Ақсақ Темірден қалған белгі
… Ақсақ Темірдің кенет жүрегі қобалжып кеткендей болды. Қашан бұл даланың шетіне шығады? Қашан бұл ұшы-қиыры жоқ атыраптың ар жағындағы Алтын Орда кіндігі Сарай-Беркеге жетеді? Жалпы жете ала ма? Тоқтамыс та, бұның жете алмайтынына сеніп, соғыспай кейін шегінді ме? Ол Дәшті Қыпшақтың осы алыптығын өзіне әдейі аңғартып тұрған күзетшісі сияқты басын бұлт сүйген Ұлытауға өшіге қалды. Қасындағы Едігеге:
– Егер менің екі жүз мың жауынгерім бір-бір тасынан алса, осы тау қанша кішірер еді? – деді.
Ирак, Иран, Хорезмді шапқан кездерінен сол елдердің салтанатты сарайларын, күмбезді ғибратханаларын күйретуге құмар боп әдеттенген Ақсақ Темірдің мінезіне қанық Едіге, Дәшті Қыпшақтың мынау жазық өлкесіне осы Ұлытаудан өзге күйретер ештеңе таба алмай, Мәуреннахр билеушісінің құдайдың өзі жаратқан осы керемет тауды құртқалы тұрғанын түсінді. Сар даланың алып күзетшісіндей, Кішітау мен құшақтаса сүйір басы, көк аспанға найза ұшындай қадала біткен, көркем тауды күйреттіруге Едіге қимады.
– Тек сүйір басы ғана мұқалар еді, деді ол, сол тұнжыраған қалпында. Сөйтті де кенет бір оқыс ой түскендей серпіле қалды. – Ал құмырсқадай қаптаған жауынгерлеріңіз егер осы араға бір-бір тастан үйсе, сіздің атыңызды мәңгібақи дүниеде қалдырар Ұлытаудай зәулім биік бір тау пайда болар еді, деді ол.
Атақ, даңқ кімнің көңілін толқытпаған. Ақсақ Темірге Едігенің сөзі ұнап кетті. Мысыр патшалары Хуопсе, Гизе тәрізді пирамидалар тұрғыздырса, бұл солардан биіктігі кем емес қолдан тау жасатады. Сол күні ол, әрбір жауынгерін бір-бір тастан әкеп осы араға тау орнатсын деп бұйрық берді. Екі жүз мың жауынгер екі күнде Ақсақ Темірдің тілегін орындады.
Сол қолдан жасалған биік Ұлытаудың күншығыс жақ қойнауында әлі тұр. Бірақ Ұлытаудан заңғар биік емес. Егер Ұлытауды қарт ата санасақ, бұл тау, сол қарт атаның бір өгей немересі тәрізді, қойнауында қарақатты бауы, қойнын жарып шыққан тас бұлағы жоқ. Тек екі жүз мың жауынгердің қолымен жасалған осы тауды бұзып, тасын санасаң, Ақсақ Темірдің Алтын Шоқы түйетасына жазған сөзінің рас екенін білдірер екі жүз мың деген санды кездестірер едің…
Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» романынан алынды.