Тауар шығарылған жер атауларын құқықтық қорғау және тіркеу
Қазақстан Республикасының «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» 1999 ж. 26 шілдедегі Заңына сәйкес:
7-тарау. Тауарлар шығарылған жер атауларын құқықтық қорғау және оларды тіркеу шарттары
25-бап. Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларын құқықтық қорғау
1. Қазақстан Республикасында тауар шығарылған жерлердiң атауларын құқықтық қорғау осы Заңда көзделген тәртiппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай оларды тiркеу негiзiнде берiледi.
2. Тауар шығарылған жер атауын пайдаланудың ерекше құқығы айрықша қасиеттерi тек қана немесе негiзiнен табиғи жағдайларды және (немесе) адам факторларын қоса алғанда, географиялық ортаға байланысты осы географиялық объектiде кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын, тауарлар өндiретiн бiр немесе бiрнеше заңды немесе жеке тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
26-бап. Тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретiнде тiркелетiн белгiлер
Тауарлар шығарылған жерлердің атаулары ретiнде тарихи атауларын қоса алғанда, елдердiң, елдi мекендердiң, жерлердiң атаулары, сондай-ақ басқа да географиялық объектiлердiң атаулары немесе олардың тауарларының көрiнiс атауларымен ұштасымы тіркелуі мүмкін.
27-бап. Тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретiнде тiркелмейтiн белгiлер
Тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретiнде:
1) тауар шығарылған жерге қатысты жаңылысуға әкеп
соқтыратындай географиялық көрсеткiштер болып табылатын;
2) тауар өндiрiлген нақты жердi үстiрт түрде көрсететiн, бiрақ тауардың басқа аумақтан шығарылғаны жөнiнде қате түсiнiк беретiн белгiлер;
3) тауар жасалған жермен байланысты емес және Қазақстан Республикасында белгiлi түрдегi тауарлар белгiсi ретiнде жалпыға ортақ қолданысқа енген белгілер тiркелмейдi.
28-бап. Тауар шығарылған жердiң атауына және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын беруге өтiнiм жасау
Тауар шығарылған жердiң атауына және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын беруге өтiнiм (бұдан әрi - өтiнiм) сараптама жасау ұйымына берiледi.
29-бап. Өтiнімге қойылатын талаптар
1. Өтiнiм тауар шығарылған жердiң бiр атауына қатысты болуға тиіс.
2. Өтiнiм бiр үлгi бланкiде берiлуге және:
1) өтiнiм берушiнi (өтiнiм берушiлердi), сондай-ақ оның (олардың) орналасқан жерiн немесе тұрғылықты жерiн көрсете отырып, атауға сараптама жүргiзу және (немесе) атауға құқық беру туралы өтiнiштi;
2) мәлiмделген белгiнi;
3) тауардың түрiн;
4) тауардың айрықша қасиеттерінің сипаттамасын;
5) тауар өндiрiлген жердің нұсқамасын (географиялық объектiнiң шекарасы) қамтуға тиiс.
3. Өтінімге:
1) сараптама жүргiзу жөнiндегi сараптама жасау ұйымының қызмет ақысының төленгенiн растайтын құжат қоса тiркелуге тиiс. Төлем мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi;
2) құзыреттi органның өтiнiм берушiнiң аталған географиялық объектiде тұрып жатқаны және ерекше қасиеттерi сол географиялық объектiге тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адам факторларымен байланысты тауар шығаратыны туралы қорытындысы;
3) мәлiмделген тауар шығарылған жер атауын тауар шығарылған елде пайдалану жөнiндегi шетелдiк өтiнiм берушiнiң құқығын растайтын құжат;
4) iс жүргiзу өкіл арқылы жүргiзiлген жағдайда сенiмхат қоса тiркелуге тиiс.
4. Өтiнiм мен оған қоса тiркелетiн құжаттар мемлекеттік тiлде немесе орыс тiлінде тапсырылады. Етер құжаттар басқа тiлде тапсырылса, онда өтiнiм берушi екi ай iшiнде олардың мемлекеттік тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасын тапсыруға тиiс.
5. Өтінімдерді жасауға, ресімдеуге және қарауға қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.