Хандық билікті жою үшін ұйымдастырылған отарлау саясаты
XVIII ғасырдың ортасында қазақтардың таңдаулы билеушілерінің неғұрлым көрнекті өкілдері екі жақты бодандық жағдайында болғандықтан, Ресей әкімшілігі негізінен ортаазиялық саясатқа байланысты келіспеушіліктері шешілді де, Қазақстандағы хандық билік институтын жоюға түпкілікті бағыт алды.
Осыған байланысты патша үкіметі билік құзыреттіліктерін нақты қайта бөлу және көшпелілердің дәстүрлі саяси құрылымдарына тікелей ықпал ету арқылы олардың қоғамдық санасындағы хандық билік институтын бұлыңғырландырып, сонымен оны толық және түбегейлі жою үшін жағдай жасауға тырысты.
Осы түпкілікті мақсатқа қол жеткізу үшін Орынбор және Сібір ведомствосының әкімшілік органдары бірнеше жолдармен алға жылжыды:
Қазақ хандарын, әсіресе Абылайды (1771-1780), Уәлиді (1780-1781), Бөкейді (1816-1821) ресми түрде бекіту арқылы, содан кейін оларды тікелей тағайындау (1791 жылдан бастап – Кіші жүздің барлық хандары) арқылы;
Билік үшін ішкі саяси күресті тұтандыру және хандардың санын жасанды түрде көбейту (мысалы, Уәли ханмен бәсекелестік кезінде Бөкей сұлтанды қолдау)
Хан тағына кезекті үміткерді ең тілалғыш, бірақ беделі аз және қабілетсіз сұлтандардың ішінен сайлау: қартайған Ералы (1791-1794) мен Айшуақты (1797-1805), ерік-жігері әлсіз Есім (1795-1797) мен Жантөрені (1805-1809), қорқақ әрі арамза Серғазыны (1812-1824);
Хан тағына Қайып, Қаратай, Арынғазы сияқты ең күшті әрі беделді үміткерлерді әдейі көзге ілмеу;
Тым дербес және әлеуетті тәуелсіз хандарды, әсіресе Арынғазыны биліктен тайдыру.
Осы мақсатты түрде бағытталған саясаттың нәтижесінде XIX ғасырдың екінші онжылдығының соңында өңірде хандық билік институтын жою және терең әлеуметтік-саяси қайта құрулар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Алайда олардың артынан хандық билік институтын жою патша үкіметін қазақ ақсүйектерімен елеулі қақтығыстар топтамасына алып келді.
… 1822 жылы император І Александрдің арнайы жарлығымен, Орта жүзде хан институты ресми түрде жойылды. 1824 жылы Кіші жүзде хан билігі жойылды. 1845 жылы Ішкі немесе Бөкей ордасында (1801 жылы негізі қаланған) хандық билік жойылды және әкімшілік-саяси қайта құруларды жүргізудің бастамасы болды.
Н. Масанов
автордың “Қазақстан тарихы: халықтар мен мәдениеттер” еңбегінен алынды