Абылай хан жайлы қалыптасқан екі теріс ұғым
Абылай хан туралы әңгімемізді одан ары жалғамас бұрын советтік отаршылдық заманында қалыптасқан, қазіргі кездің өзінде көп біледі дейтін зиялыларымыздың санасынан өше қоймаған кейбір теріс ұғымдарға тоқтала кеткен жөн. Оның біріншісі – Абылай бар қазаққа хан болған жоқ, елдің бір бөлігін ғана биледі дейтін қияс тұжырым.
Отаршыл патша өкіметі: «Бөліп ал да билік құр» дейтін саясатты берік ұстанғаны мәлім. Империалистік совет өкіметі бұл зымиян әдісті жеріне жеткере дамытты. Егер патшалық Ресей қайткенде де қазақ халқының басын қоспауға, мүмкін болғанынша бөлшектеп, бұтарлай беруге тырысса, советтік Россия біздің бір заманда біртұтас болғанымыздың өзін теріске шығарды. Абылайдың бүкіл қазақ еліне билік жүргізгені, ақ кигізге көтеріліп, үш жүздің ханы сайлағаны туралы нақты деректерге қарамастан, ол тек Орта жүздің ғана ханы болған дейтін әңгіме қайдан көйіген?
Қазақ даласын біржола отарлауды мақсат еткен Ресей Қазақстанның кешегі Ер Есім хан, Әз-Тәуке хан заманындағы қалпына келіп, қайта бірігуін, әрине, қаламайтын еді. Бұл жолда әуелде артын ойлап, ашық басқыншылық ауанына түспесе де, доңайбат жасап, қорқытып, ықтырып отыруға тырысты, айла-шарғының неше түрін қолданды. Соның бәріне қарамастан, Қазақ Ордасы қайта күшейіп, біртұтас ел болған шақта, патша өкіметі бұл көпе-көрнеу ақиқатты мойындамайды. Мемлекет бірлігін танымаған соң, Абылайды да бүкіл қазақтың ханы емес, Орта жүздің ғана ханы деп санайтынын мәлімдейді. Сөйтіп, дипломатиялық қатынас қағаздарында, тиісті құжаттарда тегіс «Орта жүздің ханы Абылай» деп жазылады. Осыған орай Абылай хан патшайым Екатерина Екіншіге жолдаған мәртебелі мәлімдесінде өзінің бүкіл қазақ жұртының ханы екенін, хан болып халық еркімен сайланғанын екінші қайтара қадап айтады. Тәуелсіз мемлекеттің өкімі зор тақ иесі ретінде ескертіп айтады: «Бұдан былайғы жерде мені бүкіл қазақ жұртының әміршісі Абылай хан деп біліңіз» дейді. Ақиқат шындық осындай.
Абылайға қатысты екінші бір жаңсақ ұғым – Россияға немесе Қытайға бодандық туралы әңгіме. Жалпы, өткен замандардағы бодандық – арнайы зерттеу тақырыбы болар, аса күрделі мәселе. Сол кездің өзінде орыс дипломаттары, орыс оқымыстылары атап айтқан: қазақ сияқты жұрттың бодандығы – сөз жүзінде ғана, олар өзін империяға тәуелді деп санамайды және ештеңеге міндеттімін деп ойламайды деп. Қазіргі ұғымға көшірсек, үлкен мемлекет пен кішірек мемлекет арасындағы әскери одақ, саяси қатынастың бір түрі ғана. Тыныштық туралы, алыс-беріс, келім-кетім туралы
келісім. Абылай ел билігіне жаңа жеткен, бірақ хан емес, сұлтан кезінде, 27 жасында, Ресей бодандығына қол қояды. Кейінірек, Мәнжу-Цин әскерлері Жоңғарияны біржола талқандап, қазақ жерінің шегіне енгенде, күні кешегі қалмақтар сияқты, бүкіл қазақ халқына да қырылып кету қаупі төнген мезетте еженханның ағалығын қабыл көргені тағы бар. Бірақ бұрынғы тарихшылар да, кейінгі тарихшылар да Абылайды екі үлкен империя арасында отырып, елін, жұртын, сақтап қалғанын, шын мәнісінде мүлде тәуелсіз саясат жүргізгенін теріске шығармаған. Ал үш алаштың ханы болып сайланғаннан соңғы жерде сөз жүзінде бодандықтың өзі ұмытылады. Абылай, тіпті, Ресейдің іргелес тұрған шекаралық өкіметімен кездесуден бас тартады.
Абылайдың тәуелсіз елдің ханы ретінде өзіндік саясаты орыс патшалығына әрине, ұнамайды. Мәселен, Орынбор губернаторы И. Рейнсдорп өзінің Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында Абылайдың орыс бодандығына ант беруден бас тартқаны, патшайым тарапынан лайықталған сый-тәбәріктерді алмағаны туралы мәлімдей келе, бұл – шектен шыққан басбұзарлық деп жазады.
Әлбетте, қанша ұнатпағанымен, жек кегенімен патша өкіметі Абылаймен санасуға мәжбүр болды. Өйткені Абылай хан – тәуелсіз елдің халық сайлаған толық құқылы бірден бір әміршісі еді.
Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінен алынды