Білімге қолы жетуі – менің халқым үшін ең үлкен бақыт
Жәңгір хан: «Білімге қолы жетуі – менің халқым үшін ең үлкен бақыт»
Қазақия тарихында ерен еңбегімен халық жадында қалған асыл бабаларымыз аз болған жоқ. Әр уақытта, елдігіміздің әр кезеңінде халқым дейтін тұлғалар халыққа қызмет етіп отырған. Бірі саяси билігін, енді бірі қаржылық тәуелсіздігін пайдаланып ұлт үшін өз көмектерін көрсетіп жатты. Соның бірі – Жәңгір хан. Кезінде отарлаушының арнайы қаралау саясатының құрбаны болған Жәңгір хан жөнінде бүгінгі күні тарихтың шындық беттері ашылып жатыр. Бұл мақала ханның қазақ мүддесі үшін жасалған бір еңбегі – Бөкей Ордасында мектеп ашуына арналмақ.
19 ғасырдың елеулі оқиғаларының бірі – Жәңгір хан мектебінің ашылуы. Әртүрлі деректерге сүйенсек, болашақ хан Қазан университетінде білім алып жүрген кезінде-ақ армандап жүріпті. Кейін хан тағына көтерілгеннен кейін де бұл мақсатынан бас тартпайды. Әрине, кейін бұл ұлтжандығы үшін Ресейден тиісті жазасын алып, түпкілікті сенімдерінен де шығады, тіпті өмірінен де айырады. Десе де әзірге қолымда билік барда елім үшін қызмет істеп қалайын деген ой болғанда шығар деп ойлаймыз. Сонымен, 1841 жылы бұл арманы жүзеге асады. Патшалық Ресейге қазақ даласында мектеп салу қажеттігін дәлелдегеннен кейін, рұқсатын алып мектеп салуға кіріседі. Еш жақтан көмек болмағаннан соң, өз күшімен, өз қаржысына бұл мектептің ірге тасын қалайды. Сөйтіп, 1941 жылдың 6 желтоқсанында қазақ даласында қазақ балалары үшін тұңғыш рет мектеп ашылыпты. Мектеп ішінде оқушылар партасы, арнайы тақты секілді мектеп үшін керек-жарақтың барлығы орнатылады. Орналасқан жері – Хан Ордасы қаласы.
Мектеп ашылғаннан кейін алыс-жақыннан арнайы ұстаздарды алдырды. Жәңгір хан мектебінің ең бірінші мұғалімі ветеринар дәрігер Константин Ольдекоп арифметика мен георгафия, орыс тілі мен грамматикасы, тарих пәндерін жүргізсе, Сәдридин Әминов татар, парсы, араб тілдерімен қатар, мұсылман дінінің заңдары мен ережелерінен дәріс беруші еді. Мектепте жұмыс істеген бұл ұстаздар тікелей хан қолынан сыйақы алып отырыпты.
Мектептің алғашқы түлектері де қазақ халқына елеулі еңбек қосқан азаматтар. Мысалы, этнограф, қоғам қайраткері – Мұхамед-Салық Бабажанов, қазақ ауыз әдебиетін жинаушы, би, әкім – Мұхамеджан (Мақаш) Бекмұхамедов, ақын – Шәңгерей Бөкеев, қазақ даласынан шыққан тұңғыш кавалерия генералы (бүгінгі генерал-полковник), патша заманында министр дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ – Ғұбайдолла Жәңгіров, ақын, Алаш қайраткері – Ғұмар Қарашұлы сында айтулы тұлғалар көп-ақ болды.
Түлектер арасынан мектеп жайлы айтқан Салық Бабажановтың мына бір пікірі бар: «…ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттілігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, 60 адам ислам діні, орыс жазуы және тіл жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін «Жәңгір мектебі» деп аталып келді»
Енді Жәңгірдің өзі жайлы бірер сөз. Совет кезінде арнайы түрде қараланған Жәңгір хандық құрған 22 жылдың ішінде көптеген игіліктерді істер жасап кетті. Хан Ордасы қаласын салдырып, оның жанында Хан дәрігерінің үйі, әртүрлі қызмет жайлары, үлкен бағы, оның ортасында ханның өз сызбасы негізінде 1835 жылы мешіт салынған.
Сол кезде Бөкей Ордасында жүрген А. Алекторов есімді зерттеуші, Жәңгір хан бірде-бір рет намазын қаза қылмаған, жұма сайын сұлтандармен бірге мешітке барып тұрған, Рамазан айындағы ораза кезінде онда таң атқанша болып жүрген деген естелігі бар.
Жәңгір ханның жүргізілген ағартушылық қызметі бұрын соңды ел билеушілерінің қолынан келмеген ісі. Заманмен дамып, қазақтың еуропаша білім алса деген арманының мына бір өзінің сөзімен-ақ білуге болады. Жәңгір хан: «Біздің балалар қоғамға ізгілікті түрде қызмет ету үшін білім ала отырып, барлық ғылымды біле алады деп жар саламын. Осының бәрі мені қатты қуантады, себебі білімге қолы жетуі – менің халқым үшін ең үлкен бақыт».
Дайындаған Рүстем Нүркен