Кешегі билер соты қандай еді?!
Қазақ хандығына биыл 550 жыл толып отыр. 15-ғасырдың 60- жылдарында құрылған Қазақ хандығы 18-ғасырдың ортасына дейін өмір сүрді. Үш жүз жылдан астам уақыт ішінде хандықтың басына көптеген хандар келді. Олардың өте ақылдылары, батырлары, саясатшылары ғана бүкіл қазақ еліне, яғни үш жүзге билігін жүргізе алды. Атап айтсақ, Жәнібек пен Керей, Қасым, Есім, Тәуке, Абылай. Қазақ хандығының күшті мемлекетке айналдырған хандардың бірі –Қасым хан. Ол тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі. Оның тұсында ақсүйектердің қарсылығы әлсіреп, әскер күшейіп, хандықтың жер көлемі кеңейді.
Қазақ халқы тарихында ерекше есімге ие болған хандардың бірі – Есім хан. «Еңсегейлі бойлы Ер Есім», «Есім салған ескі жол» деп аталған Есім хан ел билегенде бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрыптарды қолданды. Сондықтан ол «Есім салған ескі жол» деп аталды.
Қазақ тарихының төрінен орын алған хандардың бірі – Тәуке. Ол қазақ хандығының ішкі, сыртқы жағдайы қиындаған кезде қырық жылға жуық уақыт хан болды. Жуықтардан әбден қажыған халық әз Тәуке тұсында бейбіт өмір сүрген болатын. Ол қазақтың атақты билері Төле, Қазыбек, Әйтекемен бірлесе отырып, бүкіл қазақ елінің басын біріктіруге ұмтылды.
Тәуке хан Қасым мен Есім хан тұсында жасалған қазақтың әдет-ғұрпын, заң жобаларын бір ізге түсіріп, үш биді қатыстыра отырып, «Жеті жарғыны» жасады. «Жеті Жарғы» – қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына әсерін тигізген дәстүрлі құқық бастауы болып табылады және «дала конституциясы» деп атап, бұл құқықтық құжатқа заңгер ғалымдарымыз лайықты бағасын берген.
Тарихта «сот билігің алтын ғасыры» деп баға берілген билер соты қазақ хандығының құрылуы және қалыптасуымен тұспа-тұс келеді. Билер соты бұл қазақ еліне туа біткен, теңдесі жоқ ерекше құбылыс.
Билер біртұтас мемлекеттік билік ісіне қосқан үлесі және ел басқарудағы ісі, тапқыр билігі, көсем сөз, даналығымен танылған құрметті тұлға. Елбасына күн туған қиын сәтте халқына пана бола білген қорғаушы әрі қолдаушысы. Халық жадында «Елге бай құт емес, би – құт» немесе «Қабырғадан қар жауса – атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе – қабырғалы биге күш» деген даналық сөздер билердің мемлекет алдындағы беделінің тым жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Ш. Уәлиханов билердің беделін сипаттайтын келесі белгі нышандарын көрсетеді: а) бидің соттық билігі оның «жеке беделіне» негізделді; ә) шешендік өнермен бірге соттық дәстүрлерді білуі қазақтарға «би» деген атақ берді; б) айыпталушыға қарсы күдіктенуден басқа нақты айғақтар болмаған жағдайда билер ант беруді қолданатын; в) билер соты жария түрде, ауызша өтетін және барлық жағдайда қорғауға жол берілді; г) билер сотының басты ерекшелігі оның әр түрлі қатып қалған рәсімдерден аулақтығында; қазақтарда сот көне заманнан бар және бітімгершілік қағидасына негізделеді.
Билердің шешендігі белгілі бір дауларды шешу үстінде көрінген, шешендік-тапқырлық сөздері белгілі мақсатпен байланысты туған. Олардың дауласқан, айтысқан мәжілістеріне екінің бірі кірісе, араласа алмаған. Билердің берген төрелігіне шолу жасайтын болсақ, билер шешімдерінде бүгінгі күнгі құқықтық институттардың элементтері кездеседі.
Бір аңызда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек би ертеректе өлген бір кісінің құнын даулап Кіші жүзге келеді. Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ келісе алмайды. Бір күні есік жақта отырған бір жігіт:
Асқар тау, сенде бір мін бар – асу бермейсің,
Тасқын су, сенде бір мін бар – өткел бермейсің.
Билер, сендерде бір мін бар – басқаға сөз бермейсің! – деп тұрып кетеді.
Шақыршы анау қара жігітті, – дейді Қазыбек.
Жігітті шақырып келген соң:
– Шырағым қай баласын, аты-жөнің кім? – дейді билер.
Әкемді сұрасаңыз – жетесіз,
Шешемді сұрасаңыз – некесіз.
Туа салған бір баламын,
Тегімді сұрап нетесіз?- дейді жігіт.
– Балам, сөзің жетті, енді төрелігін айтып осы дауды өзің ие бола ғой!, – дейді Төле би.
Сонда қара жігіт түрегеп тұрып:
– Алты атасын арқалар жүргенді сіздерден көрдім, жеті атасын жетектеп жүргенді сіөздерден көрдім. Ескіріп кеткен дау екен! Бірақ құр қайтсаңыздар, ағалық назаларыңа қалармын. Ердің құны жүз қара қой. Кіші жүз санын жүзге толтырып тайынша-торпақ берсін, соған разы болыңдар! – дейді. Екі жағы да осы төрелікке тоқтап, разыласып тарайды.
Осы келтірілген мысалдан, Әйтеке бидің дау бойынша ескіру мерзімінің өткендігін алға тартқандығын көруге болады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 71-бабы ескіру мерзімінің өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды қарастырады.
Тағы бір мысал, Тоқтамыс заманында бір адамның жеті баласы болған екен. Өзі өліп, жалғыз ешкісі, жеті баласы қалыпты. Сонда тірі жүрген ешкіні жетеуі үлесін алып меншіктесіпті. Басын біреуі алыпты. Екі көзін біреуі алыпты. Төрт аяғын төртеуі алыпты. Өзге денесін біреуі алыпты. Сонда ең кенжесіне тигені ешкінің артқы аяғының біреуі екен. Сол кенженің сыбағасына тигеннің аяғы ақсап, иесі оған бұрыш, тотыяйын салып, шүберекке орап қойса, шүберек біреудің шығарып тастаған күлін басқанда, ішінде қалған оттан тұтанып, сонан біреудің егініне жайылып, от алып, егін өртеніп кетіп, егін иесі жетеумен дауласып, Тоқтамысқа келген. Тоқтамыс хан шүберек орағанды кінәлі қылып, егіннің төлеуін жалғыз соған бұйырыпты. Ол бейшара зарлап ботадай боздап келе жатқан соң, асық ойнап жүрген Едіге жөн сұрапты. Сонан ол бастан-аяқ әңгімесін айтқан соң, жетеуін бірдей шақырып алып: – Хан бұның төресін білмей берген екен. Мұнын төресі ол емес, мынау: бас бастамаса, көз көрмесе, сау үш аяқ жүрмесе, өзі жүруге жарамай қалған, көтеріп жүрген ақсақ аяқ қайда барады. Мұның төлеуіне бұл кінәлі емес. Бастайтұғын бас иесі, көретұғын көз иесі, жүретұғын сау үш аяқ иесі – солар кінәлі, – дейді. Мұны олар Тоқтамыс ханға айтып, жұрт бұл сөзді қостапты.
Егер ханды – мемлекеттік билік органы деп қарайтын болсақ, онда бұл келтірілген мысалдан, біз ханның берген төрелігіне разы болмаған бала шағым келтіргенің және Едіге би ханның төрелігін бұзғандығын, Едігенің шешкен шешімін халық қолдағаның көре аламыз. Билер тапқырлығымен ерекшелене білген. Қажет болған жағдайда айланы да қолданған.
Күндердің күнінде ханға бір қыз келіп бір жігіттің үстінен арыз айтады: «Қолымнан алтын жүзігімді тартып әкетті һәм өзімді қорлап кетті», – деп. Сол уақыт жігіт те келіп – «Ей, тақсыр, бұл өтірік маған нақақтан жала қылып отыр. Мен бұған һеч нәрсе де қылған емеспін һәм алтын жүзігін алған да емеспін» – деді. Хан қайран болады, үш күнге дейін билік айта алмайды. Сонда әлгі асырап алған баласы Едіге тұрып: – ата бұларға бұлайша бір айла қылыңыз: бір тақияны алыңыз, жігіт пен қызды шақырып тақияны қыздың қолына беріңіз де екеуіне айтыңыз: «Егер қолыңнан шығарып тақияны жігіт тартып алса, сенің айтқанын өтірік, егер тартып ала алмаса сеңін айтқанын рас болғаны», – деп, рұқсат берсеңіз сонан кейін билік айтып көрерміз дейді бала.
Хан баланың айтқанынша қылады да қыздың қолына тақияны беріп мықтап ұстатып жігітке тартқызады. Жігіт қаншама тырысып тақияны аламын дегенмен қыздан тартып ала алмайды. Ақырында хан екеуін де ертіп екі жерге отырғызып қойып баладан билік сұрайды. Бала тұрып: – «ей, ата, бұл қыздікі бекер, жала. Жігіт оның қолындағы жүзігін тартып алған болса, бұл тақияны да тартып алар еді, оны тартып ала алмады. Сондықтан, қыздың сөзінің бәрі жалған, бәрі өтірік», – деп бітім қылады да жігітті босатып жібереді.
Би – ел қамқоршысы, халық жанашыры болған. Жантай деген бай малшысымен төбелесіп, сол төбелесте байдың бір күрек тісі сынады. Жалшы «сенен шығамын» деп ақысын сұрайды. Бай «тісімді сыңдырдың, соның төлеуі үшін алдым» деп ақысын бермейді. Екеуі Қазыбекке келеді.
Жантай тұрып: «Мынау менің жалшым еді, өзіммен төбелесіп бір күрек тісімді сындырды. Бұның құнын сұрасам бермейді. Жалға жүрген ақымды бер деп жүр», дейді. Сонда жалшы тұрып:
Мен жалға жүрдім Жантайға,
Бір тай алмақ болып алты айға.
Бұл асына жарытпады,
Мен күшіме жарытпадым,
Содан барып төбелес туды,
Жазым болып күрек тісі сынды.
– Байдың аты бай емес пе, ақымды бермейді, үйінен қуады. Би ата, әділдігіңізге жүгінгелі келдім, – деп, сөзін аяқтапты:
– Ас адамның арқауы еді. Жантай асқа жартыпаған соң жалшыға күш қайдан дарысын. «Аш кісі ұрысқақ» деген төбелестің шығуына да өзің себеп болғансың. Сондықтан мынаның ақысын бер, күрек тісі құнсыз. Еркектің ет жейтін тісі аман болса, бір күрек тістен келер кемшілік жоқ. Ал әйелдің күрек тісі әрі көркі, әрі жіп қиятын қаруы, – дейді.
Келтірілген бұл мысалдан, қарсы талап қою институтының элементтерін көріге болады, яғни жалшы – жалға жүргендегі құнын сұраса, бай, қарсы талап қойып сыңған тісінің құнын сұрайды.
Заңның 15-бабына сәйкес, өз қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлармен қатар медиацияны жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) осындай мақсатта сайлайтын жергілікті қоғамдастықтың өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар мүшелері жүргізе алады. Заңның осы бір нормасы медиаторды сайлауды жергілікті халықтың билігіне беріп, жергілікті қоғамдастықтың жиналысы оны кім болса соған тапсырмай, жөн-жобаны білетін, қазылық жасай алатын, тәжірибесі бар, абыройлы және мінсіз беделді адамдарға жүктеуі қажеттігін көрсетеді.
Бүгінгі күні ол тәжірибеде орын алып та отыр. Заң газетінің беттерінде Түркістан қаласы, Шобанақ ауылының тұрғындары елге сыйлы азаматтарды сайлап қойғандығы айтылып кеткен болатын. Билер халық арасынан шыққан, халықтың сеніміне ие болған үлкен кемеңгер тұлғалар болған. От ауызды, орақ тілді, күміс көмей, жез таңдай халық шешендері халық арасынан қазір де табылады. Сондықтан, медиация институтын енгізу арқылы біз алтын ғасырдағы билер институтын жаңдандырғандаймыз.
Гүлдана Шарапатова
Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының судьясы