Міржақып Дулатов. Латын қарпіне көшу туралы
Қазақ жұрты өнерлі, мәдениетті болуына біз қарсы емеспіз. Жаңалыққа да, өзгеріске де қарсы емеспіз. Бірақ өзгерістің де өзгерісі бар. Күндердің күнінде латын әрпін қолданатын болармыз. Латын түгіл, жұрт біткеннің бәрі шапшаң жазуға (стенография) түсуіне де сенеміз. Бірақ айтатынымыз латынды шабылып, шығынданып ала қоятындай пайдасы көрініп тұрған жоқ. Қайта зияны бар дейміз.
Қазақтікінен латын әрпінің артықшылығын көрсету үшін латыншылдар қит етсе айырплан, аптамабел мен қазақтың екі аяқты арбасын салыстырады. Аптамабел екі аяқты арбадан артық екенін кім білмейді, сонымен біз қай аулымызға аптамабел орнатып отырмыз?
Латынды оңай, қазақ (араб) әрпін қиын қылып көрсету үшін латыншылдар қисынсыз мысалдар алады. Мәселен: Абдірахман өткен жолғы баяндамасында өзінің қазақша жазуды 10 жыл оқып үйренгенін айтып өтті. Бұрынғы кезде солай болғаны рас та шығар. Бірақ оған қазіргі әліпби жазықты емес, сол кездегі ескі оқудың әдісі кінәлі ғой. Қазір орысшаны да, қазақшаны да 8-9-дағы балалар 2-3 айда жазып, оқып кетеді. Үйренуге орысша да, латынша да бірдей. Бұлай болса, «10 жыл» деген сөз қазіргі әліпбиімізге жала ғой.
Абдірахман араб профессоры Жузе дегеннің сөзін дәлелге келтіреді. «Арабшаны 10 жыл оқыған адам дұрыс оқи алмайды», депті Жузе дейді. Абдірахман 10 жыл оқып қазақ жазуын әрең үйренгені сықылды нәрсе (Міржақып бұл арада арабтың ескі емлесімен жазылған Әзірбайжанда шығатын «Коммунист» газетінен сөздер келтіріп, ондай сөздерді дұрыс оқу қиын екенін керсетті. Жузенің айтып отырғаны сол деді).
Латынды қолдаушылар қазақ әріптері жазуға да қиын деседі. Бұл бекер (Міржақып қазақ сөздерін латынша, казақша жазып салыстырды).
Латыншылдар физика, алгебра сықылды ілім кітаптарында ұшырайтын белгілер латынша жазылады, соның үшін де латынды алу керек дейді. Солай екені рас, бірақ орта және жоғары дәрежелі мектептерде оқушылар әлгідей ұшырайтын латын белгілерін арнап оқымай-ақ өзінен-өзі үйреніп кететін нәрсе, оның мысалын орыстың бұрынғы-соңғы орта дәрежелі мектептерінен көріп жүрміз.
Телжан баяндамасында, араб әріптерін өзгерткенде 14-і ғана өзінің бұрынғы түрінде іске жарайды, өзгесінің бәрін (тең жартысын) арабшылар жанынан шығарып отыр. Латын әрпін алсақ, мұның 4-тен бірі ғана өзгертіледі, қалғаны бұрынғы күйінде іске асады дейді. Араб әріптерінің өзгеріп отырғаны рас. Бірақ қалай өзгертілген, әңгіме сонда болу керек қой. Араб әріптерінің 14-і ғана бұрынғыша болса, өзге ойдан шыққандары жұртқа жат болуы керек еді ғой. Ондай нәрсе болды ма? Болған жок, ендеше, бұл өзгертушілердің шеберлігі деп біліңдер. Бұлар өзгерткенде, әр әріптің бұрынғы тұлғасын жоймай, өзгерткенін сездірмей, хат танитын адам бөгелместен оқып кетерлік қылып өзгерткен. Сондықтан, мүны өзгертушілер жанынан қосты деуге болмайды, енді латынға келсек, оның төрттен бірін өзгерту керек екен.
Бұл арада біз санына таласып әуре болмай-ақ қоялық. Бірақ латын әріптері мейлі өзгерсін, мейлі өзгермесін, біздің қазақша хат танитындарымызға шетінен жат емес пе? Телжан Қазақстанда жаңа жобаның әріптері жоқ дейді. Біздің баспаханаларымызда латын әрпі бар ма екен? Бұл әншейін айта салған сөз.
Латыншылар (Абдірахман мен Телжанның баяндамасында) мықты дәлелдерінің бірі – араб әрпі қымбатқа түседі, онымен басқан кітап, газеттеріміз қымбат болады дейді. Мысалға Қызылордада шығып тұрған «Еңбекші қазақ» пен орыс газетінің бағасын, әрпін салыстырады да, «Еңбекші қазақты» қымбатқа шығарады. Баспаханаларда араб әрпінің ұялары көп болады, араб әрпінің бір-біреуі 3-4 түрлі болады дейді. Әріп тізушілердің еңбегі, уақыты артық жұмсалады дейді. Қысқасы, латын әрпін алуға жұмсалатын қаражат қазақ әріптерін өзгерткеннен 10 есе арзанға түседі дейді.
Арзан, қымбат жағына келсек, араб әрпін өзгертіп алудың шығыны жоқтың қасы екені, латынды алу үшін есепсіз көп қазына керектігі анық нәрсе.
Абдірахман мен Телжан араб әріптерін қымбатқа түсіргенде, оның 3-4 түрін алып қымбаттатып отыр. Кітап, газет қымбаттығы да содан, әріп тізушілердің жұмысы ауырлауы да содан болып отыр. Қазіргі Татарстанда алынып отырған, Бурнаш жобасымен жасалып, іске асырылып отырған оқушыға түк жаттығы болмай отырған әріптің дара түрін біздің латыншылдар ауызға алмай отыр. Өзгертілген араб әрпінің дара түрімен латын әрпін және оның орнына орыс әрпін салыстырып қарасаңыз, қымбатшылық жағынан екеуінің де қалыбы даярланған соң қорғасыннан құйылып шығуы бірдей, орыс әрпінен қазақ әрпі бұрын қымбат болса, оның себебі – қазақ әрпінің қалыбы көптіктен, бір әрпінің қалыбы 3-4 түрлі болғандықтан еді. Енді олай болмайды. Араб әрпі дараланса да жоламаймыз десеңдер, ол бір басқа, бірақ оны керексіз дерлік дәлелді біз көргеніміз жоқ.
Сөзді қорыта келгенде, қаражат жағынан латын мен араб әрпінің бізге қайсысы қолдануға лайықты, соны айталық.
Араб әрпін соңғы өзгертілген жоба бойынша (дара түрін) алуымыздан келер шығын жоқ, өзгертілген әріптің жоғарыда айтқанымыздай, оқушыға жаттығы жоқ, мынау мынадай әріп деп ешкімге үйретіп жатпаймыз. Ал, енді латын әрпін қолдануға келсек, бұған шығатын ақша есепсіз көп болмақ керек. Латын әрпін езгертеді екеміз, корректорларды латынша үйретеді екеміз, латын әрпімен оқытатын мүғалімдер даярлайды екеміз, ел-елде мектеп ашады екеміз, қызметкерлерді үйретеді екеміз, тағы да толып жатқан шығындары болады екен. Осының бәрін есептесек, бұған миллиондаған ақша кетуінде сөз жоқ. Қазір латыншаның бұрынғы әрпімізден іс жүзінде артықтығы жоктығын көре тұра, каншалық қаражатты, толып жатқан кемшіліктерімізді түзетудің орнына аса ділгерлігі жоқ латынды кіргізу үшін жұмсауымыздың түк қисыны жоқ.
Міржақып Дулатовтың 1924 жылы Орынборда қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде сөйлеген сөзі
Гүлнар Міржақыпқызының жеке архивінен алынды
“Ақиқат” ұлттық қоғамдық-саяси журнал