Ақсақ Темірдің әскері
Ақсақ Темірдің әскері Шыңғысхан кезіндегідей ондықтан, жүздіктен, мыңдықтан, түменнен құрылатын. Әр жауынгер өзінің қай он басына, мың басына, түмен басына жататынын жақсы білетін. Сондай-ақ: әр ондық, жүздік, мыңдық ұрыс кезіндегі шабуыл, шегінулерін қалай өткізетіндерін және қай қосынның қай жерінде, қай тұсында тұрулары керек екенін күні бұрын әбден жаттап алатын.
Ақсақ Темір әскері де, Шыңғысхан сыпайларындай, тек аттаныс, жорық кезінде ғана халықтан жиналатын. Өзге уақытта олар жайшылықтағы шаруаларымен, мал баққаны малын бағып, егін еккені егінін егіп жүре беретін.
Әрі Әмір-Темір әскерінің Ұлы әлем билеушісі Шыңғысхан бұлықтарынан бірталай айырмасы да болатын. Ең үлкен айырмасы – Шыңғысхан қосындары тек атты жауынгерлерден тұрса, Ақсақ Темір қолдары, тек атты әскерлер ғана емес, жаяу бұлықтардан құрылатын. Бұл жаяу әскер сыпайлары көшпенді елдердің жігіттеріне емес, тек қала тұрғындарынан, дихан, ұста-зергерлерден ғана алынатын. Және Шыңғысхан кезіндегідей, соғысқа жарайды дегеннің бәрінен бірдей емес, тек қала тұрғындарының соғысқа жарайды деген белгілі бөліктерінен ғана жиналатын. Жорықтың үлкен-кішілігіне қарай, әскерге жалпы қала тұрғындарының екіден, үштен тіпті кейде төрттен бір бөлігі шақырылатын.
Ақсақ Темір жорыққа аттанар алдында әр ұлысқа, әр қалаларға әскер жинайтын әдейілеп уәкілдер – табашылар жіберетін. Олар әскерге шақырылған жігіттердің қару-саймандары, мініп келген аттары, жорыққа жарай ма, жарамай ма бәрін тексеретін. Ақсақ Темір де, Шыңғысхандай, соғысқа, жорыққа керек заттарын, қару-саймандарын, ат-көлігін, тіпті ине-жібіне дейін әскер қатарына шақырылған жауынгерлердің өздеріне міндеттелген. Ақсақ Темірдің бұйрығы бойынша әр жауынгер отыз жебесі мен садағын, қалқанын, қылышын, найзасын өзі ала келуі керек. Және екі салт атты жауынгер ерттеулі жетекке бір бос ат, әр он кісіде бір шатыр, бір бір шот, бір орақ, бір ара, бір балта, бір арқан, бір өгіз не жылқы терісі, бір қазан, бір біз, жүз ине болуға тиісті.
Әр табашы бәлен ұлыстан, не аймақтан бәлендей жауынгер әкелем деп Әмір Ордасымен шартқа отырған. Ақсақ Темір бұл табашыларды риза ете білген. Ал олардың әкелген адамдары, не қару-жарақтары, мінген аттары ұнамаса, ондай табашыларды мықтап жазалаған. Әмір-Темір осындай мінезінен қорыққан табашылар шамасы келгенше Ақсақ Темірге өткізетін жауынгерлерінің өз заманының ең қару-жарақты, ең дұрыс киінген, ең денсаулығы күшті әскері саналған…
Жорыққа аттанған қолдарының алдында маңғыласы, оның алдында күзетшілері. Бұл шағын жасақты Ақсақ Темір кезінде «Қарауыл» деп атаған. Қарауыл алдарынан не көрді, не болып жатыр бәрін артындағы маңғыла басшыларына жеткізіп отырған. Бұл қарауылдардан бөтен, әр қосынының, әр түменнің өзінің ертөлелері болған. Бұларды хабаршы деген.
Ақсақ Темір әсіресе жол көрсететін кісіге – қылауызға өте көңіл бөлген. Бұл өтірік айтпайтын, алдамайтын және әскер жүріп бара жатқан жолды, тау, суды өте жақсы білетін кісі болуы керек.
Егер Ақсақ Темір әскері жолай тоқтап, не түнейтін болса, жау келеді-ау деген жақтың алдыңғы тұсынан ор қазып шапар (талдан тоқылған қалқан), тұры (Қытай күкіртінен жасалған оқ-дәрі. Минаның алғашқы түрі) қойған.
Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» романынан алынды.