Әдеби ағымдардың ешқайсысына енген емеспін

Ахмет Байтұрсынұлы. Әдеби ағымдардың ешқайсысына енген емеспін

Әдеби еңбекті ешкім мақтан үшін жазбайды, ол мінезден туады. Ұлтының қажетін өтейді сөйтіп. Менің ақ патша тұсында басылып, халыққа кең тараған әдеби еңбектерімнің ішінен Крылов мысалдарының қазақша аудармасын, «Маса» деген атпен топтасқан өлеңдерімді бірегей бөлектеп атар едім. Совет үкіметі тұсында шығармашылық шаруадан қашықтай бердім.
Ғылыммен айналыстым, қасиетті тілдің түп төркінін ақтарып, ғылым жасадым. Көркем әдебиетке деген көзқарасым: оның құндылығы сонда – нендей идеяны көтерген шығарма болмасын егер адам әлемнің сезіміне, жан дүниесіне қалай, қайтіп әсер ете алады дегеннен шығып жатады. Әсерге бөлей алса ғана ол әдебиет. Ой, тұжырым мәселесі екінші кезекте тұрғаны жөн, ал адамды өз әлеміне баурай тартып еліктіріп әкетер күші жоқ шығарма әдебиет емес, идеология ғана деп ойлаймын.
Қазақстандағы әрқилы әдеби ағымдармен таныспын, әйтсе де олардың ешқайсысына енген емеспін, өз басым әдеби өмірде жұмысшы табының мүддесі жоғары ма, әлде ұлттың мүддесі жоғары ма деген тұжырымға елп етіп еліге қоймаймын. Ең әуелі кәсіп емес, мұң, шер, адам жаны бірінші көрінуге тиіс қой. Өзімнің жоғарғы оқу орындарында жастарды тәрбиелеу ісіндегі сындарымда, әдебиет мәселелері туралы жазған мақалаларымда осы қағидадан табан аударғаным жоқ.
1929 жыл, 18 маусым, Байтұрсыновтың қолы
# 78754 істегі тергеу хаттамасы
“Жалын” журналы. 1991 жыл. 5,91 – Қыркүйек-Қазан