ қоғамының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне, қарым-қатынастарына, моральдық ұстанымдарына қатысты негізделіп жазылды. Онда елдің бүтіндігін, шаңырақтың беріктігін сақтау, адам өмірінің құндылығын арттыру, ер-азаматтың тұлғасын асқақтату көзделді.
Қазақ хандығы заңдарының түп-төркіні қазақ халқында ұрпақтан –ұрпаққа жалғасып келген әдет-ғұрыптық ережелерден туындады. Бұл ғұрып-әдеттік ережелер ежелден ел салтына сіңген. Халық бұқарасына түсінікті заң болды. Әдет-ғұрып нормалары өз мәнін, мазмұнын жоймай іске асып жатты. Олар қылмыс пен жаза саласында – қанды кек не құн төлеу қағидасы, неке саласында жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасы, сот саласында – әділдік, жариялылық, шешендік қағидалары.
Қазақ халқының мемлекеттік тарихында құқықтық танымы мен санасында халықтың әдет заңының мәдени-әлеуметтік, саяси құқықтың маңызы өте жоғары. Тәуке хан тұсында жүйеге түсіп қабылданған әдет заңы ел өмірінде өлшеусіз маңызды қызмет атқарды. Жеті арна болып, ел өмірінің жеті саласын тұтас қамтыған әдет заңының жүйесі халық мемлекет жеке адам тіршілігінің барлық бағыты бойынша қағидалар мен ережелерді қалыптастырды.
Қазақ халқының әдет-ғұрып нормаларының тағы бір артықшылығы, қолданылатын жазалардың тым қатал емес, яғни ізгіленгенінен айқын көрінеді. Сондықтан да болар, қазақ даласында түрме, абақты, бас бостандығынан айыру деген жазалау шаралары болмаған. Оның есесіне Тәуке хан тұсындағы «қанға қан» ұстанымының орнына билердің ықпалымен құн төлеу институты кеңінен қолданылған. Құн төлеу негізінде кісі өлтіргені үшін немесе адамның дене мүшесіне жарақат түсіргені үшін белгілі бір мөлшерде моральдық-материалдық төлем ақы төлеу ұстанымы жатыр.
Қазақ хандығы дәуірінде қолданылған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» бұл заңдар Орта Азиядағы феодалдық мемлекеттер мен хандықтар қолданып отырған «шариғат» заңынан мүлде басқаша болатын. Бұл Қазақ хандығының ерекше тарихи әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайының туындысы еді. Қазақша «жарғы» әділдік деген ұғымды білідреді. Түпкі мәні әр нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл, әділ айырудан шыққан. Дауды тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап «қара қылды қақ жарған» деп мадақтаған. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери демократия арнасына барып тіреледі.
«Келісіп пішкен тон келте болмайды»- деген қазақ кеңес арқылы мәселені шешуге ықтиярлы болған. Толық мағынасында ең әділ де, таза адамдардың теңдігін шынайы мойындаған билік жүйесі қазақ даласында алғаш билерден басталады. Ұлы даланың ұлан-ғайыр сапырылыс өмірінде үлкен орын алған билер институтының қалыптасуы кейбір зерттеулердің негізінде қазақ хандығы құрылғанға дейін орын алғандығын көруге болады. Оны ел аузында айтылатын Шыңғысханды таққа отырғызып тоғыз бидің бірегейі болған Майқы би есімімен байланыстырамыз. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген қанатты сөз бүгінгі заманға жетті. Елбасы Н.Назарбаев «Барлық қазақтардың басын бір ұлтқа біріктірген Майқы би әйгілі қазақ шежіренамасының негізін қалаушы болды, онда мұсылмандыққа дейінгі және мұсылмандықтан кейінгі сенім-нанымдар табиғи бірігіп кетті»- деп атап көрстеткен болатын өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында.
Әз Тәукенің тұсында әйгілі болып, Абылай хан дәуірінде аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бірлесіп, ұлтты береке бірлікте сақтау жолында қызмет етті. Қазақ халқының үш биі өз дәуірінің ғана емес, болашақ ғасырлардың еншісіне тиесілі болып қала беретін дана тұлғалар. Далалық демократияның іргетасын тұрғызып, көшпелі өмірдің өзіндік болмысын, теңдік пен еркіндікті, халық билігін сақтау жолындағы кемеңгер билеріміздің қызметі ұшан-теңіз.
Қазақ даласындағы билер институтының кемелденіп дамуы Қазақ хандығы кезеңімен тұспа-тұс келеді. Келер жаудың алдын алу батырға жүктелсе, болар даудың алдын алу билерге міндеттелген. Олардың ең басты қызметі – елді бірлікке ұйыту, берекеге шақыру, ынтымаққа ыңғайлау, хан мен қараша арасында дәнекер болу. Ханнан қысым көрген қараша билерден әділ билік іздеді. Ханы қатыгез болса да, бидің әділетті болуын халықтың өзі сұрады. Сондықтан да би ханнан гөрі халыққа жақын тұрды.
Ата-бабаларымыз «жол мұраты – жету, дау мұраты – біту» дегенді нақыл етіп ел арасындағы даулы мәселені ушықтырмай түйінді төрт ауыз сөзбен шешуді мақсат еткен. Ол үшін әділ билік жасайтын әйгілі би-шешендер қажет болды. Әсіресе, қазақ үшін «жер дауы мен жесір дауының» бітпес дауасын табу қашанда оңай болмаған.
Билеріміз сөз құдіретін тиімді пайдаланып, шешім шығару кезінде ғасырлар бойы қалыптасқан арнайы заңдарды жетік білген. Ол туралы ұлы Абай өзінің үшінші қара сөзінде: «…Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» болғандағы «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына тартымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ. Бұрынғы қазақ жайын білетін жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» – деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере болғандықтан түссе, әйтпесе түспесе» – деуі көп нәрсені аңғартады.
Сол себепті жарлы да, қараша да от ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жарып, әділ билік айтатын би-шешендерге мүдделі болды және оларды ерекше қастерледі. Би-шешендер билік айтып, кесім кескенде барынша ақ пен қарасын айырып, істің әділдігіне жүгінген. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөз содан болар. Билердің кесім, бітімі ашық аспан астында, көпшіліктің көзінше айдан анық жария етіліп отырған. Әділдікті түп қазық етіп алған билік айтудың бұйдасын екінің бірінің қолына ұстата алмаған. Бұл жөнінде Шоқан Уәлиханов «Сот реформасы» еңбегінде былай дейді: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, одан қала шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған». Сонымен бірге, ұлы ғалым Шоқан 1854 жылғы жаңа заңға қатысты ойларын айта келе, қазақ даласында ежелгі билердің соты баяғы қалпында жүргізіліп келе жатқандығын баса айтқан болатын. Шынында да Шоқан Уәлиханов нақтылап айтқандай, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ даласында билер соты үстемдік құрып келген. Патшалық Ресей тарапынан бірнеше рет (1824, 1844, 1854) ережелер бекітілсе де билер соты халықтың күнделікті өміріндегі тартыстарды қалпына келтіретін ең тура да әділ, ыңғайлы заң ретінде өз орнын сақтап қалды. Сол уақыттың өзінде патшалық сот реформасы ежелден келе жатқан жергілікті халықтың құқық дәстүріндегі «Жеті жарғы» және басқадай заң жүйелерімен санасуға тура келген. «Бұл құқықтық ережелер,-деп жазады зерттеуші П.Е. Маковецкий, – «қағазға түспесе де көшпенділер бұл заңдарға ерекше құрметпен қарады». Осы құқықтық ережелердің негізінде халықтың мұң-мұқтажымен санасу арқылы дана-билер қалыптасты.
Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған. «Қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жеген. Алты алаштың да бүтіндігін, татулығы мен басының амандығын тілеп, сол үшін еңбектенді.
Дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің маңызды буыны – би халық түсінігінде: сот, төреші; батагөй, шешен; бітістіруші дипломат, елші ретінде ұғынылды. Би, «Жеті Жарғы» бойынша, өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкімшілік билік (ханмен қатар) жүргізді. Өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп пен тыныштықтың бұзылмауына жауапты болды. Осылайша, билер билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тірегіне айналып, сұлтандармен тең құқылы дәрежеде мемлекеттік мәселелерді талқылауға қатысты.
Хандықтағы билер кеңесінің беделі күшті болғаны соншалық, хандар кеңестің келісімі мен қолдауынсыз мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шеше алмаған. Ханның қолында негізінен атқарушы билік шоғырланса, заң шығарушылық қызмет пен сот билігін билер кеңесі атқарған. Бүгінгі тілмен айтқанда шынайы демократияның төменгі құрылымдардан басталуы деген осы. Оның өзі адамдардан теңдік, еркіндік құқықтарын ескеруді талап етуге негізделген.
Қазақ хандығы дәуірінде қалыптасқан заң жүйесі мен дәстүрлі мәдениет өлшемдері қазіргі уақытта тарихи құқықтың ескерткіші болуымен қатар, бүгінгі заңгерлерді, қоғамдық ой өкілдері тағылым алатын тарихи да, ғылыми да маңызы жоғары ақыл-ой қазынасы болып табылады. Қазақ қоғамын саяси басқару мен сот жүйесін модернизациялаудың жемісті болуы – саяси реформалардың бұрынғы қалыптасқан саяси дәстүрлермен, қоғамдық құндылықтармен сабақтасуына тығыз байланысты екендігін ұлы Абай атап көрсеткенді. Сондықтан да осы тарапта еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз сот жүйесін құру, құқық саласының тиімділігін арттыру бағытында өрелі жұмыстар атқарылды.
Еліміздегі ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде қазақ халқының толеранттық ұлттық санасы мен саяси мәдениетінің маңызы қаншалықты зор болса, ғасырлар бойы ұлттық санамыз бен саяси мәдениетіміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан би-шешендеріміздің үлесі ұлан-ғайыр. Көне дәуірлерден бой көтерген хан билігі мен билер институты ел мен жердің мүддесі үшін қызмет етті.
Тілеген Садықұлы Садықов