Бала тойының басты қонақтары балалар болса…
Талмайтын талап берсін! Әлі есімде, мен мектепке барған 1952 жылы анам көрші-қолаң, жақын ағайын-туысқа кішігірім той жасады. Сонда 83 жастағы Қамқа дейтін әже маған: «Әй, тентек, қасыма жақын кел! Мен баяғыда «иманшарт» пен «әптиекті» оқығанмын, тілашарыңды өзім жасайын. Түф, түф, түф!» – деп дем салғандай ма, түкіргендей ме, ырым жасап: «Талмайтын талап берсін, самғайтын қанат берсін!» – деп бата беріп еді. Қамқа әженің сөзіне қарағанда, қазақтың бұрынғы қыздарының да мұсылманша оқу-жазудан қаражаяу болмағанын көреміз. Бала тойының басты қонақтары балалар болса... Құдайға шүкір, қазір той көп. Жақсылықтарын жария етіп, қуанышын дария етіп жүретін тілеуқор халқымыздың балаға арналған тойының бірі – «Тілашар». «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» білім ордасы –мектептің есігін перзентінің алғаш ашуы – ата-ана үшін де, бала үшін де зор қуаныш, өмірдің бір белесі. Сондықтан әркім шама-шарқынша бұл күнді атап өтіп, есте қалдыруға тырысады. Қалтасы қалыңдар үлкен мейрамханаларда «Тілашар» тойын дүбірлетіп өткізіп жүр. Жағдайы келсе, неге жасамасқа?! «Берсең, балаға бер» демей ме, дана халқымыз… Алайда балаға бағышталған той сол баланың есінде ұзақ қалатындай сәнді, үлкендерден үлгі-өнеге көріп, олардың ықыласына кенелетіндей мәнді өтіп жүр ме? Өзіміз қатынасқан талай «Тілашар» тойлардағы дастарқанда арақ-шараптың неше түрі тізіліп тұрады. Құлақты тұндыратын даңғаза әуен, селкілдеп қиралаңдаған би. Елді күлдірем деген оймен анекдот айтып, қайта-қайта «ду қол шапалақ» деп жұрттың зықысын шығаратын жадағай асаба… Балаңызға той арнаған ниетіңіз қабыл болсын, бірақ жоғарыдағы көріністерден қандай тәлім, ұлағат алуға болады? Осы жайлы ойланып көрдік пе? Өз басым бала мұндай тойлардан үлгі-өнеге көреді деп ойламаймын. Бала тойының басты қонақтары балалар болса... Бала тойының басты қонақтары балалар болса… Меніңше, ең алдымен, үлкенге де, кішіге де көңілді болатын ұтымды жоспар жасалуы керек. Тойға тек ересектерді емес, балаңыздың тең тұстарын шақырыңыз. Соларға арналған қызықты ойындар ұйымдастырып, олардың өздерінің өнер көрсетуіне, яғни тақпақ айтып, ән салып, би билеуіне көбірек көңіл бөліңіз. Балаларға шағын болса да ескерткіш сыйлық әзірлеген жөн. Ал үлкендер бір сәт баламен бала болып қуанышын бөлісіп, көтермелеп-қолпаштап, тойды есте қалатындай етіп мағыналы, салтанатты өткізуге атсалысулары керек. Тойға келгендер ізгі ниет баталарын «Ақ тілек» альбомына жазып қалдырса, бұл балаға рухани күш-қуат береді әрі келешекте үлкен ескерткіш болады. Ең бастысы, дастарқанға қымыз, шұбат, жеміс сусындары қойылып, қазақтың әдемі әні айтылып, күйі күмбірлеп жатса, тойыңыздың мәртебесі аса түседі. Өз отбасымызда немереміз Нұрсұлтанның «Тілашар» тойын осылай өткізген едік. Мен өзгеге ақыл үйретіп, жол көрсетуден аулақпын. Тек немеремнің тойы жайлы қысқаша айтып, жас ата-аналармен тәжірибе бөлісуді жөн көрдім…