Ілияс Есенберлин. Қадырханның қазасы
Қоян, яғни 1219 жылы шығыс елінің осы тұстағы ең үлкен хандығының бірі Хорезмшах мемлекетіне Шыңғыс хан аттанысы басталар алдында Отырардың найыбы (ханның орнына қалған шаһар билеушісі) Хорезмшах Мұхамедтің немере інісі Қадырхан Ұланшық болатын. Қадырхан найыбтың қарамағында жиырма мың атты әскер тұрған. Шабуыл алдында, Шыңғыс хан осы Отырарға барлау ретінде өзіне қызметке енген мұсылман саудагерлері мен моңғол бекзада ұрпақтары бар, төрт жүз елу адамнан құралған керуен жіберген. Бұл керуен сырт қараған адамға Отырарға сауда-саттық үшін келгендей еді. Ал шын мағынасында барлау керуені болатын. Шыңғыс ханның бір тәсілі – шабатын елдеріне алдын ала әдейі адамдар жіберетін. Олар: «Ешкім бөгет бола алмас жау келеді. Жақында осы араға жетіп қалар» деп жұрттың күні бұрын зәре-құтын қашырып, берекесін алатын қауесет-өсек тарата бастайтын. Бұл керуеннің адамдарын да осындай лақап таратуға жіберген. Келгендей әдеттегідей сауда-саттық керуені емес, барлау керуені екенін біліп қалған Қадырхан найыб керуен адамдарын теп-тегіс қырып салған. Дүние-мүліктерін өз қазынасына түсірген. Жалғыз ғана адам қашып шыққан. Содан, болған оқиғаны естіген Шыңғыс хан қаһарына мініп Хорезмшах Мұхамедке: «Қадырханның қол-аяғын кісендеп Қарақорымға жеткізуін» сұрап елшілер жіберген. Мұхамедшах бір жағынан туысын ұстап беруге өзге әмірлерден қорыққан, екінші жағынан жиырма мың әскері бар Отырар найыбының оңай берілмейтінін түсінген. Шах енді амалсыздан монғол ханымен соғысуға мәжбүр болған. Келген елшілерді бұл да тегіс өлтірген. Содан соң ол әскерін жинай бастаған. Бұрын соғыспауға өтірік уәделескен Шыңғыс хан, сыныққа сылтау етіп, аттанысқа шыққан. Отырарды шабуды ортаншы балалары Жағатай мен Үгедейге тапсырып, үлкен баласы Жошыға Сейхундарияның жоғарғы жағында кенттерді алуды бұйырған.
Сол жылы күздің бас кезінде монғол әскері Отырарды кеп қоршады. Жауынан ешбір кешірім күтпеген Қадырхан жиырма мың әскеріне, қала тұрғындарын қосып, жан аямай қарсыласып бақты. Қаланы қоршап алған монғол әскері бес ай бойы ештеңе істей алмады. Әттең, осы кезде бір қайғылы оқиға болды. Ұрыс алдында Отырарға жәрдемге Мұхамедшах жіберген Қараша батыр басқарған әскері опасыздық етті. Бұдан әрі монғолдарға қарсы тұруға шыдай алмаған Қараша батыр бар қосынымен бір түнде қаладан шығып, өздерінің даласына қарай қашты. Бұлар шыққан дарбазадан сол сәтте монғолдар кіріп үлгерді. Енді ұрыс қала ішінде болды. Әскерінің дені қырылған Қадырхан енді қаланың ортасындағы хисарға кіріп
бекінді. Ұрыс бұрынғыдан да қыза түсті. Қалаға кірген монғол жауынгерлері қолға түскен тұрғындарды қойдай етіп бауыздады. Бірақ халық әр үй, әр қораны бекініске айналдырды. Найыб ордасындағы ержүрек Қадырхан мен оның өлімге бел буған батыр жауынгерлері қарысып тұрып алды. Бұл арада да айқас айдан астам мезгілге созылды. Ақыры күші басым монғол әскері жеңуге айналды. Сонда да Қадырхан жау қолына өзі келіп түспеді. Ақыры хисарды монғолдар алып, Қадырханның енді ұрысар жері қалмағанның өзінде де, ол ең соңғы жолдастарымен найыб сарайының төбесіне шығып, жауымен сол жерден алысты. Ал сарай төбесінде де бұл ең соңғы екі серігі де оққа ұшып, жауына ататын жебесі біткен кезде бұл қалың монғол қолына айбат шегумен болды. Ханизақандары әкеп берген сарай кірпіштерін жоғары қарай өрмегелен монғолдарға лақтырды. Талайын құлатты. Ақыры сарай ханизақандары да тегіс қырылып, жауына лақтыратын кірпіші де қалмағанда, Қадырхан өзін тірідей ұстауға жан-жағынан қоршап таяп келе жатқан монғол тобына қарусыз, жұдырығын түйіп алып қарсы ұмтылды. Осылай қолға түсіп, үсті-басы қып-қызыл қанға малынып, қансырып жатқан Қадырханның жанына Үгедейдің үлкен ұлы Күйік келген.
– Шын батыр екенсің, – деді ол. – Батыр адамды монғолдар да құрметтейді. Өлер алдында не тілейсің, сұра, береміз.
– Жалғыз ғана тілегім бар, – деген Қадырхан, – сендердің қабан тұмсықтарыңды көргім келмейді, тезірек өлтіріңдер!
Ызалана қалған Күйік қолындағы жалаңаш қылышымен тартып жіберген. Осылай батыр найыб қаза болған.
Автордың «Алтын Орда» романынан алынды