Мүліктік құқықтард ұжымдық басқару
1. Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң сол туындыны кез келген нысанда және кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк (айрықша) құқығы бap.
2. Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi:
1) туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);
2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген тәсiлмен тарату: сату, айырбастау, прокатқа (жалға) беру, өзге де операциялар жасау (тарату құқығы);
3) тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);
4) туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);
5) туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);
6) туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);
7) жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);
8) жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);
9) туындыны аудару (аудару құқығы);
10) туындыны қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқаша түрде қайта өңдеу (өңдеу құқығы);
10-1) туындыны жалпы жұрттың назарына жеткiзу (жалпы жұрттың назарына жеткiзу құқығы)
11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жүзеге асыру құқықтарын бiлдiредi.
3. Егер туындының заңды түрде жарияланған даналары оларды сату арқылы азаматты айналымға түсiрiлсе, онда олардың автордың келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi.
4. Сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ жобаларын пайдалануға айрықша құқықтар мұндай жобалардың нақты iске асырылуын да қамтиды.
5. Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы бар, оның мөлшерi мен есептелу тәртiбi авторлық шартпен, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгiленедi.
6. Осы баптың 2-тармағында көзделген мүлiктiк құқықтарды шектеулер, егер мұндай шектеулер туындыны дұрыс пайдалануға зиян келтiрмей, автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамайтын болса, осы Заңның 18-26-баптарымен белгiленедi.
43-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқарудың мақсаттары және саласы.
1. Ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма шығарушылар немесе өзге де авторлық және сабақтас құқықтар иелері өздерінің мүліктік құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар құруға құқылы.
2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның коммерциялық қызметпен айналысуға, сондай-ақ ұжымдық негізде басқару үшін алған туындыларды және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
3. Әртүрлі құқықтар мен құқық иелерінің түрлі санаттары бойынша жекелеген ұйымдар, не құқық иелерінің бір санатының мүдделеріне сай түрлі құқықтарды басқаратын ұйымдар, не құқық иелерінің түрлі санаттарының мүдделеріне сай құқықтардың бір түрін басқаратын ұйымдар құруға жол беріледі.
Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар, атап айтқанда, ұжымдық басқарудың мынадай салаларында:
1) көпшілік алдында орындалуына, жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру, оның ішінде ретрансляциялау арқылы хабарлауға қатысты жарияланған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындыларға және музыкалық-драмалық туындылардың үзінділеріне айрықша құқықтарды басқару;
2) дыбыстау-бейнелеу туындыларында пайдаланылған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындылардың авторлары болып табылатын композиторлардың осындай дыбыстау-бейнелеу туындыларын көпшілік алдында орындау немесе жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;
3) бейнелеу өнерінің туындыларына қатысты қадағалау құқығын басқару;
4) авторлардың, орындаушылардың, фонограммалар және дыбыстау-бейнелеу туындыларын шығарушылардың фонограммаларды және дыбыстау-бейнелеу туындыларын жеке мақсатта әрі табыс алмастан қайта шығару үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;
5) орындаушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;
6) фонограмма шығарушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;
7) жарияланған туындыларды көшіруге (репрографиялық қайта шығаруға) құқықтарды басқару салаларында құрылуы мүмкін.
4. Осы Заңның 46-1-бабының 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаруға өкілеттікті тікелей авторлық және сабақтас құқықтар иелері жазбаша шарттар негізінде ерікті түрде, сондай-ақ осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымдармен жасалған тиісті шарттар бойынша береді.
5. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың жарғылары осы Заңның талаптарына сай келетін ережелерден тұруға тиіс.
6. Аталған ұйымның қызметіне басшылықты мүліктік құқықтары басқарылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелері жүзеге асырады.