Халық жауының баласы деп екі ағамды тас атып өлтірген


Әкемнің өз кіндігінен бала болмаған. Өте бауырмал, балажан кісі еді, ұрпақ десе ішкен асын жерге қойып елжіреп отыратын. Осы мінезін байқаған інісі Қали өзінен туған Қазихан, Аумат деген екі ұлын әкемнің бауырына салыпты, ал Мәкен деген інісі өзінен туған Кәтез қызын әкеме беріпті, атына жаздырыпты. Қазихан 1910 жылы, Аумат 1915 жылы туған еді. Әкем халық жауы болып ұсталып, жер ауып жүргенде сол ауылдың әпербақан белсенділері Қазихан мен Ауматты ауылдан былай шығарып, тас атып, қорлап өлтірген. Бұл 1932 жылы болатын. Кәтез елден ертерек кетіп, гимназия тауысып, қызметке араласады. 1940 жылы туберкулез дертінен қайтыс болған еді. Өзім 1917 жылы туғанмын, шешем Сібірге айдалған кезде қасында болып, кейін Томскіде бөлініп қалдым. Томскіден аш-жалаңаш, «халық жауының жетімі» деген атты жамылып 1933 жылы Алматыға қайтып оралып келдім. Тұрмысқа шығар кезде – үш жасымды әдейі өсіріп, паспорт, өзге құжатқа туған жылымды 1914 жылы деп жаздырып жібергенмін.
әдрисафа апам аса реңді, бойшаң, қазақшаны тұтығып сөйлейтін, көгілдір көзді, ақ шашты (блондинка), төгілдіріп көйлек киетін кісі еді. Көйлегінің етегіне бір белдеу бүрме салатын. Басына ылғи шешетін суыртпақтап кесте жүргізген мережкелі ақ бәтес орамал салатын. Орамалына, көйлегінің омарауына жібек жіптен өрнек жүргізіп қоятын ісмер кісі еді. Бізге кесте тігуді, мережке салуды үйрететін. Гүлнар екеуіміз (Міржақыптың қызы) ине-жіпті қалай ұстауды сол Бәдрисафа апам үйретті.
Бал қосып пісірген шакшагін әкем ылғи мақтап, «біздің Сафа сұлу пісірген», – деп ауызға шымшып салып, шайды сораптап отыратын.
Апам әкемді қатты сыйлап «Төре» деп отыратын… Төре демалып жатыр… Төре жазу жазып отыр… деп аяғымыздың ұшымен жүргізіп үстіне кіргізе бермейтін. Өзі де алдынан кесе-көлденең өтпеуші еді.
Шолпан Ахметқызы Байсалова-Байтұрсынованың естелігінен.
“Жалын” журналы. 1991 жыл. 5,91 – Қыркүйек-Қазан