Қазақ ордасындағы хан сайлау дәстүрі


Енді Қазақ Ордасында қалыптасқан хан сайлаудың жөн-жорасы туралы айтайық.
Әлбетте, хандықтан үміткер адам – біреу, екеу емес, әлдешенеу болады. Қазіргі тілмен айтқанда, хандыққа кандидат ретінде тіркелудің, яғни санатқа енудің ең басты шарты – Шыңғыс хан әулетінен болуы.
Ежелгі түріктің қият руынан шыққан Шыңғыс хан ұрпағы Қазақ Ордасында ақсүйек, яғни айрықша текті әулет деп саналған. Бұл әулеттің қазақы тілдегі атауы – төре. Қазақ Ордасының туын көтерген Керей хан мен Жәнібек ханнан тараған ұрпақ уақыт оза келе өсіп-өніп, көбейіп, тұтас бір руға айналған. Және қазақтың үш жүзіне ортақ саналған. Бұл – ел бірлігі үшін аса мәнді рәсім болды. Осының нәтижесінде хан сайлау – ру таласынан тысқары, барлықұ ұлыс үшін тең дағуадағы, ортақ игілікке айналды.
Жаңа ханды сайлау ашық түрде, жария жағдайда өткізілген. Әуелі бүкіл ұлысқа сауын айтылады. Жұртшылдық белгілі бір жерге, көбіне-көп Түркістанға, Әзірет-Сұлтан дүрбесінің саясына жиналды.
Хан сайлау рәсімін көруге, белгілі бір мөлшерде сырттай болса да атсалысуға ұлыстағы кәрі-жастың бәрінің де хақысы бар. Әйелдер мен бала-шаға ең жақсы, сәнді киімдерін кисе, кемел жастағы еркек атаулы жарақтанып, қаруланып келуге міндетті болған. Бақыр басты әрбір кісінің кеңесші дауысы бар. Бұларбелгілі бір үміткерді қостап, мақұлдап, немесе әлдебіреуіне наразылық білдіріп, хан сайлаудың өзі қалаған бағытта өтуіне ықпал жасауға тырысқан. Яғни, Қазақ Ордасындағы халықтың, қарулы әскердің ой-пікірі жауапты кезеңде үлкен күшке айналған.
Әйткенмен, шешуші дауыс – ел ағаларына тиесілі. Бұлар: жұрт ұстаған сұлтандар, рубасы билер, әскербасы батырлар және ерлігімен иә білігімен таптон озған игі жақсылар.
Әлбетте, ел ағалары алдынала ақылдасып, кеңесе келе білгілі бір шешімге тоқтайды. Содан соң ғана жалпы жұрттың мақұлдауымен хан көтеру рәсімі өткізілмек.
Ел ағалары бітісе алмай, хан сайлау кеңесінің аяғы көпшілік талқысына түскен, дау-дамайға ұласқан жағдайлар да болған. Бұл – біртұтас ұлыстың тозып, ыдырау кезеңіне, дағдарыс заманға тән құбылыс екен. Мәселен, Қайып хан өлгеннен соңғы, 1719 жылғы хан сайлауда, Болат ханнан кейінгі, 1729 жыл шамасындағы хан сайлауда ел ағалары әр қайсысы әр жаққа тартып, ешқандай мәмлеге келмейді.
Хан тағынан үміткер ашанда әлденешеу, ел ағаларының бәрінің қалауы бір жерден шыға бермейді. Бірақ бұрын, ұлыстың оң күнінде болашақ ханның жеке басының қасиеті бағаланатын, хан сайлау – белгілі бір сұлтанның билігін арттыру емес, бүкіл Орданың болашағын айқындайтын, мемлекеттік мәнді іс саналатын. Қайткенде де хан сайлау кеңесіндегі көпшілік шешімі қалған жұрт үшін жарғы есепті болған.
Аталмыш екі сайлаудың алғашқысында ел ағасы билер мен шонжарлар Әз-Тәуке ханның бел баласы, бірақ ақыл-парасатымен де, ерлік-әскербасылығымен де топтан озбаған, көзге түспеген боркемік Болатты хан көтерді. Қазақ Ордасының хандығына Әбілқайырды ұсынған, енді әлгіндей теріс таңдауға күйінген, Кеңес шешіміне тоқтамаған қаншама жұрт – Кіші жүздің жарым көпшілігі және Орта жүздің бір бөлігі үлкен Ордадан суынады. Осыған дейін-ақ ұлыстың бір тарабында жеке билік жүргізе
бастаған суынады. Осыған дейін-ақ ұлыстың бір тарабында жеке билік жүргізе бастаған Әбілқайыр енді өзін дербес хан деп жариялайды.
Бұл ретте қазақтың ежелгі хан сайлау дәстүрі ғана емес, одан соңғы жол-жора да аяқасты болғанын көреміз.Адалына жүгінсек, хандыққа Әбілқайыр өтуге тиіс еді. Алайда, Әз-Тәуке заманында орталық өкіметтің босаңсуы нәтидесінде зор билікке жеткен рубасы мен шонжарлар Ордаға қарымды, қуатты әміршінің келуін хош көрмейді, айтқанға көніп, айдауға жүретін. Болатты таңдайды. Сонымен қатар, хан сайлауының шешімін мойындамау – Әбілқайыр мен оның жақтастарының да үлкен кінәсі деп білуге тиіспіз. Осы екі бірдей жорасыздық нәтижесінде, Қазақ елі мүлде дерлік иесіз, басшасыз қалды, арада үш-төрт жыл өтпей Ақтабан-шұбырындығы ұшырады.
Қазақ Ордасы қираған, халықтың тең жарымына жуығы қырғын тапқан, ата қоныстан ауған қиыншылық жылдары өткізілген келесі екі сайлауда да, әрине, Әбілқайырдың үлкен хандыққа өтуі неғайбыл еді. Шынында да солай болады. Мұның әуелгісінде Әз-Тәукенің кенже ұлы Сәмеке, соңғысында Әз-Тәукенің немересі, Болаттың ұлы Әбілмәмбет хан көтеріледі.
Енді Әбілқайыр ат басын мүлде теріске бұрады. Бұл реткі барлық кінә, ақыры, қиғаш жолда жүріп өзінің басын жойған Әбілқайырда. Бірақ трагедияның бастауы 1719 жылғы парықсыз сайлауда жатқанын атап көрсетуге тиіспіз. Рубасы билер мен шонжарлар Әбілқайыр сұлтан қазақ хандарының кіші бұтағынан шығады деген сылтау айтады. Соңғы жүз елу жыл орайында Қазақ Ордасында Әз-Жәнібек хан немересі Шығай ханның ұрпақтары билік құрғаны рас, бірақ әулеттің өз ішінде Болатқа кезек тимес еді. Шығайдың үлкен ұлының ұрпағы Көкжал Барақ сұлтан хан көтерілер еді. Ал Әбілқайыр атасыз әлдекім емес, ол да Қазақ Ордасының негізін салған Әз-Жәнібек ханның тікелей (жетінші) ұрпағы болатын. Бабасының бар қасиеті бірдей дарымаса да, Ақтабан-шұбырынды қарсаңында хан тағына бірден-бір лайық адам сол еді.
Жалғасы бар…
Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінен алынды