Мағжанның жұбайы Зылиханың естелігі


Мен 1931-33 жылдары Мағжанды іздеп жолығуға Карелияның Соловец станциясына барған едім. Станциядан көп қашық емес, айқайласаң дауыс жететін жерде Соловец селосы, сол селоның күнбатыс маңында саяси тұтқындардың лагері бар екен. Лагерь кілең ағаштан құрастырылып салынан шағын үйлерден тұрады. Үй тар, төрт керует әзер сиятын үйшік секілді. Есік аузында темір пеш бар, ортада ас ішіп, киім жамап, тірлік қылатын пәкене төрт таған үстел қойылыпты. Айдаудағы кісілердің түрі жербеттеліп, сұрланып кеткен, қан-сөл жоқ. Жұмыс ауыр, тамақ аз, аштан өлмейтін етіп қана қара нан, құмыр ботқа, әр кезде саңырауқұлақ сорпасын береді екен. Апарған тамағымды сол жердегі қазақтың қор болып айдауда жүрген асыл азаматтары бөліп жеді, аптадай қастарында болып кірін жудым, жыртылған киімдерін жамадым.
Мағжанның көңіл күйі жоқ, мені көргенде «жылы жақтан келген жыл құсындай болып жеттің бе» деп жанарының оты жанып, қуанып, толқып, көпке дейін сөйлей алмай отырды.
Бір аптадан кейін рұхсат етілген мерзімім аяқталып, жүруге жиналдым. Тұтқындағы байғұстар ертемен тұрып, үстеріне көне киімдерін іліп жер қазуға, ағаш кесуге кетеді, кешке сүлдері құрып, малмаңдай су болып келеді. Мағжан ауық-ауық күрсініп, отқа жылынып, еңсесі түсіп көп отырды. Отарба іңір түсе жүретін.
– Жазғаның бар ма, алып кетейін, елге жеткізейін, – дедім.
Мағжан мына сөзді естігенде бетінен қаны қашып, біртүрлі құлазып, басын шайқады.
Қоштасып, көз жасымды сығып жүріп жолға түстім… Кейінше, өзінен бұрын босаған бір жолдасынан өлең беріп жіберіпті. Мұңлы элегия секілді ауыр өлең. Бір шумағы есімде қалыпты. «Жігер, шіркін желінді, болат жеген қайрақтай, мешеу болды жүйрік ой, кететін орғып айдатпай». Мағжан осы азапты айдаудан 1936 жылы жаз шыға оралды. (Зылиха Жұмабаева апайдың айтқандарынан, ХХІ естелік дәптер, 17-18 беттерден)
“Жалын” журналы. 1991 жыл. 5,91 – Қыркүйек-Қазан