Алматыда жаңа көліктер 20%-ға қымбаттады
Қазақстанның көлік нарығы елдегі валютаның жаңа курсына ыңғайланып, бағаларға түзетулер енгізіп жатыр. Осы ретте Алматыдағы автокөлік салондары өз тауарларын 15-20 пайызға қымбаттатқан. Тіпті, жылы ескі көліктердің де құны артыпты. Дилерлер шетелдік компаниялармен есептесіп бітпегендіктен осындай қадамға барғандарын айтып отыр. Ал, жыл соңына дейін бағалар 50 пайызға дейін өсуі мүмкін деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Кореялық көліктерді бұрын 2 млн 800 мың теңгеге алуға болатын болса, қазір олардың бағасы 4 миллион теңгеге дейін шарықтап кетті.
Бағаның өсуіне қарамастан алматылықтар "люкс" санатындағы көліктерді алып жатыр. Дегенмен, жалпы алғанда, көлік сатылымы автосалондарда 30 пайызға дейін төмендеген.
Көлік сатуды кәсіп еткен азаматтар автомашина жыл соңына дейін қымбаттайтынын сеніммен айтып отыр. Доллар бағамы көтерілсе де көліктер былтырғы бағамен сатылатын болады дейді олар.
"Баға өседі, міндетті түрде. Доллармен қай бағада сатылды, сол бағаны ұстайтын болады. Өйткені, Ресейден арзан көліктер тасымалданып, отандық сатушылар біраз шығынға батқан болатын. Енді сол шығынның отрнын толтыру үшін бағаны түсірмей, керісінше қымбаттататын болады" дейді автосалон иелерінің бірі Мақсат Мейірманов.