«Жас этнос» еместігіміз көне ру атауларынан көрінсе

Адамзат өзін саналы есептегенімен, тарихындағы мыңдаған қырғын соғыстар оның да «джунгли заңымен» өмір кешіп келе жатқанын көрсетеді.Айырмасы – өз жыртқыштығын ақтау үшін түрлі сылтаулар табатындығы. Соның бірі – күші басымдау халықтың өзге бір этносты«тарихта елеулі істер жасамаған, кеш пайда болған кемшін ұлт, сол себепті өз еркімен өмір сүруге тиісті емес» дегендей пікір таратып, жаулап алуы. Әрине, ескі жазба деректерде аты мен істері таңбаланған халықтарға басқыншылық мұндай сылтаумен жасалына алмайды. Мұндай қиянатқа, негізінен, тарихындағытүрлі жағдайлармен өзінің этностық атауын өзгерткен халықтар ұшырайды. Мысалды жақыннан іздесек, осындай «жас этнос» қатарына 15-ғасырда Жошы ұлысынан (Алтын ордадан) бөлініп, өздеріне жаңа, тарихта кездеспеген лақаб атау алған Ноғай, Өзбек, Қазақ халықтары ілігеді. Бұған Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығын атап өту арқылы өзіміз себеп жасап отырсақ, өзге халықтар «олай емес еді» деп архивтерді ақтара қоймайды.
Мәскеуде бір тарихшыға қазақ этносы 550 жыл бұрын «жоқтан пайда бола қалмағанын»,ұлтымыздың негізі Шыңғыз ханның басшылығымен 13-ғасыр басында Мәңгі ел мемлекетін құрушы, тіпті, одан бұрын да мемлекеттер құрған тайпалардан тұратынын түсіндірмек болғанмын. Ол сеніңкіремей, өзге мемлекеттер тәжірибесінен бірқатар мысал айтты. Ресейдегі Вятка қаласы ертедегі вятич, Тверь қаласы мен облысы тивер тайпасының,ал беріде, 1916 салынған Мурманск қаласы угро-финндік муром тайпасының атымен аталған екен. «Муром орманы» да бар. Біздегі Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай дегендей, орыс аңыздарындағы Илья-муромецосы тайпадан көрінеді. (Библиялық «Илья» атына қарай бұл аңыз осы өлке христиан дінін қабылдағаннан соң пайда болған сыңайлы). Москва қаласы (облысы) да угро-финндік мокша (моксель) тайпасы атауынан пайда болған екен. Германиядағы Саксония, Пруссия, т.б. облыстардың да ертедегі германдық сакс, прусс тайпаларының аттары екенін білеміз. АҚШ-тағы көптеген штаттарына осы елдің байырғы халқы – үндіс тайпаларының аттары берілген: Дакота штаттары – лакота, Монтана – монтанье, Айова – кайова, Чикаго – чикасо тайпасының аты екен. Канада астанасы Оттава қаласы да үндіс тайпасының атауы.Тіпті, қазірде Ресей иелігіндегі алып өлке Сибирь – ІХ ғасырда Еділ өзенінің орта тұсын мекен еткен түрктің Сувар тайпасының атынан туған. Осынау елді мекен атаулары ертедегі әлгі ру-тайпалардың отандары дәл осы өлкелер екенін білдіріп тұр.
Мәскеулікке сөзімді дәлелдей түспекке мен де көне тарихнамаларда жазылған рулардың атауын Қазақстан жерінен іздеген едім, есіме Балқаш қаласына жақын Солтүстік Қоңырат қалашығы түсті. Алайда ол орысша «Коунрад» делініпті. Өзім туған Матай стансасы әр қартада көрсетіле бермейді. Негізгі рудың бір бұтағы ғана болғандықтан ескі шежірелерде де жазылмаған. Әр елдің тарихшыларын Қазақстанға жетектеп әкеліп көше аралап: «Қайсың Найман, қайсың Керейсің?» – деу қолайсыз шаруа. Сондықтан өзге жұртқа (өзімізге де) Қазақтың «жас этнос» емес, тамыры ежелденбар екенін көрсетіп насихаттар ұтымды жолдарды іздеу қажет. Меніңше соның бірі – Қазақстан географиялық картасында халқымызға қатысты, көне тарихнамаларда жазылған, әлем тарихшылары қанық атауларды мүмкіндігінше мол көрсету.
«Оғыз-намада» баяндалғандай, бағзы замандарда Түркістан өлкесінде болған өзара (азаматтық) соғыстан соң Оғыз ханды қолдап қасында болған бес тайпадан қазір қазақ құрамында бары Қаңлы мен Қыпшақ. Ал Оғыз ханға бағынбай шығысқа кетіп жаңа жыл санауға дейінгі 209 жылы Хунну империясын құрушы түрктердің бас, билеуші тайпасы Қият (Қиян, қытай тарихнамаларында Хуянь, түрктің «құйған» сөзі), одан тараған көптеген рулардан Қоңырат, Қоралас та қазақ ішінде бар. Шығыстағы Хунну империясымен бір заманда еліміздің қазіргі территориясында Қаңлы және Үйсін мемлекеттері болғаны бұрынғы-соңғы көптеген тарихшылар еңбектерінде жазылған. Ертіс пен Дунай өзендері аралығындағы алып территория Х-ғасырдан Дешті Қыпшақ аталғаны аян. Осы бірлестікте болған түрк тайпалары бүгінде әртүрлі өзге этнонимдер алғанда, «қыпшақ» атауы тек қазақ құрамындағы руда сақталыпты. Қазақ халқының құрамындағы Жалайыр (Яғлақар) тайпасының атауын 8-ғасырда Ұйығыр қағанатының (қазіргі Моңғолия-Манжұрия жерінде) құрылуына байланысты кездестіреміз. Рашид ад-диннің 1310 жылы жазылған «Жамиғ ат-Тауарихында» да Жалайырлар Қидан мемлекетіне, Шыңғыз хан тарихына қатысты айтылған. «Жамиғ ат-Тауарих» және басқа да Шыңғыз хан тарихы жайындағы шежірелерде Найман мен Керей рулары туралы оныншы ғасырдан бастап молынан баян етілген.
Ендеше, ескі тарихнамаларда жазылып, әлем тарихшыларына белгілі болған осы Қаңлы, Үйсін, Қият, Жалайыр, Найман, Керей, Қыпшақ, Қоңырат атауларымен неге Қазақстандағы облыс, аудан, елді мекендерді атап, Қазақ этносын тарихта әйгілі осынау тайпалардың құрып отырғанын ашып көрсетпеске. Мысалы (шартты түрде болса да) Қаратал өзенінен Алтай тауына дейінгі жерді Найман ұлысы, Қаратал мен Іле өзені аралығын Жалайыр ұлысы, Іле мен Шымкент қаласы (?) аралығын Үйсін ұлысы (Дулат ұйысы), одан Жаңақорғанға дейін Қоңырат ұлысы деп атаса болады. Отаршылдық кезең белгісі «Қызылорда» атауынан құтылып, облыс атын осы өлкеде ежелден хандық құрған ру атымен «Қаңлы ұлысы» деп, ал саны аздығына қарай осында тұратын Қият руына қала аты (Қызылорда) берілгені жөн. Керей мен Қыпшақ, әлемдік тарихта аты мәшһүр болған басқа да ру атауларымен, қазіргі қоныстануына қарай ұлыс, ұйыс (аудан) аттарын атауға болады. Мысалы, қазіргі Панфилов ауданын неге «Албан-Суан ұйысы» деп атамасқа. Әлде бізге бабалар есімінен гөрі Панфилов аты аяулы ма?!
«Ұлыс», «ұйыс» сөздерін ұсыну себебім, орыстың «область» (бізше «облыс»), волость, волосной (бізше «болыс») сөздері, шын мәнінде, түрктің (қазақтың) «үлес, ұлыс» сөзінің бұрмалануынан пайда болған. Орыстікі делінетін «уезд» де көнетүрктік «йус» (қазақша «ұйыс», «жүз» – Ұлы жүз, Орда жүз, Кіші жүз) сөзінен. Рас, «ұлұс, ұлыс» сөзі Шыңғыз ханның өз ұлдарына үлес беруде (Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, т.б.) қолданылғандықтан, жер аумағын белгілеуде «аймақ, аумақ» сөздері келіңкірер еді. Дегенмен көптен қолдалынып келген «облыс» сөзінен алшақтамау үшін «ұлыс» сөзін алған жөн.
Әрине, осы аталынған рулардың кейбірі ертеде дәл бүгінгі орнын мекен етпеген де болар. Бірақ, мақсат руларға үлес бөліп беру емес, олардың Қазақстан жерінде, қазақ этносының құрамында екенін көрсету, сол арқылы қазақтың «жас» емес, ежелгі этнос екендігін дәлелдеу.
(Тақырыпқа орай, облыстарымыздың бүгіндегі атаулары жайына да назар аудартқым келеді. Мысалы, Қарағанды қаласы қараған бұтасы мол жерде тұрғызылған болар, Ақтөбе қаласы маңында ақ төбе я төбешік бар делік. Бірақ бүкіл облыстың жері қараған бұталы, немесе әлгі бір төбенің жанына орналаса алмайды ғой!? Сондықтан қаланың атымен бүкіл ұлысты атау қисынға келмейтінін ойластырған жөн болар).
Кешелері КСРО империясының, «советтік ұлт» жасау ұранымен жүргізген «отарындағы халықтарды орыстандыру саясаты» санасын шарпығанқандастарымыз арамызда әлі де баршылық. Мұны олардың ара-кідік ескі әдетпен «рушылдықпен, ұлтшылдықпен күресу» туралы «үндеулер» жариялауынан байқаймыз. «Ата-бабаларымыздың атынан безініп халқымыздың тарихын өзіміз келте етпейік!» – деген осы ұсынысымызға әлгілердің бүгін де өре түрегелерін сезіп отырмын. Олар мұндай ісімен, қазіргі, әлемді ғаламдастырмақ, адазатты ұлттық тамырын ұмытқан тегін білмес тобырға айналдырып басқаруды көксеушілерге септесіп отырғандарын я білер, я білмес. Бірақ осылардың өзі руын еш ұмытпаған, ұмытқысы да келмейді. Тек сырт көзге (кеше Мәскеуге, бүгін – өзін депутаттыққа ұсынатын халыққа) «интернационалист» боп ұпай жинауды кәсіпке айналдырған.
Бұл мәселе, олар айтқандай, егер ұлыс я ұйыс (аудан) бір рудың атымен аталынса, ол жерге басқа рудың кісісі бара алмайды деген сөз емес. Алматы облысында «Ұйғыр ауданы» бар. Алайда онда әртүрлі басқа да ұлттар тұратыны, ал ұйғырлардың дәл осында ғана емес, Қазақстанның өзге де қала, ұлыс, аудандарын мекендейтіні белгілі. Сондай-ақ Матай стансасында тек Наймандар тұрады деп кім айтыпты? «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген, тек ас беру емес, ата-бабаларымыздың атын өшіріп алмай насихаттау да екенін түсінуіміз керек.
Осыған орай Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрк университетінің ректоры У.Әбдібековтің «Қазақ ру, жүзге бөлінбейді, қайта ру, жүзден құралады» атты мақаласын («Ақиқат» журн. 2015, №4), академик М.Мырзахметұлының «Өмір өзегі – отбасы тәрбиесі» мақаласын («Қазақ ұстазы» журн. 2014), Б. Бөтеевтің («Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер одағының)«Қазақ бай-қуатты болуы үшінне істеуі керек?» жобасын оқып шығуды ұсынар едім.
Ұлтымыздың «жас этнос» еместігін айқын көрсетудің тағы бір ұтымды жолы, ол мемлекеттік туымызда тек бір ғана «күн-таңба» емес, қазақты құрып отырған барша түрк тайпаларының негізгілерінің де таңбаларының болуы. Таңбаларды Көк түсті тудың бір жақ бұрышында орналастырса болады (АҚШ туындағы 50жұлдыздай). Әлем тарихшылары осы таңбалар ішінен небір ежелгі ру-тайпалардың белгілерін көріп-ақ этностық тамырымыздың тым тереңдігіне таңданары хақ.
Өзге де түрк елдері өз туларын осындай үлгімен жасаса, бүгінде қазақ, қырғыз, өзбек, татар, түркмен, қарақалпақ, башқұрт, моңғол, саха, бурят шұбаш, т.б. деп жүрген халықтардың құрамында бірнеше ортақ рулардың барын көрер едік. Бұл – баршасының түбі бір Түрк деген халық екендігіне көрнекті дәлел болар еді.
Теміржолды Қожа-Түрк
(Хасен Қожа-Ахмет)