Қазақ хандығы кезеңі
Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі
Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп ашына жазған болатын. Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын.
Тәуелсіздік қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді-мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағына ұланғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынының арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты.
Қазақ, Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» халық. Бірлігі жарасқанда даңқы асып, билікке таласқанда берекесі қашқан. Баршаға белгілі, байырғы бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, Байкалдан Балқанға дейінгі алқапты еркін жайлаған. Көгімізде желбіреген алтын күн астында қыраны қалықтаған туымыз мемлекеттігіміздің үзілмей жалғасып жатқандығының айғағы.
Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды.
Сегізінші ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуында: «Алдау мен арбауға арандаған түрік халқы бірлігінен айрылды. Табғаштарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды», – деп жазылған. Қай заманда болмасын, барлық жеңістеріміздің бастауы береке-бірлік екенін жас ұрпақ ешқашан ұмытпай, өткеннен сабақ алуы үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасатып, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің атриумына қойғыздым.
Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері – Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов «берік» яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады. Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен.
Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады.
Бүгінгі той – ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұланғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді.
Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Ел билеген хандардың өмірі майдан шебінде өтті. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты. Осынау ұлы бабалардың биік рухына барлық ұрпақ айрықша құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді. Олардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталады. Қазақтардың талай буыны қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман орнатқан хан ретінде қадірлейтін Әз Тәуке биліктен кеткен соң халқымыздың береке-бірлігі әлсіреп, жүзге және руға бөлінушілік белең алды.
Орталық Азиядағы аса қуатты әскери мемлекет саналатын Қазақ хандығының осы осалдығын оңтайлы пайдаланған жоңғарлар тұтқиылдан соғыс ашып, ел тарихына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енген трагедияға ұшыратты. Дәл осы тұста тарих сахнасына қол бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары сияқты батырлар, сөз бастаған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билер, ел бастаған Абылай, Әбілқайырдай хандар шықты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлігі асқан қазақ қолы 1730 жылы Аңырақай түбінде жоңғарларға күйрете соққы беріп, ата қонысын жаудан біржолата азат етті.
Қаз дауысты Қазыбек би:
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Достықты сақтай білген елміз,
Дәм-тұзды ақтай білген елміз, – деген екен.
Бірліктің қадірін біліп, білекке білек қосқанда атамекенді жаудан азат етті. Алайда, ағайынның араздығы, ынтымақтың аздығынан көп ұзамай хандық жойылды. Данышпан Абай айтқандай, «Бас-басына би болған өңкей қиқым» елдің сиқын кетірді. Сол кезде бүкіл дүние жүзін жайлаған, «бөліп ал да, билей бер» атты отаршылдыққа негізделген сұрқия саясат Қазақ елін біржолата Ресей патшалығының отарына айналдырды. Бұдан кейінгі Қазан төңкерісінен, Азамат соғысынан, халқымыздың тең жартысын жалмаған отыз екінші жылғы ашаршылықтан ер-азаматқа да, елге де сын болған Ұлы Отан соғысынан қазақ қаншама қансырап шықса да, азаттық аңсаған өршіл рухы мен ұлттық келбетін жоғалтқан емес.
Ел арасында айтылатын тәмсіл бар. Абылай хан: «Үш арманым бар еді. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім, қан көп төгілді. Екіншісі, халқым қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым», – деген екен. Абылайдың асыл армандары тәуелсіздік тұсында түгелдей орындалды. Қазақстанның қай түкпіріне барсақ та, қалаларымыз бен ауылдарымыз жарқырап, жайнап тұр.Даламыз жайқалған егінге толып, еліміз жасыл баққа айналды. Алтын күн шуағын шашқан көк байрағымыздың астында қазақ қана емес, 130 ұлттың өкілдері береке-бірлікпен тату-тәтті өмір сүруде. Мен бұдан бұрынырақ «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген едім. Бүгін сол сөзімнің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады» дегім келеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығына
арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінен