Хан көтеру рәсімі турасында нақты суреттеме дерек


Біздің заманға қазақтағы хан көтеру рәсімі турасында нақты суреттеме деректер жеткен.
Хан көтеру рәсімі жұма күні, ашық аспан астында өткізіледі. Жиналған жұрт кең майданда аттылы-жаяулы, алқақотан тұрады. Ортаға қымбат кілемдер, түрлі-түсті текемет, сырмақтар төселген, жібек көрпелер жайылған. Бұл – ең сыйлы жер, төр деп есептеледі. Төрде хан сайлауға тікелей қатынасқан ел ағалары мансап-дәрежесі, атақ-беделіне қарай, үш қатар, төрт қатар болып дөңгелене отырады. Қақ ортада, яғни төрдің төбесінде осы салтанатқа орай арнайы басылған, алтын әдіпті жұқа ақ киіз.
Жұрт орнығып, дабыра басылған соң бүкіл Ордаға танымал, атақ-абыройы зор ақсақалдардың бірі орнынан көтеріліп, жиналған жұртқа Ұлыстың ұлы кеңесінің шешімін жариялайды, хандыққа кімнің сайланбағын айтады. Бұдан соң елге танымал екі адам екі жағынан қолтықтап әкеп, болашақ тақ иесін төрдің төбесіне – ақ киіздің үстіне шығарады. Әлі хан емес, үміткер жалпы жұртқа бой көрсеткен соң, ақ киіздің қақ ортасына, құбылаға бет беріп, қол қусырып, малдасын құрып отырады. Енді хан сайлаудың екінші, көпшілік қауымға арналған және ең шешуші бөлігі басталады.
Ел ағалары – шешен билер, әскербасы батырлар, өздері те тақтан үміткер болған кейбір сұлтандар кезекпе-кезек тұрып, жамиғатқа қарата сөз сөйлейді. Барлық сөз болашақ ханның абзал қасиеттеріне арналады. Оның хан Шыңғыстан бастау алатын ата-тегінің асылдығы айтылады, оның берідегі аталарының ұлт мерейі жолында атқарған ұлы істері еске алынады; болашақ ханның өзінің жеке басының қасиетіне айрықша назар аударады; ақыл-парасаты, әділдігі, мәрттігі мадақталады, қол бастаған көсемдігі, жұртқа мәлім ерлік істері атап көрсетіледі. Мәне, осындай асылзада хан болса, алаш ұлының көсегесі көгереді, сондай да сондай жақсылықтар, игіліктер болады деп насихат айтылады.
Әдетте, әрбір шешеннің сөзін жұртшылық қостайды, мақұлдап айқайлайды, ризашылығын, қуынышын білдіреді. Ризашылығы болмаса, оны да ашық айтады. Мұндайда, болашақ ханның бетіне басар, ер ұялар іс болса, оның да сыртқа шығып қалуы ғажап емес. Тілеулестікпен қатар өкпе-наз, реніш білдіруі де мүмкін. Сыртта тұрған қандай дәрежедегі болмасын адамның өз пікірін айтуына шек жоқ. Өйткені хан сайлау – барша халыққа ортақ іс. Әлбетте, алдынала ойластырған, көпшілік болып келіскен істен кінәрат шыға қоймайды. Жұртшылық оң тілегін айтады, мұндай ірі тұлғаның хан сайлануын мақұлдайтынын білдіреді.
Осыдан соң ұлыстағы дінбасы ғұлама кәләм-шәрифтен дұға оқиды, шар тараптан жиналған жұртты пәтуаға келтіріп, хандыққа көтерілмек пендесіне бата жасайды. Бұдан кейін ұлыстағы айрықша беделді, алдынала белгіленген төрт кісі ортада малдас құрып отырған үміткерді ақ киіздің төрт бұрышынан алып, бастарынан асыра жоғары көтереді де, қайтадан жерге түсіреді. Хан сайлану рәсімінің ең түйінді шешімі – осы. Билікке жетті, таққа мінді деген мағынада айтылады. Ақ киізге көтерілді, хан көтерілді деген сөздердің түп төркіні осы рәсімде жатыр.
Әуелгі төрт адам ақ киізге көтерген сәттен бастап хан болып есептелетін әміршіні жаппай құтықтау басталады. Енді биік сайлауға тікелей қатысқан, басқа емес, дәл осы адамның таққа жетуіне үлес қосқан игі жақсылар кезектесе келіп, топ-тобымен келіп ақ киізде отырған ханды қайта-қайта көкке көтереді. Ханның үстіне, хан сайлау салтанатына жиналған жәмиғат үстіне алтын-күміс теңгелерден шашу шашылады.
Осыдан соң сайлаушы ел ағалары ханнның жейде-дамбалдан басқа сырт киімін түгел шешіндіреді, белдіктен жоғарғы киімдерді ханды алғаш көтерген төрт кісі алады. Одан басқасын хан сайлау кеңесінің қалған мүшелері тәбәрік ретінде бір жапырақ, жарым жапырақтан пышақ үстінде бөлісіп алады.
Енді ханға арнап тігілген алтын қалпақ, қамқа тон, зерлі шалбар, оқалы етік келеді. Құрметті ақсақалдар өз қолымен киіндіріп, бойынша бар жарағын асып, қолтықтап әкеп, алтын ер-тұрманды ағымақ атқа мінгізеді. Қазақ Ордасының ханы толық билік алды деген сөз.
Жалғасы бар…

Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінен алынды.
Дайындаған Рүстем Нүркен