Қазақ хандары кімнің ұрпағы?
Шежірешілер мен тарихшылар Қазақ елінің хандарын Шыңғыз ханның үлкен ұлы Жошының ұрпағы Ұрыс ханнан таратады. Алайда Ұрыс ханның өзіне келгенде тарихшылардың бір қатары оны Жошының тұңғыш ұлы Орда Ежен ұрпағы десе, енді біреулері он үшінші ұлы Тоқай Темірден тарайды деген екі дай пікірде. Қазақстандағы тарихи роман жазушылар шығармаларында екінші пікір басым. Әрине, Ұрыс хан мен одан өрбіген Қазақ елі хандары мейлі Орда Еженнен, мейлі Тоқай Темірден тарасын, екеуі де Жошы хан ұлдары ғой деп тоқтауға да болар еді. Тіпті бұл хандарымыз Жошының үлкен ұлынан тарайтынын мақтан тұтуға да себеп екен. Бірақ сана, жадымыз тұманданбай айқын болсын десек, тарихымыздан уақытша пайданы емес, ғұмыры ұзақ шындықты іздегеніміз жөн.
Шыңғыз ханның және оның басшылығымен Мәңгі ел мемлекетін құрған шығыс түрк тайпаларының тарихын баяндауда ең ірі зерттеу еңбегі Ұлағу ұлысының бас уәзірі Рашид ад-Дин жазған «Жамиғ ат-Тауарих» жинағы деуге болады. Мұнда Тоқай Темірдің: Бай Темір, Баян, Ұрынқ, Кен Темір атты төрт ұлы болғаны, ал Кен Темірден туған Қожа мен Абайда ұрпақ болмағаны айтылған.
Хиуа ханы Әбілғазы-баһадұр 1663 жылы жазған «Түрік шежіресінде» Рашид ад-Динді қайталап және ары қарай жалғастырып, «Тоқай Темір нәсілінен қазақта патша болғандардың баяны» тарауында: «Шыңғыс хан – Жошы хан – Тоқай Темір – Өз-Темір – Қожа – Бадақұл ұғлан – Ұрыс хан –Құйыршық хан – Барақ хан – Әбусағит (лақабы Жәнібек хан)», – дейді. Ал Тоқай Темір нәсілінен Мауреннахрды билегендерді Өз- Темірдің Абай деген ұлынан таратады.
Бұл арада, әрине: «Тоқай Темірдің үзіліп қалған ұрпақтары Қожа мен Абайдан қазақ хандары қалайша тарамақ?!» деген сұрақ туады.
Меніңше, Рашид–ад-дин Тоқай Темір ұрпақтарының шежіресін жаза келе: «Кен-Темір балалары Қожа мен Абайдың балалары болмаған», деу себебі, – ол «Жамиғ-ат-Тауарихты» жазып аяқтаған 1310 жылы Қожа мен Абай әлі үйленіп бала сүйер жасқа келмеген.
Ал Қ.Жалайыр өз еңбегін 1602 жылы (үш ғасыр кейін) жаза тұра Орда-Ежен бұтағын да, Тоқай Темір бұтағын да дәл Рашид-ад-диннің «Жамиғ ат-Тауарихындағыдай» 1310 жылға дейін тізіп тоқтаған. Мұның мәнісі, Қ.Жалайыр еңбегінің соңғы тұсындағы «Ұрыс хан туралы дастан» тарауы ғана осы шежірешінің өз зерттеуі де, ал оның алдындағы тараулардың күллісі Рашид-ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарихын» парсы тілінен шағатай тіліне қысқартып жасаған аударма болуынан. Бұл жайлы Қ.Жалайырдың өзі де кітабының соңында: «Парсы тіліндегі Шыңғыз-нама кітабынан түрік тіліне аударды, ал кейінгі замандары болғандарды өзі естіп білгені бойынша алла тағала жәрдем беріп, теріп жазды», – дейді.
Ұрыс хан туралы тарауда Қ. Жалайыр Шыңғыз хан өзінің төрт ұлына ұлыстар мен әскер бөліп бергенінен бастап, Ұрыс ханға дейінгі оқиғаларға қысқаша шолу жасайды, ал Ұрыс ханның әкесі кім, Жошы ханның қай ұлынан тарайтыны айтылмаған. Сондықтан Рашид-ад-дин «Тауарихын» жазып аяқтаған 1310 жыл мен Ұрыс ханның Сығанақ тағына 1368 жылы отырғаны жайлы ақпаратқа дейінгі жетпіс жылдай «ақтаңдақ» кезең кейбір зерттеушілерге кеше де, бүгін де Ұрыс хан тегі жайлы басқаша жорамалдар жасауна себеп болуда. Мысалы «Аноним Искандера» деген атаумен белгілі Муин-ат-дин Натанзи шығармасында (1413 ж. Исфахан) Ұрыс хан тегі Жошының тұңғыш ұлы Орда-Еженнен: «Орда – Сартақтай – Қойшы – Баян – Сасы-Бұқа – Ерзен – Шымтай –Ұрыс хан», деп таратылады. Көптеген зерттеушілер күмәнмен қарайтын осы «Аноним Искандера» (В.В.Бартольд берген атау) шығармасында алғаш айтылған бұл пікірді соңғы кездері мақұлдаушы тарихшылар саны артып отыр. Бұған КСРО ҒА Шығыстану институты қызметкері ғалым Т.Сұлтановтың осы пікірге келуі, ал біздің Ресейден айтылған нәрсенің бәріне «ләппай» дейтін әдетіміз себеп болып отырған сыңайлы.
Екі дай болып, әрқайсысы «менікі жөн» деп жүрген осы мәселеде Т.Сұлтановтың «Аноним Искандера» баянын қолдау себебі Ұрыс ханның Орда Ежен ұлысынан шыққандығы екен. Рашид ад-Дин «Тауарихында» Орда Ежен туралы: «Из войск Джучи-хана одной половиной ведал он, а другой половиной – Бату. С этим войском и четырьмя братьями – Удуром, Тука-Тимуром, Шингкумом – он составил левое крыло войска; и их до сих пор называют царевичами левого крыла. И теперь еще их род пребывает вместе с родом Орды» ( І том, ІІ кітап, 66 бет), – деп, Тоқай Темірдің әу бастан Орда Еженнің ұлысында орналасқаны айтылған. Бұл дерек осы ұлыстан шыққан Ұрыс ханды және басқаларды да міндетті түрде Орда Ежен ұрпағы деуге болмайтынын көрсетсе керек.
Әрине, тарихшылар бұл мәселеде мен ұсынған бір дерекке бітісе қоймас. Әркім өзі оқып көңіліне ұялатқан шежірені жөн санап, өзгесін қате деуін жалғастыра берер. Ал шежірешілердің қателесуі немесе тарихты бір мақсатпен бұрмалауы мүмкін нәрсе. Сондықтан мен тарихшы қауымға шежіреші, тарихшылардың айтқандары дұрыс я қате екенін ел аузындағы деректермен салыстыруды ұсынамын. Өйткені мыңдаған адамның аузымен оқиғаны жалған айту мүмкін бола қоймас.
Өтеміс қажының 1512-1525 жылдарда жазған «Шыңғыз-нама» шығармасында Жошының бесінші ұлы Шайбанның (Шибан) ұрпақтары Тоқтамыс хан, Темір Құтлы хан, Ұрыс хан ұрпақтарына «Біз сендерден беделдіміз!» деп мақтанып: «Жошы хан қайтыс болып, баршамыздың әкелеріміз Шыңғыз хан баба алдына барғанда, ол Ордаға, Батуға және біздің атамыз Шайбанға отау үй сыйлаған, ал сендердің аталарыңа жабулы арба да бермеген», дегенін жазады. Егер Ұрыс хан Орда Еженнің ұрпағы болса, оған шайбанилар мұндай сөз айтар ма еді?
Сондай-ақ, Әбілғазы-баһадұр «Түрк шежіресінде» Тоқай Темірдің немересі Абайдың ұрпағы Ғабдолғазиз туралы: «Оның нәсілдері: «Ғабдолғазиз ханның аталары, қазақ патшаларының аталары, Қырым патшаларының аталары Жошы ханның он үшінші баласы Тоқай Темір ханның нәсіліненбіз» деп айтып отырады», – деп жазған. Бұл Ғабдолғазиздің нәсілдерінің – жүздеген, мыңдаған адамның аузынан шыққан сөз. Ендеше Қазақ хандарының тегі мәселесінде тарихшылардың «Халық айтса қате айтпас» деген бабалар даналығына тоқтағаны жөн.
Айтуды қажет етер маңызды мәселе – ол Шыңғыз ханды, одан тарайтын «Төре» тұқымдарын «моңғол» деушілік. Рашид ад-дин «Оғыз-нама» шығармасында Оғыз хан өзіне бағынбаған түрктерді шығыстағы Толы өзеніне дейін қуып тастап: «Енді Түркістанға келмеңдер!», дегенін, шығысқа кеткен сол түрктерді түркімендердің «моңғол» атайтынын жазған. Шығыс түрктерін қытайлар «сюну» деп, ол сөз хунну, хун, ғұн болып өзгергенін бірқатар зерттеушілердің еңбектерінен көреміз. Хуннулардың жаңа жылсанауға дейінгі 209 жылы Мөденің басшылығымен ірі империя құрғаны белгілі. 93-158 жылдардағы Қытаймен және Сәнбийлермен соғыста ыдыраған Солтүстік Хунну империясының Қият тайпасы тау аңғарын бірнеше ғасыр паналайды. Өсіп-өнген халықты Ергене қон аңғарынан бастап шыққан Бөрте-ашұн (алаш) Қияттың Қоралас руынан. Шыңғыз хан осы Бөртенің 22 ұрпағы. Ал «моңғол» сөзі этностың емес, Шыңғыз ханның басшылығымен шығыс түрктері құрған мемлекеттің «Менгу ел» (Мәңгі ел) атауы екенін мен «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» атты зерттеу кітабымда айтқанмын («Білім» баспасы, 2013 ж.). Сонымен, Қазақ елі хандарының тегін қысқарта баяндасақ: Түрк, одан шығыс түрктері (хунну), одан Қият, одан Қият-қоралас Бөрте, оның 22 ұрпағы Теміршің (Шыңғыз хан, одан Жошы, оның он үшінші ұлы Тоқай Темір, одан Өз Темір, одан Темір Қожа, одан Бәдіқұл (Бәдік), одан Ұрыс хан; Ұрыс ханның жеті ұлы болған. Үлкені Тоқтақиядан Болат, Болаттан қазақтың Керей ханы, одан Бұрындық хан туған. Ал Ұрыс ханның ортаншы баласы Құйыршықтан Барақ, одан қазақтың Жәнібек ханы (шын аты Әбусағит) туған. Керей мен Бұрындықтан өзге Қазақ елі хандарының барлығы осы Жәнібек ұрпақтарынан.
Хасен Қожа Түрк