Ханда қырық кісінің ақылы бар, ал биде...

Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары мен білімі бар

Қилы­ қилы заман кешіп, қуаныш пен қайғыны, шаттық пен шапқыншылықты басынан өткерген асыл халқымыз жақсылықта шалқымай, жамандықта тұқырап, тізесін бүкпей, туа біткен тектілігін жоғалтпай келе жатыр. Арғы аталарынан сабақтаса келіп, тектілік пен төреліктің төріне шыққан Керей мен Жәнібек, Әбілқайыр ханнан бөлініп, жүректерінде азаттық пен бостандықтың жалыны жанған елін ертіп, Батыс Моғолстанның Шу мен Талас өзендері аралығындағы Қозыбасы аймағына қоныстанып, 1465 жылы ресми түрде Қазақ хандығын құрды. Қазақ өз алдына ел болып отау тікті, шаңырағын көтерді. Яғни, біздің әу бастағы демократиялық басты құндылығымыз – бостандық, еркіндік, тәуелсіздік деген ұғымдармен астасып жатыр. Осындай тарихи оқиғаның бастауы болған бұл шежіреге толы өңірдің, тауы мен тасы, әрбір басқан жері аңыз бен өткен кезеңдерден сыр шертеді.
Хандықтың құрылуының қазақ халқы үшін маңызы өте зор. Атап айтқанда, қазақ жеріндегі бұрынғы этникалық үдерістердің бәрі бір арнаға тоғысты, әртүрлі этнотоптардың бәрі ортақ саяси жүйеге біріктірілді. Олардың этникалық атауы – «қазақ», мемлекеті – «Қазақ хандығы», өмір сүріп жатқан аумағы «Қазақстан» деп аталына бастады. Тарихшыларымыз Қазақстан тарихындағы XV ғасырдың ортасы мен XVIII ғасырдың 30-жылдарына дейінгі кезеңді «хандық дәуір» немесе «Қазақ хандығы дәуірі» деп атады. Жалпы алғанда, қазіргі кездегі «қазақ тілі», «Қазақстан Республикасы», «қазақтар», «Қазақстан» деген терминдердің бәрінің бастауында Қазақ хандығының құрылуы жатыр. Қазақ хандығының құрылуы ХV ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың І ширегі аралығындағы қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті қалыптасты.
Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің – «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазақ хандығы – Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет. Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Тарих сабақтарын ұдайы, ұрпақтан ұрпаққа игере беру керек екеніне менің сенімім кәміл», – деп тарихи маңызы зор тұжырым жасады.
Қазақ хандығы дипломатиясын зерттеу барысында бiз, билер институтының атқарған қызметi мен олардың дипломатиялық қатынастарды орнатудағы рөлiне тоқталмай өте алмаймыз. Мұның iшiндегi ең маңыздысы – тiл мәселесi, яғни дипломатиялық қатынастарды орнатудағы даналық тiлдiң, тапқыр тiлдiң қызметi.
Қазақтың билер институтының қызмет барысы барлық жағдайда даналық тiлдiң көмегiмен iске асқан болатын. Билер өткiр тiлдiң арқасында елдi де тыныштықта, басқа елдермен қатынасты да тұрақтылықта ұстап отырған. Сондықтан дипломатиялық қызметтiң iске асыры­луында даналық тiлдiң атқарған маңызы өте зор. Шешендiк өнердi зерттеген ғалымдар оны билер сөзiмен байланыстырып, шешен-билердiң ұтымды, тапқыр сөздерiн көркем сөз ретiнде қарастырып келдi. Шешен-билер көркем де ойлы сөздiң иелерi болған. Олар – мемлекет тағдырына араласып, ұлтының болашағы мен бiрлiгi жолында, халқының тәуелсiз­дiгi мен намысы үшiн ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген, сөйтiп қазақ даласында, әрiрек барсақ, көшпендiлер сахарасында темiрдей тәртiп пен iзгiлiктiң қанат жаюына, демократияның жанда­нуына ат салысқан тарихи тұлғалар, қоғам қайраткерлерi. Халқымыздың тарихында билер халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы, ұлтты ұйыстырушы, елiнiң еркiндiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк мәмлегер, ру-тайпалардың басын қосып бiрiктiрушi, халқының салт-дәстүрiн берiк ұстанушы, бабалардың кемеңгерлiк саясатын алға апарушы, кемел ойдың, ұлы даналықтың қайнар көзi, ұрпақ тәрбиесiн ұлы мұрат еткен парасатты тәрбиешi, киелi сөз өнерiн жандандырушы саңлақ өнерпаз қызметiн атқар­ған. Мұндағы ең басты мәселе – осы дипломатиялық қызмет түрлерiнiң барлығы да дана, тапқыр тiлдiң көмегiмен iске асырылып жатты. Қазақ халқының тарихында даналық тiлдiң алатын орны ерекше. Хандар да, билер де, шешендер де айтысқа, тартысқа мұқият дайындалып шығатын болған. Қазақ би-шешендерiнiң қызыл тiлдiң көмегiмен шешпеген мәселесi кемде-кем. Даналық сөздi қолдану арқылы жан-жағындағы мемлекеттермен де қарым-қатынасты реттеп отырған. Тек қана бұл емес, сонымен қатар мемлекеттiң iшкi саяси жағдайында да билер сөзi, яғни даналық сөз үлкен рөл атқарған.
«Сөз атасы – Майқы би» демекші, қазақ тарихындағы алғашқы билердің бірі Майқы заманынан басталған билер жалғастығы Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің төрелігіне дейін ұласып, олар туралы ел аузында талай әңгіме қалды. Қазақ қоғамында ертеден­ақ билер соты деп аталатын ел басқарудың тамаша демократиялық жүйесі қалыптасқанын баршамыз білеміз. Ел тарихы мен әдебиетінде Дешті Қыпшақ дәуірінде, Жошы ұлысы, Қазақ ордасы, одан кейінгі патшалық Ресей дәуірі кезінде қазақ арасынан суырылып шығып билік айтқан, қара қылды қақ жарып, төбелі билер төрелі сөзін жүргізген. Билердің сол кездегі негізгі рөлі – заңгерлік және бітімгерлік. Себебі, ел арасындағы даулар билер талқысына салынғанда бір би айыптаушы, екіншісі ақтаушы, үшіншісі төреші болып дауды бірігіп шешкен. Сондықтан, бүгінгі заманның прокуроры мен адвокаты да, судьясы да би болған. Ал, бітімгер дейтініміз, халық пен ханның арасында, екі елдің арасында дәнекер, үйлестіруші, қазіргі тілмен айтқанда, дипломат қызметін жүзеге асырған. «Жауластырмақ – жаушыдан, елдестірмек – елшіден», «Елшісіне қарап елін таны» деген аталы сөз осындайда айтылса керек. Билер институты қазақ жерінің берекесі, отансүйгіштік, ерлік және ар­ұждан сияқты маңызды қасиеттерді жоғалтпауға және адами құндылықтарды сақтауға үйретіп отырды.
Қазақ хандығы тұсында, тіпті, оған дейін билер бүгінгі мемлекеттік биліктің міндеттерін атқарып келген. Яғни, билер атқарушылық, заңшығарушылық, билік айтып ел басқару қызмет­терінің барлық түрлеріне араласты. Сондықтан да қоғамда қандай қиын жағдай болса да, бидің алдын кесіп, оған қарсы шықпаған.
Хан тағына отырған сұлтандар мен бектердің бәрі бірдей сұңғыла, көреген болмаған. Оларға ұлыстың билік істерін үйлесімді жүргізуде елге кеңінен танылған билер, ақыл-кеңес беріп отырған. Ал мемлекеттік дәрежедегі ел таныған би болу үшін терең ақыл, жүйрік ой, асқан біліктілік пен кемеңгерлік қажет. Бидің бойынан табылатын ондай асыл қасиеттерге алдымен: имандылық, әділдікке қылау түсірмейтін турашылдық, ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын, шежірелі тарихын, елдің шарушылық ісін, жер-судың қадір-қасиетін, бітім-болмысын ерекше білетін ой-өрісі өзгеден жоғары, кісілік келбеті елден ерек, көкірек-көзі ояу, өмірден көргені көп білікті, майдан қыл суырғандай дәл, әділ сөйлейтін шешендігі жатады. Бойындағы мұндай асыл қасиетін халыққа таныта алған, дауға түскенде топ алдында алмастай жарқылдап, қабілет-дарынын көрсете білген адам ғана «би» деп танылған. Қызыл сөзді судай сапырғанның бәрі бірдей би атана бермеген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы Мәмидің «Егемен Қазақстан» газетінде басылған «Жол – айқын, мақсат – белгілі, мүдде – бір» деген көлемді мақаласында: «Судьялар қауымдастығының қайнар көзі, алтын бастауы билер соты деп бағалаған жөн. Даланың данагөй данышпандары Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, тіпті, олардан да бұрын өмір сүрген біздің даңқты бабаларымыз қазақ қоғамының, қазақ мемлекеттігінің дамуына бағасы жоқ үлес қосып, ал, рулар мен тайпалардың арасында қалыптасқан дауларды шешудің қайталанбас жолдарын көрсетіп, үлгілерін танытты. Осылайша дүние өзгеріп, қаншама ғасыр­лар артта қалса да, адал сөз әділ биліктің жаңғырығы біздің жаңа дәуірімізде де әлі естіліп тұр. Ендеше, өздерінің өмір жолдарын сот жүйесімен байланыстырып, судьялық қызметті таңдап алған әрбір азамат жаңа заманның әділ биі атану үшін аталған ұлттық құндылықтарымыздан сусындап, тиісті қорытынды жасағаны жөн. «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын» деп алға ұмтылып, межелі мақсат пен асыл мұратқа жетуді көздеген азамат судьялық қызметті абыроймен атқаруы тиіс», – деп, қазіргі судьялардың да халық билеріндей ел алдында биік беделге ие болуын тәлім еткен.
Қазақтың зерттеуші ғалымдарының бірі Қ.Сәтбаев: «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары мен білімі бар»,– дейді. Расында да, би мемлекет атынан сөйлейтіндіктен, заң мен ар­ожданын басшылыққа алып, шешім шығаруы керек. Билер кесімі халық көңілінде күмән туғызбастай сенімді болуы шарт. Мысалы, Тана биге бата бергенде Малайсары би: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал», – деген екен. Бұл – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан билерге қойылатын негізгі талап. Адам тағдырын қолына алған би шешім шығармастан бұрын, өзінің адам екенін, сондықтан да ұят, борыш, обал деген сөздердің мәнін ұмытпауы тиіс. Халық Қаһарманы, Ұлы Отан соғысында жасаған ерліктерімен аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы: «Әділін сұраса, атаңның болсын айыбын айт», – деп, әділдіктің ақ жолын ту етеді.
Қай елді, қай заманды алсаңыз да, сот жүйесіне қарап, қоғамдағы билік жайы, оның халық мүддесі алдындағы адалдығы туралы пікір қалыптасады. Сондай-­ақ, судьялар үнeмі халықпeн тiкeлeй қарым­қатынаста болғандықтан, олардың моральдық бейнесі мен кәсіби жетістігі қызмет барысында eрeкшe рөл атқарады. Сондықтан, әрбір судья сот билігінің тәуeлсіздігін нығайтуға, өз кәсібінің беделін арттыруға, сот төрeлігін нығайтуға қатысты жұмыстарды адал жүзeгe асыруға тиіс.
Ежелгі антикалық дәуірден бері жалғасып келе жатқан билер дәстүрі заман өзгерген сайын өзгеріп, жаңарып отырғанымен, оның негізі, міндеті, талаптары сол қалпында. Қазақ елінің мемлекеттік құрылым жүйесінің, Ата Заңының, құқықтық мәдениетінің қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан билердің орны қашанда биікте.
Тарихи тұрғыдан зер салып қарағанда, Қазақ еліндегі билер институты мемлекет мүддесі үшін ежелгі антикалық дәуірден ХХ ғасырдың басына дейін, қысқасы Ресей империясының әкімшілік билік жүйесі енгізген халық соты мызғымаған тұста және Кеңестік сот жүйесі үстемдік алғанға дейінгі аралықта өмір сүріпті. Бір сөзбен айтқанда, мыңдаған жылдар Қазақ елінің мемлекеттік құрылым жүйесіне, дәстүрлі құқығына өлшеусіз үлес қосқан билердің мемлекеттік билік саласында және әділ сот үшін атқарған қызметінің салмағын терең ұғыну – тарихтағы ажырамас бірегей танымдылық.
Мұның барлығы Қазақ хандығының ірі де қуатты мемлекет болғандығын, қазақ хандығын нығайтуда атақты билердің дипломатиялық тәсілдерді қолдана отырып, тәуелсіз саясат жүргіз­гендігін көрсетеді.
Сонымен қатар, қазақ елінің тұрмыс-салты мен әлеуметтік-саяси дамуындағы ұзақ жылдарда – әрбір қазақстандықтың өз елі, өз Отаны – Қазақстанға деген отаншылдық сезімі атой салды. Ұлты мен ұлысына қарамай әрбір қазақстандық осынау құт мекеннің абыройы мен беделін көтеріп, тәуелсіздікті бекемдей түсуді өзінің басты парызы деп санайды.
Астана қалалық сотының судьясы Оралхан Тұрсынов