Интеллектуалдық меншік объектілері
Интеллектуалдық меншiк құқығының объектiлері
1. Интеллектуалдық меншiк құқығының объектiлерiне:
1) интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижелерi;
2) азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулердi дараландыру құралдары жатады.
2. Интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижелерiне:
1) ғылым, әдебиет және өнер туындылары;
2)эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының орындаушылығы, қойылымдары, фонограммалары мен хабарлары;
3) өнертабыс, пайдалы үлгiлер, өндiрiстiк үлгiлер;
4) селекциялық жетiстiктер;
5) интегралдық микросызба топологиялары;
6) ашылмаған ақпарат, оның iшiнде өндiрiс құпиялары (ноу-хау);
7) осы Кодексте немесе өзге де заң актiлерiнде көзделген
реттерде интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң басқа да нәтижелерi жатады.
3. Азаматтық айналымға қатысушыларды,тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулердi дараландыру құралдарына:
1) фирмалық атаулар;
2) тауарлық белгiлер (қызмет көрсету белгiлерi);
3) тауарлар шығарылатын жерлердiң атаулары (шығатын жерiн көрсету);
4) осы Кодексте және заң актiлерiнде көзделген реттерде азаматтық айналымға қатысушылардың, тауарлар мен қызмет көрсетулердiң басқа да дараландыру құралдары жатады.
Интеллектуалдық меншiк объектiлерiне құқық оларды құру фактiсiнiң күшiмен не осы Кодексте немесе өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша уәкiлеттi мемлекеттiк органның құқықтық қорғауды беруi нәтижесiнен туындайды.
963-бап. Интеллектуалдық меншiк объектiлерiне жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар
1. Интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижелерiнiң авторлары осы нәтижелерге қатысты жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтарға ие болады. Жеке мүлiктiк емес құқықтар, оның мүлiктiк құқығына қарамастан, авторға тиесiлi болады және оның мүлiктiк құқығы басқа тұлғаның интеллектуалдық шығармашылық қызметiнiң нәтижелерiне ауысқан жағдайда өзiнде сақталып қалады.
2. Азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды немесе қызмет көрсетулердi дараландыру құралдарына (бұдан әрi - дараландыру құралдары) арналған құқық иелерi осы құралдарға қатысты мүлiктiк құқықтарға ие болады.
3. Интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижесiнiң авторы болып танылу құқығы (авторлық құқық) жеке мүлiктiк емес құқық болып табылады және оған шығармашылық еңбегiмен интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижесiн жасаған адам ғана ие бола алады. Авторлық құқықты иелiктен айыруға және басқа адамға беруге болмайды. Егер нәтиже екi немесе одан да көп адамның бiрлескен авторлығымен жасалса, олар тең авторлар болып танылады. Тұтастай алғанда туындының тең авторлары болып танылатын адамдар тобы интеллектуалдық меншiктiң жекелеген объектiлерiне қатысты заң актiлерiмен шектелуi мүмкiн.
964-бап. Интеллектуалдық меншiк объектiлерiне айрықша құқықтар
1. Интеллектуалдық шығармашылық меншiк объектiсiн оның иесiнiң өз қалауы бойынша кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк құқығы интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижесiне немесе дараландыру құралына айрықша құқық болып танылады. Айрықша құқық объектiсiн басқа тұлғалардың пайдалануына тек құқық иесiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi.
2. Интеллектуалдық меншiк объектiсiне айрықша құқықты иеленушi, егер ол осы Кодекстiң және өзге де заң актiлерiнiң ережелерiне қайшы келмесе, осы құқықты басқа адамға толық немесе iшiнара беруге, интеллектуалдық меншiк объектiсiн пайдалануға рұқсат етуге және оны өзгедей түрде пайдалануға құқылы.
3. Айрықша құқықтарды шектеуге, осы құқықтарды жарамсыз деп тануға және оларды тоқтатуға (жоюға) осы Кодексте және өзге де заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда, шектер мен тәртiп бойынша жол берiледi.