Ахмет Байтұрсынұлының 1929 жылғы тергеу хаттамасы


Әуелі Байтұрсынов өзінің өмірбаянынан қысқаша мәлімет береді. «Мен, Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы, 58 жастамын, қазақпын, Қостанай округі Торғай ауданының тумасымын, әйелім, асырап алған үш балам бар, сауаттымын; орта білімдімін, мамандығым оқытушы, партияда жоқпын, бұрын «Алаш» партиясының құрамында болғанмын, 20 жылы ВКП(б) мүшелігіне ендім. Совет үкіметінің кезінде тергеуде болған емеспін, сотталған жоқпын.
Сұрағыңызға орай төмендегіні мәлімдеймін:
Алашорда кіндік үкіметі мен совет үкіметінің арасында түсіністік келісімі болғаннан кейін өзімді Қырғыз Әскери төңкеріс комитетінің мүшесі етіп бекітті. Қаулыға Ленин қол қойды. Содай кейін Орынборда қызмет істеп жүрдім. 1920 жылы Орынбор қаласында Фрунзе жолдас менің ВКП(б) қатарына өтуіме ұсыныс жасады. Кейінірек бұл осы ұсынысты бұрынғы Қырғыз Әскери төңкеріс комитетінің мүшесі Седельников жолдас та есіме салды. Осынау ұсыныстарды ақылға таразылай келіп партия қатарына енуді құп көрдім. Бұл ойымды «Вестник Киргизкого края» деген газетте (20 жыл 16 көкек) өзімнің партия қатарына не себеппен өткенімді, сол кездегі саяси көзқарасымды егжей-тегжейлі мәлімдеп мақала басқыздым. Партия жоспарын жалпы іске асыруға және атап айтқанда шығыс мәселесі бойынша программасын жүзеге көмектесу үшін Россия коммунистік большевиктер партиясына өтуге шешім қабылдадым. ВКП(б) жоспарына байланысты менде ешқандай кереғар көзқарас болған емес».
Осы тұста тергеушінің төбеден түскендей сұрағына орай Байтұрсынов ойын бөледі.
«Кереғар көзқарас қазір де жоқ».
«21 жылғы қайта тазарту кезінде саясатқа селсоқ кісілер есебінде партиядан шығып қалдым. Сол кезде ғылыми жұмысқа ден қойып саясатқа уақытты өте аз жұмсағаным, партия жиналысына қатыспауым селсоқтық деп танылды, шынымды айтсам, өзімнің негізгі діттеген нысанам оқу-ағарту жұмысының ең өзекті мәселесі тіл мен қазақ әдебиеті туралы ғылыми шаруа деп санағанымнан болды. Ғылыми жұмыс уақытымның бәрін жеді».
Осы тұста тергеуші алдындағы айыпкерге бөтенше сұрақ төндіріпті.
«Ең алғаш Валидовпен Самара құрылтай кеңесінде өткен келіссіз үстінде таныстым. Өз басым Самараға Алаш үкіметінің атынан мәміле сөз сөйлеуге барғанмын, ал осы уақытта башқұр жағынан келіссөзге Валидов келіпті. Онымен ешқандай құпия келіссөзге тізе қосып отырған емеспін.
Кейінше, 20 жылы, Валидовпен Москвада ұшырастым, бұл кезде ол өзінің автономиясымен Совет үкіметі жағына шығып үлгерген болатын. Жасыратыны жоқ, 20 жылы Москвада қызмет істеп жүргенімде онымен бірнеше рет кездесудің кездесудің сәті түсті. Одан кейін Москвадан кетіп Орынборға орнығып жұмыс істеген кездерімде Валидовпен бірде-бір ұшырасқан емеспін, ешқандай хан алғаным жоқ».
Тергеушінің сауалы келесі бүйірден шаншудай қадалып, өкпені сыға түсіпті.
«Қай кезде екені жадымда жоқ, кімнен екені есімде қалмапты, әйтеуір Валидов қашып кетіпті дегеді құлағым шалды. Я Германияда, я Түркияда жүр дегенді еститінмін.
Валидов бірнеше уақыт өткізіп барып, 21 жылы Орта Азияда тұрыпты дегенді өз басым білген де, естіген де емеспін. Бұл туралы әңгіме қозғауға уақыт болмады. Орынбор қаласында тұрғанымда, Бұхардан, сондағы Валидовпен 21 жылы почта арқылы болсын, арнайы барыпкел адам арқылы болсын ешқандай хат-хабар алған емеспін».
Енді тергеуші басқа кісінің атын ауызға алады, алдын-ала бәрін тергеп, айыпкердің маңайындағы он жыл көлемінде болған адамдарды жіпке тізіп, тізімдеп алғаны көрініп тұр. Аяқ бастырмай бастырмалата түседі.
«Болғанбаевты 1913 жылдан бері білемін, алғаш рет Орынборда кездескенбіз. Ол уақытта сонша оқып жүрген болатын, «Қазақ» газетін шығара бастағанымда кеңсеге жиі-жиі бас сұғып тұрды. Газет редакциясында істемесе де үзбей мақала жазып көмектесті».
Тергеуші енді айғақты өзге жақтан іздеп сауал төндіреді.
«Болғанбаевты Бұхардағы Валидовке елші етіп жіберген емеспін, оған ешқашан, ешқандай мандат сеніп тапсырмағаным айқын».
Тергеу осы тұста аз-кем үзіліс табады.
«Менің ой-санам бұл күнде ғылыми жұмыстың төңірегінде ғана, өзге нәрсені ойлауға уақытым, мұршам қалмаған. Сондықтан Совет үкіметінің нендей мәселе болмасын заң құжатының сырын жетік біле бермеймін, саясатпен айналысуды үзілді-кесілді қоғаным қашан».
Тергеу хаттамасын оқыдым, Байтұрсыновтың қолы; тергеушінің қолы;
Тергеушінің аты-жөні жазылыпты.
Байтұрсыновты тергеу хаттамасы, 1929 жыл 2 маусым, Қызылорда қаласы