Сәкен Сейфуллин: Левон Исаевич, бұл не қастандық?


1937 жыл 16 қыркүйекте «Казахстанская правда» газеті Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев бастаған бір топ қаламгерлерге сұмдық сорақы жала жауып, төңкеріске қарсы, пантюркистік бағыттағы, ұлтшылдар деп редакциялық мақала басады. Мақаланың аты «Выкорчевать национал-фашисткую мразь из Союза писателей Казахстана». Троцкий мен Зиновьевтің қазақ сахарасында іріткі салып, шаруаға залалын тигізіп, елді көгертпей жүрген елестері осы жазушылар депті. Орыс жұмысшы табының басшылық ролін кемсітеді бұлар. Қазақ шаруасын өз жеріне, өз аймағына иелік етсін деген не сұмдық деп әрі-беріден термелегенде төбе шашыңыз тік тұрады. Баяғы сүйегі қурап кеткен алашордашылардың жоғын жоқтап, сөзін айтып кітап жазбақшы деп күйіне күңіренеді. «Қазақ» деген сөзді ұмыттырмай жүрген осындай азушы ұлтшылдар деп зіркілдеп тұрып алады. Ой, пәлі-ай.
Осынау мақаланы оқып шығып, іштей күйінген Сәкен республика басшысы Левон Исаевич Мирзоянның қабылдауына сұранып жүріп әрең деп кіреді.
– Орталық партия комитетінің екі бірдей органы қара күйе жағып, қара аспанды үйіріп отыр. Левон Исаевич, бұл не қастандық, деп Сәкен түнеріп отырып қалады.
Мирзоян қатты қиналған, шаршаған кейіп танытады.
– Өзім де қайранмын, іс ырықтан шығып барады, дейді ел басшысы.
– Бір тойтару жасамайсыз ба?
– Бұл істе дәрменсізбін, НКВД ешкімді тыңдамай істеп жатыр, дейді Левон Исаевич, – Сізде еш айып жоғын іштей түсінемін.
Мүсілім Базарбаев естелігінен
Өркен газеті, 1989 жыл 23 желтоқсан саны