1771 жылы саяхатшы Барданестің Мәмет сұлтан жайлы жазғаны
«24 шілде: Бүгін бізден 7 шақырым жерде орналасқан сұлтан Мәметтің 3 баласы өз нөкерлерімен келді. Майор Зубов оларға қонақасы беріп, менің ордама жіберді. Үлкен ұлы – Ахмет 20 жаста. Ол үстіне қара атластан тігілген кең шалбар, жібек белбеуі бар, жұқа қара матадан тігілген шекпен киген. Басына алтыннан тігілген тақия мен жақсы қырғыз бас киімін киіп, ал беліне қылыш таққан. Өзгелері қарапайым киім киген, бірақ киімдері таза. Бірінің жасы 16, ал екіншісінің жасы 14. Барлығының көңіл күйі жайдарлы және батыл мінезді көрінеді. Олар менің кигізімнің үстіне отырып, қолдарынан келгенше, менің қойған сұрақтарыма жауап беріп, менің кептірілген нанымнан ауыз тиді. Қоштасар сәтте, мені өз әкелерінің үйіне таңертен қонаққа шақырды. Мен келістім.
26 шілде: Бүгін түс уақытына қарай Сұлтан Мәмет тұрағына келдім. Сұлтан Қырғыз Ордасының орта жүзінің старшинасы. Мені жақсы қарсы алды. Оның ордасы немесе ауылы 8 киіз үйден немесе күймелі арбадан тұрады, оның 3 отбасына арналған: ақ киізден жасалған, әрі таза. Ал қалғандары – қарапайым киіз үйлер оның қызметшілері мен бақташыларына арналған. Сұлтан қабылдағанға дейін оның ұлдары менімен әңгімелесті. Оның күймелі арбасы үлкен, іші шымылдықпен бөлінген; қақ ортасында ілініп тұрған үлкен темір қазанда қара малдың еті мен жарма пісіп жатты, айналасында шағын және жіңішке жәшіктер болды, оның ішінде киім-кешек пен өзге нәрселер салынған тері қаптар жатыр. Қазан артында жастықтар пен парсы кілемі төселген.Оның үстіне аяғын малдас құрып сұлтан мен оның бәйбәйшесі отыр. Мен шеткерірек отыруға тиіспін.
Сұлтан 60 жаста, арықша келген, шағын қара сақалы бар; үстіне жібектен тігілген көйлек, басына алтын зерлі қалпақ киген. Оның бет-әлпеті қырағылық кейіпте болды. Оның жұбайы шамамен қырық жаста, жартылай жібектен тігілген бұхаралық көйлек киген, ал басына татар және армян келіншектері тағатындай жібек орамал таққан, орамалының екі жағынан бетіне моншақтар түсіп тұрды.
Басымды төмен иіп, князьға Омбыда 7 тиынға сатып алынған бір пұт сабын, айна, 3 тиынға сатып алынған жүзік, бірнеше ине сыйға тарттым. Осы бұйымдарды өзіммен бірге аз алғаным үшін кешірім сұрадым. Ол сыйлық берушілерден алғандардың бәрі құрметке лайық десе, жұбайы болса, бұндай заттар көшпелі далада сирек кездеседі деді.
Содан соң әйелі менен «қымыз немесе сүттен жасалған айран ішісіз бе ?» деп сұрады. Мен ішем деп жауап берген соң, маған қымыз әкелді. Кейін фарфор кесемен сүт қатқан, қантсыз және балсыз шай ұсынды.
Егер де сұлтан әңгіме барысында үлкен пышақпен жебе жонып отырғаны болмаса, онда біздің әңгімемізді өте жайлы өтті деп айтуға болар еді.»
Саяхатшы Христофор Барданестің күнделігінен. 1771 жыл.
«Қазақстанның өткен тарихы» жинағынан алынды.