Аякөз атауы қайдан шыққан?


Тауды екіге жарасың,
Тастың қашап арасын.
Кесіп өтіп кезеңді,
Аякөз, қайда барасың? – деп келетін Дулат ақынның өлеңі көпшілікке мәлім шығар. Бүгінгі сөзіміз осы «Аякөз» сөзінің шығуына қатысты болмақ.
Аякөз – Семей өңіріндегі бір аудан. Шамамен 75 мың адам тұрады. Аумағы 49,6 мың шаршы шақырым. Ауданда 1 қала, 22 ауылдық округ бар. Аймақ атауы ағып жатқан өзенмен байланысты. Яғни, Тарбағатай жотасынан басталып, Балқаш көліне құятын Аякөз өзені.
Халық арасында «Аякөз» атауының шығу жайында бірнеше аңыз бар. Тоқталып өтейік.
Ертеректегі деректерде Аякөз өзенін «Сұлу өзен» деп атаған екен. Бұл ғалымдардың пікірі. «Ай» және «окуз» сөздерінің қосылуынан пайда болған деседі. «Ай» – бүгінгі «сұлу» сөзін білдірсе, «окуз» – сөзі «өзен» мағынасында келеді. Ертедегі жұрт осылайша «айокуз», яғни сұлу өзен деп атап жүрсе керек.
Бірақ, біз ауыл қарттарынан сұрастырғанда басқа да деректерде жолықтық. Алғашқы аңыз былайша келеді.
Өткен бір заманда өзеннің жағасына келген ақсақал өзінің өгізін алып судың арғы жағасына өтпек болады. Өзеннің қатты тасыған ағысынан шошып, үркіп өгіз орынан қозғалмай орнында тұрып алыпты. Қанша қамшыласа да сіресіп алған екен. Амалы таусылған ақсақал өкініштен «Ай өгіз, ай өгіз» деп қалыпты.
Екінші аңыз жерге байланысты. Аякөз өлкесі желді болып келеді. Желдің күші соншалықты жерде жатқан топырақ оп-оңай ұшырып кетеді. Сондықтан ұшқан қара топырақтан «көзінді ая» деп жүр деп айтқан екен. Бұл деректі де ауыл қарттарынан естігенбіз.
Енді «Бабалар сөзі» жинағында мынадай деректі кездестіреміз: Ерте заманда ел болып әлпештеген, ақылына көркі сай, сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтін бір қыз өмір сүріпті. Ол қыздың аты – Аяу екен. Бой жетіп, толған айдай толықсыған шағында сол елдің жігіті Жайсаңмен тіл табысып, көңіл қосады. Екеуі бірге өмір сүруге сөз байласады.
Күндердің бір күнінде ниеті қара Нойыс деген бір жігіт Аяуды айттырып алмаққа құдалық кәдесімен келіп, ауылына түседі. Бұған Жайсаңның туған-туысқандары араласып, іс насырға шабады.
Әбден шиеленіскен кезде бір қапысын тауып, Нойыс Жайсаңды мерт қылады. Осындай қайғылы оқиғаның куәсі болған Аяу нәр сызбайды, ботадай боздаған күйінде жатып алыпты. Үлкеннің сөзіне құлақ аспайды, кішіні тыңдамайды. Құрбы-құрдастарымен де қатыспайды. Сөйтіп, қайғының салдарынан Аяу қаза тауыпты.
Көзінен аққан жас сарқыраған өзенге айналыпты. Сонан ел жаңағы өзенді Аяудың көзінен аққан жас, Аяудың көзі деп атап, кейін келе «Аягөз» болып кетіпті»
Көріп отырғанымыздай, бір атаудың шығуына төрт түрлі аңыз бар. Барлығы да қисынды көрінеді. Десе де ақиқатты білгенге не жетсін?! Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Дайындаған Рүстем Нүркен