Қазақ халқы өз тарихына отарлаушы көзімен қарап келді
Қазақ халқы осы уақытқа дейін, дәлірек айтқанда, 18-20 ғасырлардың ұзына бойында тарихқа империялық Ресейдің көзімен қарап келгеніне мән бере бермейді. Осы уақытқа дейін қазақ халқы оқыған адамзат тарихының парқы мен нарқы негізінен тоталитарлық системаның идеологиясы тұрғысынан жазылып келді. Бүгінгі ұрпақ сол талғам-танымнан тәрбие алып өскен. Қазіргі жер басып жүрген қазақтар Батыстан Шығысқа қарай аттанғандардың бәрін ұлы қолбасшылар ретінде танып, олардың үрім-бұтақ зәузатына дейін жаттап өсті. Ал, Шығыстан Батысқа қарай жорық жасағандар шетінен жабайылар, қанішерлер ретінде санаға сіңді. Мүйізі қарағайдай Ескендір Зұлқарнайынның Шығысты бетке алғанда 30-ақ мың жаяу әскерінің, 5-ақ мың атты әскерінің болғанына, ал Күлтегін Батысты бетке алғанда мұздай құрсанған 600 мың атты әскерінің болғанына тым болмаса тарихи салғастыру тұрғысында мән беріліп көрді ме екен?! Ескендірдің билік құрған аймақтары негізінен Азия құрлығының Жерорта теңізіне дейінгі аралықта бірнеше ғасырлар бойы қағанаттың асығын алшысынан түсіріп, түркі тілдес халықтардың біртұтас этникалық мәдениетін орнықтырды. Күні бүгінге дейін араларын 8-10 мың шақырымдық құрлықтар бөліп жатқан Шынжаң қазақтары мен Анадолы түріктерінің аудармасыз түсінісетіні сондықтан. Әрине, әділдікке дес берер болса, үш мың жыл бойы салтанат құрған салт атты көшпелілер әлемі адамзат тарихының ортақ шежіресі ретінде танылуға тиіс. Өкінішке орай, олай болмай келеді. Сайып келгенде, мұның өзі жалпы адамзаттық дамудың тарихына объективті ғылыми тұжырымдар жасауға нұқсан келтіруде. Сөз жоқ, оның зардабы әділдік сүйетіндер мен әділ ойлай білетіндердің бәріне ортақ.
Тағыда мысалдарға жүгінейік. Бүгінгі ұрпақ, көзін тырнап ашқаннан бері Америка үндістерін қанға бөктіріп, ғажайып мәдениетін мүлде жойып жіберген конкистадорларды «Американы ашушылар» деп келді. Немесе, Ресейдің отаршыл саясатына қолшоқпар болғандарды шетінен «Орта Азияның жабайылықтан құтқарушылар», «Сібірдің қараңғылығын нұрландырушылар» деп оқытты. Дәл осылай ортаазиялықтардың, сібірліктердің бірнеше ұрпағы өз бабаларын өздері тілдеуге, өз аталарын өздері қорлауға мәжбүр болды. Өйткені, дүниеге тек қана әрісі еуропалықтардың, берісі империялық Ресейдің көзімен қарау өмір заңы еді. Ең сұмдығы, мұндай сорақылық тек қана тарих пәнінің еншісі болып қойған жоқ. Сонымен бірге көркем әдебиет, кино, театр, бейнелеу өнері сияқты рухани өрістердің баршасына улы тамырын жая орнықты.
Әрине, империялық кеудемсоқтықтың ғұмырының қысқа екенін, түптің түбінде объективті ғылыми ақиқаттың салтанат құратынын көңілге жұбаныш етуге болар. Бірақ, қаншама ұрпақтың санасы уланды, қаншама ұрпақ әлі де рухани жарымжан десеңізші!
Ақселеу Сейдімбек.
«Қазақ әлемі» еңбегінен алынды